Қазақстан • 07 Ақпан, 2018

Құқық қорғау саласын гуманизациялау бағытындағы жұмыстар

378 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біз қазір баса маңыз беріп отырған цифрландыру шараларын жүзеге асыру барысында  еліміздің құқық қорғау саласын гуманизациялау бағытындағы жұмыстарға да серпін беруіміз керек. Дәл осы мақсаттың түпкілікті міндетке айналу жолдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да нақты айтылған. 

Құқық қорғау саласын гуманизациялау бағытындағы жұмыстар

Елбасы отандық заң жүйе­сіне аза­­­мат­тардың консти­ту­ция­лық құ­қық­­­тарын сақтау, оның үстем­ді­гін қам­тамасыз ету, құқық қор­ғау қыз­­метін гум­манизациялау мақ­са­тын­­да бір­қатар жауапкершілік жү­к­­теді. Соның бір парасы­ адам­дардың қауіп­сіздігін қам­­­тамасыз ету үшін жаңа за­­ман­ғы технологиялық керек-жа­рақтарды қолданысқа кеңінен ен­гізуге қатысты.  

Қоғам ізгілікке қарай іл­гері­­­леген сайын азаматтық ар-­ож­даннан, кісілік ұяттан жұр­дай әрекет-қылықтар аза­йып, өмір сүріп отырған  ортамыз тір­­шілік үшін  қауіпсіз мекенге ай­на­лат­ыны анық. Нақтысы, жақсы­лық­қа қарай басқан кез келген қадам қо­ғам­ды ізгілікке бастайды. Осы орай­­да  құқық қорғау саласының жұ­­мы­­­сын­дағы ашықтық пен әділет ұс­­та­нымына қоса, азаматтар та­рапы­нан көрсетілетін құрмет пен сенім, тәр­тіп­сүйгіштік пен бар­лық заң бұзу­дың жолын кесуге ынта білдіруі сияқты па­рызға да адалдық қажет-ақ. Қо­ғамның ізгіленуі деген осы болса керек-ті.

Бейнекамералар қаланы қауіпсіз ете ме?

Мәселен, қалалар мен елді мекен­дерді смарт техноло­гия­лар арқылы бейнеба­қы­лауға алу қарулы күзет пен­ сым­те­мірлі қоршауларға қа­ра­ған­да, анағұрлым тиімді әрі өрелі еке­ні аян. Бұл бір жағынан қа­уіпсіздікті қам­тамасыз етудің жа­ңа интеллек­туал сатысына кө­шуге әрі еліміздегі цифрландыру жұ­мыс­тарының жедел жүруіне де жол ашпақ.

Қазір «Қауіпсіз қала» талабына сай бейнебақылау құрыл­ғыларын іске қосу басты назарда. Бұл жұмыс нәтиежесіз де емес. Әсіресе, жұмыс қарқыны Ас­тана, Алматы сияқты үлкен қалалардың шеңберінде қалып қоймай, аймаққа да жылдам аяқ басқаны ауыз толтырып ай­татындай жетістік. Мысалға, Алматы облысындағы тұр­ғын­­дар көп шоғырланған елді ме­кендерді бейнебақылау ка­ме­­раларымен жабдықтау қар­қынды жалғасып келеді. 2017 жылы өңірдегі 10 әкімшілік ор­талыққа жалпы саны 766 сыртқы бейнебақылау ка­ме­ралары ор­натылған екен.­ Бейнебақылау құрыл­ғы­­ла­рының саны жөнінен Тал­ды­қорған қаласы алда тұр. Облыс орталығындағы бей­сауыт жүрісті қалт жібер­мей­тін 669 камера жұмыс іс­тей­ді. Және аталған құрылғы­лар­дың барлығы ішкі істер ор­гандарының басқару орталы­ғана тікелей жалғанған, бұл тәр­­тіп сақшыларының жедел дабыл беру мен жедел әре­кет ету мүмкіндігін еселеп арт­тыр­ған. Биылғы жылы Жар­кент, Қап­шағай, Қаскелең, Те­келі сияқты шағын қалаларда та­ғы 550 камера орнатылатын бо­лады.

Әрине, Алматы облысын­дағы құқық қорғау саласын ци­ф­р­ландыру жұ­мыс­тары бей­­не­камералар орнатумен шек­телмейді. Мысалға, 2017 жы­лы Тал­ды­қорған қаласы мен Ескелді, Көк­су аудандық ішкі істер бөлімдерінде «Элек­­­трон­ды қылмыстық іс» модулі арқы­­лы сот ғимараты мен уа­қыт­ша ұстау изо­ля­­торы ара­­­сын­да онлайн режімінде бей­­­­­не­­кон­ференциялық бай­ла­нысқа қосы­­лу жолға қо­йы­лып, оған қажетті 25 бір­­лік тех­никалық жабдық ор­на­тылған. Бұл өз кезегінде біз сөз етіп отырған құ­қық қор­­ғау саласының қызметтік мін­­де­­тін жүзеге асыруы мен гуманизм қағи­дат­­та­рының салтанат құ­руына жасалған оң қадам ретінде бағалануы керек-ақ.

