Қазақстан • 07 Ақпан, 2018

«Егемен Қазақстан» газеті 2017 жылғы жұмысын қорытындылады

683 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Орталық Коммуникациялар қызметінде «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырəлі 2017 жылдың жұмыс қорытындысы мен 2018 жылға арналған даму бағыттары туралы баспасөз конференциясын өткізді.

 

«Егемен Қазақстан» газеті 2017 жылғы жұмысын қорытындылады

«Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетінің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатына келіп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін!

Өткен 2017 жылы «Егемен Қазақстан» газеті Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бекіткен «Стратегиялық даму тұжырымдамасына» сәйкес, 2017 жылы алдына қойған барлық мақсат-міндеттерді толықтай іске асырды.

Біз осы тұжырымдамада газеттің шығармашылық-өндірістік қызметінде «сегіз с-дан» тұратын қағидатты басшылыққа алатынымызды жариялаған едік. Соның ішінде сенімді ақпарат, сауатты әрі сапалы сараптама, сыни мақалаларға көбірек орын беріп, сайтты жаңғыртуға күш салдық. Нәтижесінде бас басылымда форматтық, дизайндық және мазмұндық өзгерістер түбегейлі орнықты. «Егемен Қазақстан» мемлекеттік саясаттың бас жаршысы әрі ақпарат айдынындағы флагманы ретіндегі рөлін айтарлықтай күшейтті», деді Дархан Қыдырəлі.

Оның сөзінше, «газет оқылмайды» деген пікірлер айтылып жүргеніне қарамастан «Егеменнің» тәжірибесі мен жетістіктері жыл сайын артып келеді. Бұған дəлел ретінде «Егемен Қазақстанның» Басқарма төрағасы былтырғы негізгі көрсеткіштерін атап өтті.

«Газеттің «Стратегиялық даму тұжырымдамасындағы» міндеттерді табысты жүзеге асыру арқылы 2017 жылы тираж саны бойынша Қазақстан басылымдары арасында ең жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Былтыр тиражымыз 204 мыңнан асты. 2018 жылға жазылым науқаны жүріп жатыр, қазіргі көрсеткіш – ҚазПошта бойынша 206 мыңнан асып отыр», деді Дархан Қыдырəлі. Басқарма төрағасының айтуынша, басылым ақпарат нарығына, оқырмандар контингентіне талдау жасай отырып, газет материалдарының сараптамалық сипатын арттыруға күш салған. «Егемен» оқырмандарының басым бөлігі бюджет қызметкерлері, соның ішінде мұғалімдер екенін ескере отырып, мұғалімдер мен мектеп оқушыларына («Тәлім», «ҰБТ-ға дайындық», «Білім»), жалпы көпшілікке («Әдебиет», «Әйел әлемі») арналған жобаларды қолға алған.

«Жаңадан айдарлар ашу арқылы газеттің ресми қырынан бөлек, бұқаралық сипаты мен мазмұны ұлғайды. Халықты, қалың көпшілікті толғандыратын, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар өзекті мәселелерді жиі көтеріп, оларды бірінші беттен бастап жариялауға басымдық берілді. Нәтижесінде, «Егеменде» көтерілген мәселелер қоғамдық резонанс тудырып, тиісті мемлекеттік органдардың назарына ілікті.

Осылайша газет мемлекеттік саясатты халыққа жеткізумен қатар, халықтың сөзін де тиісті құзіретті органдарға жеткізуші рөлін күшейтті», деді Дархан Қыдырəлі. Сонымен қатар ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ең алдымен «Егеменде» жарық көргенін еске алды. «Мақаланы көптеген шетелдік басылымдар бізден көшіріп басты, газетімізге және сайтымызға сілтеме жасады. Осы жайт та газеттің республика ішінде ғана емес, одан тысқары елдерде танылуына өзіндік ықпалын тигізді. Ал осы тақырып аясында «Егеменнің» өзінде ғана мыңға жуық материал жарияланды», деді ол.

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан»