Спорт • 08 Ақпан, 2018

Армысың, ақ Олимпиада!

332 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

 

Міне, миллиондаған жан­­күйер асыға күткен Оңтүстік Кореяның Пхенч­хан қаласындағы ХХІІІ Қысқы Олимпиада табал­дырықты аттады. Аман­шылық болса, ертең кеш­кі сағат 20.00-де (Астана уақытымен 17.00) Пхенч­хандағы Ор­та­лық стадионда Ақ Олим­­пиаданың сал­танат­ты ашылуы өтеді. Эк­ономикасы күрт дамы­ған, спорты да қарыш­тап алға басып келе жатқан корей жұртының бұл Олим­пиадаға әзірленгеніне он жылға таяу уақыт өтті. Бір ғана мысал. 

Армысың, ақ Олимпиада!

Азияда  бұған дейін Ақ Олим­пиада ойындары небәрі екі рет, екеуінде де Жапонияның – Саппоро (1972), Нагано(1998) қала­ларында өткен екен. Азия­ның жолбарысы – Оңтүстік Корея көршілерімен иық тірескен алпауыт мемлекеттердің бірі. Ен­деше неге қимылдамасқа? «Ер кезегі үшке дейін» демекші, 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласына небәрі үш дауыс жетпей ұтылып қалған корейлер арада төрт жылдан кейін Ресейдің Сочи қаласындағы тартыста тағы да төрт дауыспен жеңіліп қалды. Пысық, алған бетінен қайтпайтын Корея мемлекетінің қайсар жандары тіпті сонау 2014 жылы Пхенчхан мен Каннын қаласында ғаламат спорт кешендерін салып қойды. Осыдан алты жыл бұрын Пхенчхан қаласы Олимпиаданы өткізу құқығын алғаннан кейін де бірнеше заманауи спорт кешендерін тұрғызды.

Олимпиада ойындары Пхенчхандағы тау кластерінде және Каннын қаласындағы жаға­лау кластерінде өтпек. Пхенчхандағы «Альпенсия» спорт паркінде шаңғымен секіру, биат­­лон, шана-бобслей орталығы, шаңғымен жүгіру, ал Бокон пар­кінде фристайл мен сноуборд жарыстары өтсе, таяу жердегі Канвондо провинциясының Каннын қаласында керлинг, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек сайыс­тары жанкүйерлердің көзайымына айналмақ. Биік қабатты үйлер­ден сап түзеген Олимпиада қала­шығы көрікті, қар жұқа, тек тау етегінде аппақ қар айнадай жар­қырайды. Айта кету керек, Қазақстаннан келген бап­керлердің бір тобы, лицензия ала алмаса да бұр-сарқ қайнап жатқан жарыстардан репортаждар таратуға келген бір топ журналистер, жанкүйерлерінің көбі Кан­нын жағалау кластеріндегі қо­нақүйлерге орналасқан. Олим­­пия ойындары қашан арзан болып еді, мұнда да қым­бат­­­шылық, баға удай, Өске­мен­нен келген фристайл­шы Аяу­лымның әкесі Серік Әміре­нов, болашағынан үміт күте­тін шаңғышы Иван Люфтің демеу­шісі, первомайкалық кәсіп­кер Сер­гей Глушков үшеуіміз қуық­тай ғана бір бөлмеге орна­ластық. Өкі­нішке қарай Иван Люфт Олим­пиада жолдамасын иелене алмады.

