Қазақстан • 07 Ақпан, 2018

Еліміз­де байлар тарапынан әлеуметтік қолдау ісі әлі де сирек - Сұңғат Әліпбай

518 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде адамдар арасындағы табыс айырмашылығының алшақтай түс­кені бұқаралық ақпарат құрал­да­рын­да ауық-ауық сөз болып қояды. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айында finprom.kz сараптама порталы Қазақстанда байлар мен кедей­лердің табысы арасындағы айыр­ма­шылық жылдан-жылға алшақтап ба­рады, деген тақырыпта хабар тара­т­қан болатын.

«Атамекен» телеарнасы арқылы бе­рілген хабарға қарағанда, 2017 жыл­дың екінші тоқсанында оның алдындағы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда еліміздегі бай адам­дар­дың табысы 15,8 пайызға өссе, ең кедей адамдардың табысы 9,1 пайызға ғана көтерілген.

Еліміз­де байлар тарапынан әлеуметтік қолдау ісі әлі де сирек - Сұңғат Әліпбай

«Соңғы көрсеткіштерге сүй­ен­сек, кедей мен бай табы­сының а­йыр­машылығы 5,8 есе болды. Әлеуметтік аз қамтыл­ған­дар та­бысының төмендеуі 2016 жыл­дың соңы­нан бері байқалуда. Тұр­­мысы төмендердің та­бы­сы­ның 54,7 пайызы азық-түлік алуға ке­теді. Ал аяқ киім, техника, киім секілді азық­тық емес зат алуға кедейлердің ақ­ша­сы жете бер­мейді. Егер 2012-2013 жыл­­да­ры кедейлер мұндай заттарға та­­бы­сының 30 пайызын жұмсаса, қа­з­ір тек 20 пайызға жетер-жет­песін ғана жаратуға тырысады», делінген портал хабарында.

Ал әлем бойынша алғанда, жағдайдың бұдан да күрделене түскендігі жуықта Швейцарияда өткен дәстүрлі Давос фору­мын­да мәлім болды. Форум сарап­шы­ла­­ры адамдар арасындағы табыс айыр­машылығының алшақтауы қор­қы­ныш­ты дең­гейге дейін жеткендігін мә­лім­деді. Мұн­дай алаңдаушылық Давос форумына қатысып, АҚШ экономикасының енді тек көтерілу жағына қарай бет түзе­гендігі, ал бұл жағдайдың бүкіл әлем эко­номикасына жа­ғым­ды әсер ете­тін­ді­гі ту­ралы мә­лім­деген осы елдің пре­зи­денті Дональд Трамптың сөзінен кейін ту­ын­да­ған көтеріңкі көңіл күйді қайта сейілтіп жі­берді. 

Форум қарсаңында Оксфам (Oxfam) ұйымы қоғамдағы мате­ри­алдық алшақ­тық­тың етек алуы туралы кезекті есебін жа­риялаған болатын. Форум барысында бұл есеп көптеген талқылауларға өзек болды.

Оксфам – әлемнің 90-нан ас­там елінде жұ­мыс істейтін 17 ұйымнан тұратын ха­лық­ара­лық бірлестік. Басты мақсаты бү­кіл әлем бойынша кедейлік және онымен қа­бат­таса жүретін әлеу­меттік әділетсіздік проб­лемасының шешілуіне атсалысу бо­лып табылады. 1942 жылы Оксфард қал­а­сында құрыл­ған­дықтан Оксфам аталып кеткен.

Міне, осы ұйымның жаңа есебі бойынша, әлемдік байлықтың 82 пайызы Жер тұрғындарының 1 пай­ызының ғана қолына шоғыр­ла­нып үлгерген. Соңғы бір жыл­дың ішінде планетаның бай а­дам­дарының активтері 762 млрд долларға өскен. 

Тағы бір сенсация: 2017 жылы адам­зат­тың бүкіл тарихын­да долларлық милли­ар­дерлер саны­ның жаңа рекордттық өсімі тір­­кел­ді. Әлемде олардың саны 2043 адам­­ға жетті.

