Қазақстан • 12 Ақпан, 2018

Өңірлік интеграция алдымен өзімізге керек

445 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы кездері әлем елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығы тақырыбына көбірек назар аудара бастады. Ал саясаттанушы-сарапшылардың осы мәселеге қатысты ой-пікір­ле­ріне талдау жасайтын болсақ, АҚШ-тың Орталық Азиямен ынтымақтастығы АҚШ пен Ресей қатынастарына тікелей байланысты деген болжамды тағы да растай түсетіндей. Ретіне қарай таратып көрейік.    

Өңірлік интеграция алдымен өзімізге керек

Бұл мәселеде алдымен АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама тұсындағы мемлекеттік хатшы Джон Кери негізін қалаған «С5+1» тұғырнамасына тоқталған жөн. Өйткені осы тұғырнамада АҚШ-тың Орталық Азияға бағытталған сыртқы саясаты көрініп тұрғандай болады. Америкаға бүйрегі бұра­тындар ендігі «үміттерін» атал­ған құжатқа артатын сияқты. Сон­дай-ақ Б.Обама билігі кезінде Орта­лық Азия елдері сыртқы істер министр­ліктерінің басшыларын Вашинг­тонға арнайы шақырып, «әңгіме-дүкен» құрғаны әлі ұмытыла қой­ған жоқ. Ол біреуіне ұнады, екін­ші­леріне ұнамады. Міне, сонда Джон Кери 15 миллион долларды құрайтын бес жобаны іске асыру мәселесін ортаға салған еді.

Ақ үйдің билігі Дональд Трамп­қа ауысқан соң, осы жобалар­дың және «С5+1» тұғырна­масы­ның болашағы қалай болады деген мәселе туындады. Себебі жаңа президент Д.Трамп Б.Обаманың кезінде қабылданған бірқатар жобалардың күшін жойып тастаған болатын. Трамп билігі «С5+1» тұғыр­намасына «тиіскен» жоқ. Қайта оны жетілдіріп, әрі қарай дамы­туды көздеді. Бүгінде оған елдің қазіргі мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон кірісіп жатыр. Тіпті ол бұрынғы әріптесі Джон Кери сияқты Орталық Азия ел­дері­нің сыртқы істер министр­лік­тері жетекшілерінің Нью-Йорк қаласын­да басын қосып та үл­герді. Кейбір сарапшылар АҚШ-тың Орталық Азияға «ерекше ықы­лас» танытуының астарында «Орта­лық Азия мемлекеттерін ынты­мақтастыру арқылы аймақта Ресей мен Қытайдың ықпалын әлсіретіп жатуы мүмкін» деген болжам айтады.

АҚШ-ты Орталық Азия ел­дері­нің интеграциясы бұрын да қызықтырған, қазір де қызық­тырады. Мұны АҚШ мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары, Оңтүстік және Орталық Азия бойынша елшісі Элис Уеллс те ашық білдіріп отыр. «Орталық Азия елдерімен бірлескен стратегиялық әріптестік қатынасымыз бар, – дейді ол. – Онда экономикалық инте­грация, терроризм мен діни экс­­тремизмге, заңсыз есірткі саудасына қарсы күрес және аймақтың тұрақтылығы сынды мәселелер қамтылған. Сондай-ақ Құрама Штат­тарын бұл аймақтың интеграциясы да қызықтырады».

АҚШ президенті өзінің өткен жылы күзде жариялаған стратегиясында Ресей мен Қытай АҚШ-тың басты «бәсекелесі» екенін атап өтті. Бүгінде Ресей мен Қытайдың Орталық Азияға кәдімгідей ықпал етіп отырғаны тағы белгілі. Енді олардың қатарына Құра­ма Штаттардың да қосылғысы келе­ді. Ал соңғы алты-жеті жыл ара­л­ығында әлемдегі ірі үш мемлекет­ке де стратегиялық маңызы ерекше саналатын Орталық Азия ел­дері АҚШ-пен байланыстарын бәсең­деткені шындық. Мысалы кезін­де Құрама Штаттарымен тон­ның ішкі бауындай араласқан Қыр­ғыз­­­стан түрлі себептерге бай­ланыс­­ты Манас халықаралық әуе­­ж­айына жақын орналасқан АҚШ-тың әскери базасын жапты. Кейін Бішкектің Америкамен бір­қатар мәселелер бойынша ын­ты­мақтастығын үзуіне тура келе­ді. Қазіргі кезде аймақтағы Қазақстаннан өзге мемлекеттердің АҚШ-пен алыс-берісі жоғары деңгейде деп айта алмаймыз.

