Қазақстан • 08 Ақпан, 2018

Ауғанстанға көмек мәселесі талқыланды

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ауғанстанға көмек мәселесі талқыланды

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан­ның сыртқы саясат ведомствосының БҰҰ Даму бағд­арламасымен (БҰҰ ДБ) және Жапон­­ия ха­лық­аралық ынтымақтастық агент­ті­гі­мен (JICA) әріптестікте іске асырып жат­қан «Ауғанстан мен ДРК (Дамуға ресми көмек) саласындағы ынтымақтастығына Қазақстанға жәрдемдесу» жобасын басқару комитетінің II отырысы өтті. Жобаны іске асыру туралы уағдаластық Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің 2015 жылғы қазандағы бірлескен мәлім­демесінде бекітілген болатын.

Іс-шарада СІМ Сыртқы экономикалық сая­сат департаментінің директоры – жобаның ұлт­тық үйлестірушісі Олжас Исабеков, Ауған­станның Қазақстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Кадам Шах Шахим, БҰҰ Даму бағ­дар­ламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, Жапония елшілігінің дипломаттары және еліміздің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысты. Семинарға арнайы қатысу үшін JICA-ның Токиодағы штаб-пәтерінің сарапшылары, сондай-ақ Жапония агенттігінің Бішкектегі өңірлік кеңсесінің өкілдері келді.

Өзінің алғы сөзінде О.Исабеков отырысқа қатысушыларды елімізде дамуға ресми көмек (ДРК) ұлттық жүйесін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар турасында хабардар етті. ДРК саласындағы қазақстандық қанатқақты жобаларды іске асыру мәселелері бойынша Қазақстанның халық­аралық әріптестермен, соның ішінде JICA, БҰҰ ДБ-мен жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылды ерек­ше атап өтті. Ол болашақта бұл салада жа­ңа қанатқақты жобаларды іске асыру бойын­ша бірлескен жұмыс жүргізуге қатысты қазақ­стандық тараптың дайын екендігін білдірді.

Отырыс аясында БҰҰ ДБ өкілдігінің жоба менеджері Генадий Рау аталған жобаны іске асыру барысындағы 2017 жылы орындал­ған жұмыс туралы таныстырылым өткізді. Сонымен қатар ол отырысқа қатысушы­ларды 2018 жылғы 30 наурыз – 12 сәуір аралығында Астана қаласында Ауғанстанның мемлекеттік қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдары өкілдеріне арналған Ана және бала денсаулығын сақтау семинарын өткізуді көздейтін 2018 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.

Жалпы бұл жобаның бірегейлігі – мем­лекеттік басқару және денсаулық сақтау салаларында ауған мамандарының әлеуетін арттырумен қоса, еліміздің мемлекеттік орган­дары өкілдерінің ДРК саласындағы сарап­шылық әлеуетін дамыту болып табылады. Бұған дейін аталған жоба аясында Қазақстан мемлекеттік органдары өкілдерінің Душанбе, Бішкек және Токиоға таныстыру сапарлары ұйымдастырылғанын атап өткен жөн,  деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.