Руханият • 08 Ақпан, 2018

Хирург (әңгіме)

648 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Хирург (әңгіме)

– Алло, балам, бүгін мен түнгі кезекшіліктемін. Тамағыңды дайын­дап қойдым, кешікпей қайт үйге...

– Да, мам...

Байланыс соңғы сөзді айтып үлгергенше үзіліп кетті.

Гүлзияның Қалқамандағы ауруханада хирург болып қыз­мет еткеніне біраз жыл. Да­нияр жалғыз ұлы. Өзі асырап, жеткі­зіп келеді. Биыл он алтыға шықты. Колледждің ақылы бөлі­мінде оқиды. Көлік әпер деп қыл­қылдағалы алты ай болды. Дос­тарының алды «Бентли» мініпті.

Қайда, жалғыз мұның ақшасы «Тойотаға» жетсін бе... Хирургтің табысы жаман емес негізі, әсіресе ота жасар алдында қалтасы қам­пиып қалатыны бар.

«...Адамдар да қызық қой, тап ажалдан бұл алып қалатындай, міне жаны шығарда сүйретіліп келеді де, иманына дейін хирургтің алақанына иіріп салуға шақ. Иә, дәме деген адамды бұза бастайды екен. Қазір бөлімдегі қыздар кезекшілікке шыққанда қанша тапқанын айтып жарысатындай жағдайда... Өткенде, Перизатқа көлік апатына түскен баласының жарасын жуып бергені үшін ғана бір байшыкеш уыстап доллар ұстата сапты. Әжетханадан шықпай санаған ол пақыр бір жылап, бір күліпті. Енді, бақандай 1800 долларды ұстата салса... Байлар жомарт қазір. Әсіресе, жақындары көлік апатына ұшырағанда жандары безек қағады. Сосын бұлар да қалталыны алыстан ажырататын болған. Әйтпесе, қалтаға тиын салмақ түгілі, өзіңді түтіп жейтін кедей-кепшік толып жатыр. Бастыққа шағынып, сотқа беремін деп байбалам салатынын қайтесің...».

 Гүлзия осындай ой жетегімен ырғатылып отырғанда нөмірі 16-ав­тобус Қалқаманға жетіп те қойды.

– Гуля Әміржановна, ерте келгеніңіз қандай жақсы болды. Қазір ғана Момышұлының бойын­да бол­ған апаттан адамдарды алып келді. Жедел операцияға кіресіз.

Аға медбике тызақтап жүр екен. Хирургияның дәлізі полицияға толып кетіпті. Бас киімін мыжғылай берген подполковник, бұған қарсы жүрді: «Доктор, бала менікі еді. Жалғыз ұлым ғой... Құтқарыңыз, бас сүйегі жарылған дейді, құтқа­рып қалыңыз. Аянбаймын, барым сіздікі, дәрігер...». Бұл қартаң под­по­лковниктің жалынышты жүзіне күлімсірей қарап жүре берген.

Не... Қасынан медбикелер жү­гіре сүйретіп өткен зембілге назар аудармаса да, кеудесі шым ете түсті. Алқынып кеткені несі?.. «Мы­нау көк джинси шалбарды қайдан көріп еді. Кетші, не көп, шалбар көп емес пе?» Мырс еткен ол ота бөлмесіне беттеген.

...Ауыр ота жасағаны осы шы­ғар. Екі сағат бойы сынған бас сүйекті тазалап, үзілген қан тамыр­ды жалғап, ақыры жас жігіт­ті құтқарды-ау... Дәрігерлер бөл­месіне беттеген оны тағы да аға мейірбике тоқтатты. «Гуля Әмір­жановна, мында тағы бір ауыр соққы алған бала бар. Есін жимай жатыр, басынан соққы алған, гематом болуы керек. Өзінің артынан ешкім келмей жатыр. Қарайсыз ба?», – деді шыр-пыры шығып.

– Жаным-ау, артынан жақын­дары іздемесе біз не істей аламыз? Про­цедураны жасай беріңдер, кіріп шығамын...

Дәрігерлер бөлмесінің есік ауы­зында мұны подполковник күтіп тұр екен.

– Дәрігер...

– Тірі балаңыз, алып қалдық!

Бұл қатқылдау сөйлеген. Анау иіліп әлек...

– Қазір, су ішуге мұрсат бере­сіздер ме өзі?

Кабинетке кіре қол сөмкесінен ұялы телфонын іздеген. 12 рет қоңырау шалыныпты. «Тоқта, Данияр неге іздеді екен сонша...».

– Алло, Данко...

– Алло, алло, – Арғы жақтағы ер адамның даусы құлағын жарып жібере жаздады, – Сіз бұл телефонның иесіне кім боласыз?

– Мен... мен мамасымын!

– Мамасы, сабыр етіңіз, мен Әуезов аудандық жол полиция­сының қызметкері боламын. Сіз­дің ұлыңыз жол апатына түсіп, Қалқамандағы ауруханаға жөнел­тілді... Алло, алло...

Соңғы сөзді естімеген Гүл­зия ка­бинеттен иттен қашып шық­қандай тапырақтай жөнелді.

«Бәсе, бәсе, көк джинси шалбар...»

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»