Оксфамның атап көрсетуі бойынша, миллиардерлердің бай­лығы 2010 жыл­дан бері 13 пай­ызға өсті. Бұл – қара­пай­ым ха­­лық арасындағы жұмысшы жа­л­а­­қы­сы­ның өсімінен 6 есе жедел өсім болып табылады.

Баяндама авторлары плане­та­­ның аса дәу­летті адамдары жұ­мысшылар мен қыз­­мет­ші­лер­дің еңбек жағдайы мен жа­­ла­­­­­қыларының нашарлауы есе­бі­нен бай­ып отыр деген қорытын­­­ды­ға келген. Қа­рапайым жұ­­мыс­шы­лардың еңбек­ақы­лары қы­с­қар­тылғанымен компания ак­ци­­о­нер­ле­рінің төлемдері тек өсу үстінде бол­ған. 

Оксфамның атқарушы директоры Винни Бьянимнің мәлім­деу­інше, миллиар­дерлер са­ны­ның артуы экономиканың да­муын емес, экономикалық жүйе мен оның тәртібінің құлдырауын білдіреді. Ки­ім тігушілер, машина жөндеушілер, план­тациялардан кофе жинаушылар, басқа да еңбек адамдары арзан тауарлардың ағы­мын тудырып, ірі корпорациялардың бай­лыққа кенелуі үшін қанауға тап болуда.

Ол бұған мысал ретінде Вьет­намда ті­гінші әйелдің үнемі жұмыс­та жүре­тін­діктен айлар бойы өз балаларын көр­мей­тін­дігін, ал АҚШ-та құс фабри­касы жұ­­мыс­шыларының еңбек орнына памперс­пен келуге мәжбүр екендігін, өйткені олар­ға ауысым кезінде дәретханаға ба­ру­ғ­а рұқ­сат берілмейтіндігін айтты. Ал мұн­дай фабриканың бас директоры жұ­мыс­шы адамның бір жыл­да алатын ең­бек­ақысын бір-екі күннің ішінде ғана табатын көрі­неді. 
Оксфамның былтырғы жылы жасаған баяндамасында әлемдегі ең бай 8 адамның капитал жи­ын­тығы, әлем халқының тең жар­ты­сының жиынтық кірісімен теңе­сіп, 425 млрд долларды құра­ғандығы жазылған бо­латын.

«Әлемнің ең бай сегіз адамы – Билл Гейтс, Амансио Ортега, Уоррен Баффетт, Карлос Слим, Джефф Безос, Марк Цукерберг, Лари Эллисон, Майкл Блум­бе­рг­тің қолында осыншама қаржының тең жартысы шоғырланған, қалған бөлігі 3,6 млрд адамға бөлін­ген. Сонда әрбір қара­пай­ым адамның қолындағы капитал бар бол­ғаны 118 долларды құрайды», делінген был­тырғы баяндамада.

Ал биылғы есеп қорытын­ды­сына сәй­кес Оксфам­ның Гер­маниядағы бөлім­­­ше­сінің басшы­сы Йорг Калински байлар тобы азшылық болса да, олардың сая­си ше­шім­дерге ықпалы жү­ре­тіндігін, сөй­тіп өз табыстарын ұлғайту үшін са­лық­тар мен жа­лақыларды жөнсіз қыс­қар­ту­ларға қол жеткізгендігін сынады. 

Осындай жағдайға орай Оксфам бай адамдарды салықтан босату тәжірибесін тоқтатуды, ерлер мен әйелдер арасында та­бысты бөлуді неғұрлым әді­лет­ті жүр­гі­зуді, сондай-ақ білім мен ден­сау­лық­қа бөлінетін қаржыны көбейтуді талап етті.

Давос форумына қатысқан сарап­­шылар әлеуметтік теңсіз­дікті жаһан­дық деңгейдегі 50 тәуекелдің ең өткір­ле­рі­нің бірі деп есептейді. Олар табыс айыр­ма­шы­лығындағы мұншама ал­шақ­­тықты жою үшін мемлекет тара­­пынан ат­қа­ры­луға тиісті шара­лар кешенін ұсын­ған. Олар­­дың арасында салық жүк­те­месін та­бысқа байланысты бөлу, ақы­сыз медицинаны, мемлекеттік қыз­мет пен білім беруді инвестициялау шаралары бар. 
Экономика ғылымдарының докторы Игорь Николаевтың атап көрсеткеніндей, адамдар ара­сындағы табыс айырма­шы­лы­ғының мұншама алшақтауы әлеуметтік сіл­кіністер туғызбай қоймайды. «Өйткені бұл жағдай адам­дардың еңсесін түсіріп, күй­зе­лісін тудырады. Ақыр аяғында ең­бек­т­ің өнімділігіне, бизнес жүр­гізуге де те­ріс әсер ететін бо­ла­ды», дейді ол. 

Адамдар арасындағы табыс айыр­ма­шы­лығының ұлғаюына тек сарапшылар мен ғалымдар, саясаткерлер ғана емес, сол бай­лар­дың өздері де алаңдаушылық та­ныта бас­тағандығы бұрыннан бел­гілі. Мәселен, әлем­нің ең бай адамы Билл Гейтс осыдан біраз жыл бұрын өзінің 75 миллиард долларлық қаржы ка­пи­талының үштен бір бөлі­гін қайырымдылық қорына тап­сырған бо­латын. Сондай-ақ ол атақты инвестор Уоррен Баффеттпен бірігіп «Клятва дарения» атты филантроптық компания құрып, миллиардерлер мен миллионерлерді осы компанияға қосылуға, өз байлық­та­рының бір бөлігін қоғамға беру­ге шақырды. Өзі өлгеннен кей­ін жеке байлығы тұтастай қоғам­ға беріліп, балаларының алаң­сыз өмірі үшін бірнеше милли­он доллар ғана өз есептерінде қа­ла­тындығын мәлімдеді. 

Билл Гейтс пен Уоррен Баффеттің бұл бас­тамасына әлем­­­нің 500-ден астам бай адамы қол­дау білдірді. Олардың ара­сын­да Ресей миллиардері Вла­димир Потанин де бар.

Атақты байлардың міне, осын­дай ұм­ты­лыстарына қара­мас­­тан, әлемдік капи­та­л­дың жеке қолдарға шоғырлану үдерісі тоқ­тар емес. Давостағы соңғы форум көрсеткендей, тіпті бұл келеңсіз құбылыс бұрынғыдан да күшейе түскен. Соған қарағанда, әлемдік экономикалық жүйе мен тәртіп бұзылды деген тұжырым әбден рас болуы мүмкін.

Егер Қазақстанға келсек, біз­дің еліміз­де байлар тарапынан қайы­рымдылық қор­­ларын құру, ха­лыққа демеушілік, әлеу­мет­тік көмектер көрсететін құры­лымдар қа­лыптастырып, мемлекет мойнындағы жүктің біраз бөлігін өз қолдарына алу секілді шарапатты шаралар әлі де өте сирек кездесуде. Әрине, құр алақан емеспіз. Қазақстанның ең бай адамдарының қол­дау­ымен құрылған «Аналар үйі», BI Group құрылыс-инвестициялық ком­паниясының басшысы Айдын Рахым­баевтың бастамасымен дүниеге келген «BI Жұлдызай» секілді бірқатар қорлар сәтті жұмыс істеуде. 

Бірақ еліміздегі демеушілік, қай­ырым­ды­лық шаралары, биз­нестің әлеуметтік жау­ап­­кершілігі мә­селелері қазақ халқы­ның дар­хан көңіліне сәйкес дейтін дәре­жеде өріс алып кете алмай тұр.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»