Қазақстан • 09 Ақпан, 2018

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары кеңейтілген жиын өткізді

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия Орталық аппаратының құрылымдық бөлім мен еншілес ұйымдарының басшыларымен кеңейтілген жиын өткізді. Онда Елбасының партия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру барысы талқыланды.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары кеңейтілген жиын өткізді

Бүгінде партиялық жаңғыру­дың нақты жоспары дайын. Бұл реформаның басты мақсаты – Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыру. 

Жиын барысында М.Әшімбаев Ел­басы тапсырмасын жүзеге асыру­ды қамтамасыз ететін негізгі мін­дет­терді атап өтті. Біріншіден, пар­­­тиялық кадрлардың бәсекеге қабі­л­еттілігін арттыру мәселесіне ерек­­ше көңіл бөлінді. Соған орай ма­ман­­дардың біліктілігі толық тек­­серу­ден өткізілмек. Сондай-ақ пар­т­ия­­лық білім беру ісі де жаңа жүйе­ге көшірілмек. Алдағы уақытта «Нұр Отан» жастармен жұмысты одан әрі күшейтеді. Одан бөлек, жо­ға­ры білікті басқарушы маман­дар­ды даярлап, олардың ең бел­сен­ді­лері мен таланттыларын мем­ле­кет­тік органдарға ұсынатын бола­ды. Екіншіден, партия тың баста­ма­лар мен идеялардың негізгі ұйыт­қысы және жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға қаты­са­тын стратегиялық күш болуы тиіс. Нұротан­дықтар елімізде бол­ған кез кел­ген өткір де өзекті мәсе­лелерге бір­­ден назар аударып, олар­д­ың оң­тай­­лы шешілуіне бар күш-жігерін жұмсамақ.

– Біз жұмыс барысы мен оның тәсілін өзгертуіміз керек. Бюро­кратиялық келеңсіздіктер мен қағаз­бастылықты азайтып, креативті, партия жұмысына тың серпін беретін жаңа әдістерге басымдық беруге тиіспіз. Тиімді әрі нақты нәтижелер үшін жұмыс істейтін ұйымдық, сая­си және сараптамалық орталық­қа ай­на­луымыз керек. Сондай-ақ Елба­сының креативті орталығы ретін­де қалыптасып, жүйелі жұмыс жүр­­гізуге тиіспіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жаңғыру аясында ашық ақпарат­тық қоғам және цифрлы Қазақстан жағдайына байланысты партия өзінің медиа кеңістігінде жаңғыру, жаңару және бейімделу жұмыстарын жүргізеді. Интернет пен әлеуметтік желіге басымдық беріледі. Өйткені бұл – қазіргі заманның басты талабы. Сондай-ақ «Нұр Отан» стратегиялық құжаттар дайындаумен айналысатын өзінің сараптамалық орта­лығын нығайтып, қайта құрады.

Сонымен қатар партия Төраға­сының бірінші орынбасары бүгінде жүзеге асырылып жатқан барлық партиялық жобалардың өзектілігін сараптауды тапсырды. Соған орай шағын және орта бизнес пен инно­ва­циялық дамуды қолдауға бағыт­талған жаңа жобалар қолға алын­бақ. Республикалық қоғамдық қабыл­дау бөлмесінің жұмысы да айтар­лықтай жанданып, партияның ұзақ мерзімді Даму стратегиясы дайындалады.

М.Әшімбаев партиялық жаң­ғы­ру­­ды жүзеге асыру кезінде Мем­ле­кет басшысының «партия – министр­лік емес» деген сөзіне ерек­ше мән беріп, оны естен шығар­мау­дың маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол жаңғыруды толық жүзеге асыру үшін әр партия қызмет­кері үнемі өзін өзі жетілдіріп, ізденіп, бұрынғы әдіс-тәсілдерді өзгерту керектігін айтты.

– «Нұр Отан» халық үшін мей­лінше ашық әрі қолжетімді болуы керек. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы жолында біздер аянбай еңбек етуге тиіспіз, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Жиын барысында партия хатшылары Ғабидолла Әбдірахымов, Фархад Қуанғанов және Қаныбек Жұмашев сөз алып, партиялық жаң­ғырудың алғашқы нәтижелері туралы баяндады.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»