Қазақстан • 09 Ақпан, 2018

Әлеуметтік-рухани жаңғырудың көкжиектері айқындалған

456 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа міндеттері» атты Жолдауын халқымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясының, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының заңды жалғасы деп есептейді. Сондай-ақ өткен жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында көрсетілген міндеттерді одан әрі сабақтастыра жалғастыра отырып, ел дамуының жаңа межелерін белгілеп берген, халықтың әлеуметтік-рухани жаңғыруының көкжиектерін айқындай түскен, халқымыздың игілігін көздейтін жүйелі шаралардың бірегей бағдарламасы ретінде қабылдап отыр.

Әлеуметтік-рухани жаңғырудың көкжиектері айқындалған

Бұл аса құнды тарихи құжат Қазақ­стан индустриясын жаңа техноло­гияларды енгізудің көшбасшысына айнал­дыру, өндірістік үдерістерді цифр­ландыру арқылы өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін арттыру, ресурстық әлеуетті тиімді пайдалану, өндіріске ақпарат­тық технологиялық шешімдерді батыл енгізу, агроөнеркәсіп кешенін жаңа техно­логиялық деңгейге көтеру, көлік пен логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту міндеттерін қамтиды. 

Жұртшылық көбіне ұлттық бизнес мүддесін қорғайтын партия ретінде танитын «Ақ жол» партиясының өкілдерін әрине бірінші кезекте Жолдаудың бизнеске қатысты тұстары қызықтырды. Бизнеске қатысты Елбасының ұстаным­дары сегізінші – «Тиімді мемлекеттік басқару» бағытындағы іс-шаралар ке­шеніне енгізіліпті және бұл қағидаттар нақтылығымен ерекшеленіп, мемлекет пен бизнестің арақатынасын айқындап берген.
«Ақ жол» парламенттік фрак­ция­сы бизнеске қатысты мәселелерді Мәжіліс мінберінен үнемі қозғап келеді. Алдағы уақытта да ақжолдықтар үшін Президенттің адал бәсекелестікті, отан­дық кәсіпкерлерді қолдауға және жалпы нарықтық реформаларды дамы­туға бағытталған тапсырмалары басым бағыт болып саналады.

Жолдаудың адам капиталына қа­тыс­ты бөлімін оқыған кезде денсау­лық пен білім саласына Президенттің жіті көңіл бөлгенін байқадық. Мәсе­лен, Жолдауда нақтыланған тапсырма аясында мемлекеттің кепілдігі­мен медициналық тегін көмекті ұйым­дас­тырудың жаңа үлгісі жоспарлануда. Елбасы азаматтарымыздың барлық буындарын қамтитын білім беру саласының көкжиектерін нақты белгілеген, сондай-ақ бұл тарихи құжат ұлттық сананы жаңғырту қағидаттарын одан әрі жүйелі жүргізуге ұмтылдырады. Жолдауда «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеология­мызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаhандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», деп айрықша атап көрсетілген, Президент өскелең ұрпақтың халқымыздың, тәуелсіздіктің тарихын білу керектігін тағы бір рет қадап тұрып айтып, еске салған.

Былтыр тарихымыздың қасиетті де қайғылы, сонымен қоса даңқты бір бөл­шегі – Алаш ұлт-азаттық қозғалысы­­ның 100 жылдығы ел аумағында кеңінен атап өтілді. Қараша айында Астанада өткен «Рухани жаңғыру Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының қатысушылары­на жолдаған құттықтауында Елбасы Алаш қозғалысының сипатына «Алаш қозғалысының ХХ ғасырдың басын­дағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу жолындағы күресі, азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады» деп баға берді. Ендеше, Алаш тақырыбы мерейтойлық іс-шаралар­мен тәмамдалып, күн тәртібінен түсіп қалмауы тиіс. Мәселен, биыл Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев­тың туғанына 125 жыл. Осыған орай өткен жылдың соңында «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы депутаттық сауал жолдап, республика көлемінде Мағжан оқуларын өткізуді ұсынды. Сауалда «Алаштың мағы­насы оның бір ғана жүз жылдығымен шек­телмейді. Біртуар тұлға Мағжан ақынның аманатын ақтауымыз үшін Алаштың 100 жылдық мерейтойы Мағжан оқуларымен жалғасын тапса деген ұсынысымызды Мәдениет министрлігіне жолдаймыз. Мағжан оқулары бүкіл республика аумағында өткізіліп, ал оның қорытындысы Мағжан Жұмабаевтың туған өлкесі Қызылжар өңірінде жасалғаны жөн. Ал болашақта Мағжан оқулары, атаулы даталарда ғана емес, жыл сайын тұрақты өткізіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді» делінген.

Айта кетейік, бұл сауалға оң жауап алынды. Аталған министрлік «Дарын» республикалық ғылыми-прак­тикалық орталығымен бірлесе оты­рып, «Мағжан оқуларын» ұйымдас­тыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізіп жат­қа­нын хабарлады. Атап айтқанда, Алаш ақынының оқулары оның туған жері – Солтүстік Қазақстан облысынан бас­тау алып, ақынның мерейтойы аясында дөңгелек үстелдер, шығармашылық кештер, ғылыми конференциялар, кітап көрмелері ұйымдастырылмақ. Біз­­діңше, рухани жаңғыру дегенімізге елі­міз­дің тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұл­ғалардың еңбектері мен өнегелі істерін көпке дәріптеу де кіреді.

Өйткені ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттық, тәуелсіздік жолында жандарын құрбан еткен Алаш арыстарының есімдері де халық жадында сақталып, артында қалған мұралары туған халқы­ның жүрегіне жете беруі тиіс және оны бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жөніндегі Елбасымыздың ой-тұжырымдарымен сабақтастырып насихаттауды күшейтіп, бүгінгі заманның кәдесіне жарату қажет деп санаймыз.

Сәбит БАЙДАЛЫ,
«Ақ жол» партиясы 
Орталық кеңесінің хатшысы

Соңғы жаңалықтар