Руханият • 08 Ақпан, 2018

Отбасы – ізгілік қайнары

1389 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Отбасы – ізгілік қайнары

Рухани жаңғыру – жаңашыл­дық­қа қол жеткізу, заманның же­тіс­тігін бағындыру, сонымен бір­ге елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алу деген сөз. Адами құн­ды­лықтар, рухани қазына арқылы жас­­тарды тәрбиелеуге, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігі туындап отыр. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік, әрі ұлттың алға ілгерілеуіне қозғаушы күш дер едік. Бұл – тәуелсіз еліміздің ба­қыт­ты болашағы мен алаңсыз ке­ле­шегі үшін жасалып жатқан жұ­мыс. Отбасындағы ізгілік тәр­биесін дамыту көп ғасырлық ха­лық педагогикасына және ба­ла­ларды жалпыадамзаттық құн­ды­лықтарға оқытудың әлемдік тәжірибесіне негізделген. Әр адамның өмірінде отбасы оның өзіндік санасы қалыптасуының алғашқы баспалдағы болып табылады. Отбасында баланың болмысы, қарым-қатынас жасауындағы бі­ліктілігі мен дағдысы жеті­ліп, оның адамгершілік бей­несі мен кәсіби тұрғыдан өзі­нің орнын өзі табу қабілеті қалып­та­сады. Отбасы ұлттың, елдің, әлем­нің, адамзаттың негізі және сондықтан да отбасында дұ­рыс қарым-қатынас орната білу қажет. Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде. Баланы отбасында дұрыс тәрбиелеу оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Жас жет­кін­шекке жанұяда дұрыс тәрбие беріл­се, болашақта одан үлкен нә­тиже күтуге болады. Дұрыс тәр­бие алған бала ата-анасын қуантып отырады.

Балаға дұрыс тәрбие берудің өзекті бір саласы жас жеткіншектің еңбекке деген әлеуметтік көз­қа­ра­­сын қалыптастыру болып табы­­лады. Бұны тек мұғалімдер ғана емес, әрбір ата-ана қолға алып, өз балаларының игілікті іске қатысуын қадағалап отыруы керек. Еліміздің болашағы ертең­гі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені даусыз.. Ата-аналар бала­ла­рының бойынан жат қылық көрсе, мұғалімдерді, жолдастарын, қоғамды кінәлаудан гөрі, «баламды тәрбиелеуде қай жерден ағаттық кетті, балам­ның бойына жақсы әдет сіңіруде, жақ­­сы тәрбие беруде қай жерден жаңылдым» деген ой түйсе екен. Адам баласының шыр етіп өмірге келгенде көретіні ата-ана, ал ата-ана өмірінің жалғасы – бала. Баласының керемет ғалым болмаса да, тәрбиелі, үлгілі, ақылды кішіпейіл, бауырмал, мейірімді болып өсуін ата-ана қадағалайды.

«Тәрбие басы  – тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін дана сөздер текке айтылмаса керек. Баланы тәрбиелеуде ата-ананың бір-біріне деген қарым - қатынасы, қалай сөйлесетіндігі, туған-туыспен, көрші-көлеммен қалай араласатындығы, келген қонақты қалай сыйлайтыны, тіпті ұсақ-түйек болса да, қалай тамақтанатыны, дастархан басындағы әдептілігі, қалай киінетіні – бұның барлығы балаға әсер етеді. Бала үлкенге қарап өседі. Баланы үнемі ұрып-соғып емес, қателескен жерін ақылмен, мысал келтіре отырып, түсіндіре тәрбиелеу керек.

Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан-дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерек­ше­­ліктерді жете білгені жөн. Бала­лар­мен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды.

Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шешенің ұл-қыздары­мен үй шаруасында жүріп-ақ әң­гі­­мелесіп, ой бөлісуіне не кедергі?! Баланы мектепке апарып, қайтар жолда сырласып әң­гімелесуге болатынын естен шы­ғармаған жөн. Бала мектепте болған жайды әңгімелеп, достары жайлы ой-пікірімен бөліскісі келеді. Баланы уақытым жоқ деп тыйып тастамай, сұрақтарына жауап беріп, өз пікіріңізді ортаға салсаңыз, оның ойында дұрыс пікір қалыптастырады.

 Бала дегеніміз – болашақ. Бала­ла­рымызды қалай тәрбие­ле­сек болашағымыз солай болмақ, «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәр­биелейміз, қыз тәрбиелей оты­рып, ұлтты тәрбиелейміз».

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз беріл­ген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның бар­лық өміріне апат әкеледі» – дей­ді әл-Фараби. Жас ұрпаққа тә­лім-тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы, ата-аналар болып қол­ға алсақ, болашағымыз жар­қын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке баулып, ата-баба салт-дәстүрін құрметтей білуге ұрпақ тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.

Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Еге­менді еліміздің ертеңгі бола­шағы – тәрбиелі ұрпақ.. Әр ұлттың тарихи дамуында ерте заманнан қалыптасып келе жатқан рухани асыл мұрасы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жет­кін­­шек ұрпақты адалдыққа, адам­гер­шілікке, жақсылыққа үн­деп, олар­дың сана-сезімін, дүние­та­нымдық қабілетін дамытуды көздейді. Елбасы рухани жаң­ғы­рудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Әрбір азаматты өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлес қосуға үндейді. Ел­­ді қадірлеу туған жердің рухын бойға сіңіріп өсуден бас­тал­ған. Жас буын өкілдері ха­лық­­тың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қа­сиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың ма­ңыз­­дылығы зор. Мәңгілік жал­пы­­адамзаттық құндылықтарға не­гіз­делген бағдарламаны жүзеге асы­ру арқылы «Мәңгілік Елдің» бо­лашағын құра аламыз.

Рухани жаңғыру – ұлттың, бола­шақтың болмысына тән құбы­лыс және халыққа ортақ ұғым, ортақ ұстаным, тарихи қажет­тілік. Ал сананың дамуымен қа­тар жүретін нәрселер – еңбек, бі­лім, адамгершілік және кісілік дең­гейде ойлау. Әр ұлттың болмы­сы мен мүддесінің қозғаушы кү­шіне айналған сана қашанда әлеуметтік және жаңа тарихи құбылысқа ие болады. Осы ретте рухани жаңғыру – адамның сана-сезімінің, сенімі мен сапасының, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткіші. Жастардың рухани байлығы дегенде бірінші кезекте олардың білімділігі, ана тілін білуі мен мәдени дең­гейі, дүниетанымдық ой-өрісі тұрады. Қоғамдық сананы жаң­ғыр­тудың басты басымдығы ұл­ты­­мыздың жаһандық қоғам­дас­тықта бәсекеге қабілетті болуы екендігі сөзсіз. Бұл ретте өзі­міздің бірегейлігімізді, құн­ды­лықтарымыз бен дәстүрі­міз­ді сақтауды отбасы тәрбиесінен бастауға тиіспіз.

 

Серікүл РАХМЕТОВА,

Сәтбаев қаласы №7 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі   

Соңғы жаңалықтар