Бүгінде Америка Құрама Штат­тарының Оңтүстік Азиядағы елдермен байланыс-
тары қайта жандана түсті. Бұл өңірге Орталық Азия іргелес жатқандықтан, Вашинг­тон билігіне Оңтүстік Азия­ға қа­ра­ғанда, Орталық Азия гео­с­тра­те­гия­лық жағынан маңызды сана­ла­ды. Соған байланысты АҚШ өзі­­нің Ауғанстандағы әскерінің са­нын көбейтті. Бұған Пәкістан мен Иран­д­ағы саяси жағдайларды қосы­­ңыз. Оның үстіне Орталық Азия мем­­лекеттері жер­асты ресурстарына өте бай, ол аймақ елдерінің басты құндылықтарының бірі болып табылады.

Құрама Штаттардың Орталық Азияға қарай «жақындауы» Ресейге ұнамайтыны әуел бастан-ақ белгілі болған. Оны «С5+1» кездесуі өтер алдында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров жеткізіп те үлгерді. «Егер біздің америкалық әріптестеріміз Орталық Азия­дағы дос-
тарымызбен кездесуінде эко­номика емес, геосаясат тұрғысын­да келіссөздер жүргізетін болса, оның соңы жақсылыққа апар­майды», деді ресейлік министр. Оның бұл сөзі бізге ескерту сияқты әсер етті. Дегенмен кейіндеп ол осы «ескертуін» түзетіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде былай деді: «Орталық Азия елдерінің алдына оңтүстік немесе солтүстік екеуі­­­нің бірін таңда деген жал­ған таң­дау қоюдың қажеті жоқ. Ай­мақ­қа барлық тараппен жан-жақ­ты әріптестік орнату қажет және аталған елдердің ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ шеңберіндегі міндет­теме­лерін құрметтеу керек».

Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Түрікменстан және Тәжік­станның өзара бірлігі, ынты­мақтастығы қашан да қажет еді. Бүгінде ол айқын сезіле бастады. Рас, Кеңестер Одағы ыдыраған соң, Орталық Азиядағы мемлекет­тер арасында одақ құру идея­сы көтерілді. Осыған байланысты прези­денттер түрлі басқосуда инте­грациялануға бағытталған жеті жобаны талқылаған екен. Өкінішке қарай олардың бірде-біреуі қабыл­данбады. Енді соның реті осы жыл­дың наурызында Астанада өтуі жос­парланған Орталық Азия ел­дері басшыларының саммитінде келетін сияқты. Ал саммит отырысына шаңырақ иесі – Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді.

Ресей, Қытай және АҚШ-ты қызық­­тырып отырған Орталық Азия мем­лекеттерінің бір-бірімен ынтымақ­тас­тық орнатып, интеграциялануынан тарап­тардың саяси және экономикалық жағы­нан ұтатыны көп. «Біздің тарихымыз, дініміз, мәдениетіміз бір. Құдай бізге бір-бірімізге көмектесуге, аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бірге болуға жазды, – деген еді Елбасы «Астана клубының» үшін­ші отырысында сөйлеген сөзін­де. – Қазір осыған байланыс­ты Өзбекстанда көптеген өзгеріс­т­ер болып жатыр. Мен мұны сырт­т­ай бақылап отырамын. Біз қолы­мыздан келгенше көмек­тесуде­міз. Мұндай өзгерістер Тәжікстанда да, Түрік­менстанда да жү­р­гізілуде. Жақында Қыр­ғыз­станда президент сайлауы өтті. Мен Орталық Азияның болашағына үлкен сенім­мен қараймын».

Ал Өзбекстан президенті Шав­хат Мирзиеев аймақтағы ел­дер­дің ынты­мақтасуына байланысты: «Біздің мыңдаған жылдық тарихымыз бар. Біз Еуразияның жүрегіміз. Өзбекстан Орталық Азияның дамуы үшін көршілерімен бірігіп жұмыс істеуге қашан да дайын. Орталық Азиядағы 70 миллион халықтың бүгіні мен ертеңі аймақ­тағы мемлекеттерге байланыс­ты» деген болатын.

Әлемдік қоғамдастыққа белгілі сая­саткерлер мен сарапшылар баға беріп жүргендей, Қазақстан – Орта­лық Азияның қауіпсіздігі мен тұрақ­тылығына ұйытқы болуға сай мемлекет. Қазақстан және оның басшысы Н.Ә.Назарбаев аймақ­тың ғана емес, бүкіл Жер шарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық баста­маларды көтеру арқылы бейбіт­шілікті жақтайтын іргелі ел және тұлға ретінде танылды. Міне, енді Елбасымыз түрлі себептермен ширек ғасырдан бері бастары бірікпей, көптен бері ортақ бір мәмілеге келе алмай жүрген Орталық Азия­дағы бес мемлекеттің басшыларын Астанаға шақырып, жоғары деңгейдегі жиын өткізуге ұйытқы болып отыр. Бұл жиын болашақта құрылуы ықтимал Орталық Азия елдерінің одағына апаратын жол болуы әбден мүмкін.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»