Бұған дейін осы жолдардың авторы төрт жазғы, екі Ақ Олим­пиада ойындарына қатысқан. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген спорт жұлдыздары Олим­пиаданың медалін алу үшін жанын салып, ақ тер-көк тер болып жатады. Алайда Қазақстан қысқы спорттан есесін жіберіп алған. 1994 жылғы Норвегияның Лиллехаммер қаласында В.Смир­нов алтыннан алқа таққан еді. Содан бері алтын арманға айналды. Смирновтың екі күміс, бір қоласы, павлодарлық шаңғышы Прокашева мен Сочидегі мә­нерлеп сырғанаушы Денис Тен­нің алған бір-бір қоласы жыр­тыққа жамау бола алар ма екен? Күлімдеген Корея елінде үміт күткен жерлестеріміз фристайлшылар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд жүлдеге қол созса, нұр үстіне нұр. Бұл екеуі­нің де жүлде теруге қауқары бар. Осындайда еске түседі, Сочиде қос саңлақтың өнерін та­машалаған едік. Алдын ала өткен іріктеу жарыста Юлия шебер өнер көрсетсе де Канада мен Американың төрешілері қасақана тобықтан қағып, суперфиналға (жетінші орын) жібермей қойды. Сөйтіп талантты қыздан «кек» қайтарды. Ол қандай кек? Бұдан үш-төрт жыл бұрын канадалық бапкерлер Галышеваны өз елі атынан жарыстарға қатыстыруға тырысқан. Алайда жүрегі қа­зақ елі деп соққан Юлия тіпті ресей­лік мамандардың да ұсы­нысынан бас тартты. Бұл оқиғаны Юлияның өз аузынан естігенбіз. Ал Сочиде Дмитрий Рейхерд те тамаша өнер көрсетті. Ол тіп­ті қола жүлдегер атанады деп ре­сейлік спорт комментаторы бір­­неше рет эфирден айтып жі­берді. Өкінішке қарай бұл жолы да Ба­тыраш, Қотыраштар қолда тұр­ған кем дегенде бір медальды көз­ді бақырайтып тұрып тартып алды.

Егер демократия үстемдік құрған Оңтүстік Кореядағы Олим­­пия ойындары кезінде бапкерлер әділ қазылық жасаса, екі саңлақтан да медаль күтеміз. Ал өскемендік талантты қыз Аяулым Әміренова әлі жас, небәрі 16-да. Бұл дүбірлі додада Аяулым алғашқы жиырмалыққа еніп жатса жаман болмас. 3 ақпанда Пхенчханға келіп, бесі күні ал­ғаш­қы жаттығуларын жа­саған Аяу­лым фристайл трасса­сының аса қауіпті екенін, оның үстіне ауа райының да құбыл­малы болып тұрғанын айтты.

Бұл шаңғышы Алексейдің соңғы Олимпиадасы болар. Жас болса отыздан асты. Полторанин өзінің төртінші Олимпиадасында қалай да бір медаль алуға жанын салатын шығар деген ойдамыз. Алексейдің Туринде және Сочидегі өнерін тамашаладық. Тәжірибесі мол, классикалық жү­гірудің шебері неге екені белгісіз, Әлем кубогы жарыстарында барлық күшін жұмсап алатын сияқты. Өткен жылдың соңында Әлем кубогы жарыс­тарында қатарынан алты рет алтынға, бірнеше жүлдеге қол созды. Тактикалық қателікті осы жолы да жіберіп алды ма деген ой мазалайды. Себебі Скандинавия елдері мен Ресейдің жүйріктері тек бір-екі рет қана Әлем кубогына қатысып, онда да «құпиясын» ашпай, күшін Пхенчхандағы додаға сақтап қалды. Оның үстіне Алексейдің оң жамбасына келетін өзінің сүйікті классикалық тәсілмен 15 шақырымдық сайысы еркін жүгіруге ауыстырылды. Ал жер­лесіміз бұл әдісті ұната қой­май­­ды. Десек те жарыс жолына екі немесе үш рет шығатын Алексейге біз сенеміз.

Шетелдің сарапшылары Қазақстан Олимпиадада бір ме­даль, қоланы Д.Рейхерд алуы мүмкін деп жария етті. Кім білсін, жорамал дәл келуі мүм­кін. Бірақ Қазақстанға кем дегенде бір емес, екі медаль қа­жет. Еліміздің спорт басшылары саңлақтарға осындай талап қойып отыр. Тағы кімдердің медаль алуға қауқары бар? Денис Тен жаттығуда қатты жарақат алған, үміт аз. Оңтүстіктің фрис­таил-акробатика шеберлері сын сәтте жарқ ете қалуы мүмкін. Ал Мәдіғали Қарсыбеков же­тек­шілік ететін шорт-трек­тің ше­берлері де медаль үшін жанын салмақ. Сочидегі эстафеталық жарыстағы бесінші орын жаман нәтиже емес. Әлем кубогының кезекті кезеңінде Вишневская мен Браунның қола медаль жеңіп алуы бұрын тарихта болмаған. Галинаның сұр мерген екені дау­­сыз, алайда бойшаң қар­сы­ластарына қарағанда жыл­дам­­дығы нашар. Ал басқа жарыс түрінен медаль аламыз деу қиял­мен тең.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін Пхенчханнан (Оңтүстік Корея)