Қазақстан • 09 Ақпан, 2018

Қаз дауысты қасиет қайда?

1026 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қасымның ауылынан – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан «Алтын адам» тапқан белгілі археолог Арман Бейсенов ағамыз бір қызық дерек айтты. Сақ қорғандарын іздеп жүріп Егіндібұлақтан әрі қарай Едірейге, Ай­рыққа, Қақабайдың қыстауына барса, ауылдың ақсақалдары қызық әңгіме айтып отыр екен... 

Қаз дауысты қасиет қайда?

Қақабай өзі қыстап отырған қыстаудың желкесіндегі тө­беге шығып, айғай салғанда қо­зыкөш жердегі жылқы қа­йы­рылады-мыс. Бес-алты ша­қырым жердегі жыл­қы­шыларына айтқан әмірі анық жете береді екен сонда. Ащы айғай емес, әміршіл дауыс. Енді, Мәдиді алып қараңыз. Алты қырдың астындағы ауылға дауысы талмай жете береді. Асқақ үн. Қақабай мен Мәди – Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы. Дауысы өткір, жеріне жеткізіп айтатын діл­мар, шешеннің жұрағаттары. Екеуіне де Құдай зор дауыс берді. Мәселе – Алла берген талантты кім қайда жұмсады? 

* * *

Би атаның топырағынан тү­леп ұшқан әнші бұлбұлдар да, дүл­дүлдер де көп. Алдымен Абай әндерін түпнұсқадан жет­кізуші Жүсіпбек Еле­бековті ай­та­мыз.  Көбісі кесімді сөз ке­мең­герінің тікелей ұрпағы. Мақ­пал Жүнісованың да да­уы­сы қайталанбас құбы­лыс. Әнші Гүл­бар­шын Тер­геу­бекованың дауысында да да­ланың  кеңдігі көрініс та­бады. Заманында көрнекті қа­­лам­­гер Кәрім Сауғабаев «Мақ­пал­­­­­дың көмейіне қаздың сүті там­ған... Бесікте бөлеулі жатқан жас нәрестенің үстінен ұшып өткен бір топ қаздың қаңқылы көмейге тамып, көкірекке сіңген... Мың жылда бір рет болатын құбылыс!» деп суреттепті әншіні. Бізді ақынның сөзбен салған суреті толқытты. Ақынның қиялы қияндатып-ақ жіберді дейсіз!.. Асылында қазда сүт болмас. Ақын Тыныштықбек Әб­дікәкімұлының «Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап, Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам» дегені бар. Мәселе, қаз сөзінің төр­кінінде еді. Ол қаз – дала діл­марының кепиет құсы ғой?!

Қаз дауысты...

 
* * *

Осыдан тура алты жыл бұрын сол  Балқантау бау­райындағы Егін­дібұлақ аулында «Алла» деп қар­қылдайтын қарғаның пайда болғанын естідік. Оны тіпті сол уақытта «Қазақстан» ұлт­тық арнасының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Нұрлан Аманов та таспаға бас­қан екен. Бұл ақпарды таратушы Қайыр Рахметуллин ерекше тылсым оқиғаны баяндай келіп «Кім білсін, Балқантау баурайын мекен ететін қарғалар адамдарға Алланы ұмытпасын дегісі келетін шығар...» деп ойын түйіндепті. Ол дұрыс қой. Дегенмен, заманында қаздың дауысы қаңқылдап ұшқан қасиетті өлкеден қарғалар қарқылдағанын біз ұнатпаған едік... 

Екіншіден, сол ауылдың төрін­де тұрған Қаздауысты Қа­зыбек бидің еңселі ес­кер­­т­кішіне қарға қонып, сауысқан саңғымайтынын ауыл тұрғындары ерекше тылсым күшпен байланыстырып әлденеше рет айтып жүрді. Бәрі де кереғар құбылыстар. Әсілі қарға сөйлемес. Ауыт­қушылықтың ауылын алыс­тан іздемедік. Себебі  бұған дейін Қар­қаралы, Семей, Егіндібұлақ, Мыржық, Едірей, Дегелең, Қай­нар, Бақты, Балқантау шегінде  аса ­ауыр ядролық по­лигондағы сы­нақ­тар саны 456-ға жеткен. Жә­не олардың  жалпы қуаты 1945 жы­лы Хиросимаға тас­талған атом бомбасының қуа­тынан 2,5 мың­ ­есе көп. Яғни, одан бөлінген радиа­ция­ның адамға, жан-жануарға зияны шаш-етектен. Бұл орайда ең қауіптісі – иондалатын радиа­цияның ықпалы гендік кодты дауа­сыз өзгерістерге соқтыруға мүм­кін екендігі. Бұдан кейін қарға қазақша сөйлемегенде қайтеді?!  Біз керісінше, адамдардың қар­­­­қыл­­да­мағанын тілейік. Ай­тыс ақын­дары табиғатынан айтқыш ке­леді. Би бабаның былтырғы ұлан-асыр тойында өткен аламан­да бір ақын «Қаз дауысты баба­лар келмеске кетіп, қыз дауыс­ты жігіттер көбейіп тұр» деген­ мағынада терең мағыналы сөз айтты. Расында да, қалмақ ханының қос иығына қабылан боп мінген қаз дауыс­ты қаһар қайда қазір?!

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»