Смарт технология полиция имиджін көтере ме?

Тәртіп сақшыларының әлеу­­мет ал­дындағы жағымсыз ке­йіп­кер бей­несінен арылуына, полицияның оң ими­джін қа­лып­тастыруға дәл осы смарт жүйе­лер септігін тигізіп отыр­­ғаны рас. Әсіресе, жол-па­труль поли­ция­сының 810 қыз­­­мет­керінің  порта­тивтік бей­­не­тіркегіштермен жаб­дық­талуы заң бұзушылар тарапынан да, қызметкерлер жа­ғынан да оң­ нәтиже көрсете бас­таған. Бей­нежетонды бай­қаған жолаушы бұрынғыдай мәсе­лені «бармақ басты, көз қыстымен» шешуге батыл­дық таныта алмайтыны бай­қалған. Әрине, бұл жол полициясы қызметкерінің жем­қорлықтан ада болуына да ықпал ететіні сөзсіз.

Қазір жол-патруль полициясы бейне деректерді жүктеу және сақ­тау жүйелерімен 93 пайызға қам­тамасыз етілген. Оны 100 пайызға жеткізу үшін биыл тағы 61 құрал сатып алын­бақшы. Сон­дай-ақ жақында облыс­тағы 250 полиция экипа­жы планшет­термен, принтерлермен және электронды хат­тамалар­ жасау­ға арналған төлем терми­нал­­дарымен то­лықтай жаб­дық­­талады.  Мұның сыртында биыл облыс елді ме­кен­­де­рінің геоақпараттық картасы жаңартылып, 741 бекет  «Қыл­мыстық құқық бұ­зу­шылықтар картасы» порталына қосылатын болады.

Тәртіп сақшысы... тәртіп бұзуына бола ма?

Айтпақшы, полиция имид­жі дегеннен шығады... Жа­қын­да облыстық ішкі істер де­­партаментінің 2017 жылғы жұ­мысы қорытындыланған еді. Сон­да көңілге кірбің түсі­ретін деректер де жария болды. Сөз, әрине, ішкі істер қыз­мет­керлерінің тәртібіне қа­тысты. Был­тыр 31 полицейге қатысты 33 қылмыстық іс қоз­ғалған екен. Оның ішінде 23 па­ра алу фактісі, 2  лауазымдық уә­кі­леттігін асыра пайдалану, 2 ла­уазымдық уәкілеттігін те­ріс мақ­сатқа пайдалану, 2 алаяқтық, 1 қызметтегі әре­кетсіздік, 1 сал­­­ғырттық, 1 кінәсіз адамды­ қылмыстық жа­уаптылыққа мәж­­бүрлеп көн­діру және біреуі заң­­сыз көші-қон ұйымдастыру сияқты келеңсіздік орын алған. Ал сы­байлас жемқорлыққа қа­­­тысты 29 қылмыстық әре­кет анықталған екен. Мұ­ның сыр­тында әкімшілік жауап­кер­шілікке 72 қызметкер, тәр­тіптік жазаға 16 қызметкер тартылыпты. Сондай-ақ түр­лі жағдайдағы жол-көлік оқи­ғасына  26 полицей себепкер болған...

Әрине, облыстық ішкі іс­тер департаментінің өт­кен­ мер­зімдегі жұмыс қоры­тын­дысында жағымды істер де айтылды. Мысалға, 2017 жылы Алматы облысының аумағында орын алған жол-көлік оқи­ға­сының саны арғы жылмен са­лыстырғанда азайған.

Облыс жол­­дарында 2016 жылы 2086 апатты жағдай тіркелсе, бұл көр­сеткіш 2017 жылы 1934 оқи­ғаға дейін төмендегені қуан­­тады. Әділін айтуымыз ке­рек, қылмыспен күрес пен ал­дын алу жұмыстарына жеті­сулық тәртіп сақшылары жұ­мы­ла кірісіп, барынша нәти­желі әрекет етуде. Ішкі іс­тер­ органдарының жұмысын жан­дандыру мақсатында Ал­маты облысы әкімдігі тарапы­нан қаржыландыру үлесі ар­тып, 2017 жылы бюджет қор­жынынан 11,9 млрд теңге бө­лінген. Бірақ аймақтағы қыл­мыстық ахуал қалыпты жағ­дайда болғанымен, кейбір ба­ғыттар бойынша алаңдауға негіз бар. Мысалға, бір жыл ішінде пә­тер тонау мен ұялы телефон ұрлау фактілері азаймай отыр. Есепті кезеңде үй тонау – 7,1 пайызға, телефон ұрлау 5,8 па­йызға көбейген.

Тағы бір жағымды жа­ңа­лық жетісулық құқық қор­ғау­шылардың бастамасымен «Мал­шы – мал иесі – жергілікті ат­қарушы орган» негізінде үш жақ­ты келісім жасау мен малды жаю ережелерінің жобалары бекітіліп, қабылданды. Бұл өз кезегінде аймақтағы  мал ұр­лығының алдын алуға үлкен кө­мек болып отыр. Бұл басқа өңір­лердің үйренетін үрдісі болса дейміз...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы