Қазақстан • 07 Ақпан, 2018

Қаржы технологияларын дамыту бойынша зертхана құрылмақ

472 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Алматы менеджмент университеті» (бұдан әрі - AlmaU) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, қаржы технологияларды дамыту бойынша зертхананы құру туралы келісімге келді.

Қаржы технологияларын дамыту бойынша зертхана құрылмақ

Құжаттарға «АХҚО әкімшілігі» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Құсайынов пен AlmaU ректоры Гүлмира Құрғанбаева қол қойды.

Зертхананың қызметі қаржы технологиялары саласындағы инновациялық шешімдерді зерделеуді, кадрларды даярлауды және Қазақстанда пилоттық финтех жобаларды іске қосуды көздейтін болады.

«Біздің басты міндетіміз финтех жобалардың дамуына барынша қолайлы жағдай жасау. Қойылған міндетке қол жеткізудің негізгі факторы ретінде құзыреттілік пен нарықта кәсіби кадрлардың болуын айтар едім. Сондықтан АХҚО мен Алматы менеджмент университеті арасындағы ынтымақтастық қаржы технологиялары экожүйесінің барлық қатысушыларына пайдалы болатынына сенемін», - деді «АХҚО әкімшілігі» АҚ цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Ә. Жиенбаева.

AlmaU Президенті Асылбек Қожахметов АХҚО-ның қолдауымен AlmaU-да финтех зертхананың құрылуы IT-технологиялардың нақты бизнеспен ықпалдасуындағы маңызды қадам екендігін атап өтті.

«Әсіресе университетіміздегі Double Major қос диплом және Major Minor бағдарламалары іске асырылып отырғанын және сол бағдармалардың шеңберінде студенттер қаржы мамандығын оқи отырып, екінші қосымша «Ақпараттық технологиялар» мамандығын немесе керісінше тандай алатындығын ескерсек, «AlmaU үшін АХҚО-мен осы салада ынтымақтастық жасауы өте маңызды. Осылайша, біз осы салаларды бірден қамтитын мамандарды – осы саланың цифрлық дамуы жөнінде өзіндік ой-пікірі бар қаржыгерлерді дайындап отырмыз», - деді AlmaU Президенті.

Құжатқа сәйкес, тараптар қаржы технологиялармен жұмыс істеу бойынша студенттер мен мамандардың құзыреттілігін арттыру мақсатында біріккен ғылыми-білім беру шараларын семинарлар, тренингтер және конференцияларды өткізуге ниеттеніп отыр.