Қазақстан • 12 Ақпан, 2018

Биік белес: Көпмағамбет Елемесов

956 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Академик Көпмағамбет Елемесов өзінің жеке қасиеттерінің, жігерлі еңбегі мен күш-қайратының арқасында мол ғылыми табысқа жеткен адам. Өзінің сексен жасында да ол Қазақстанның прогрессивті ғалымдарының сапында бола отырып, инновациялық дамыған заманмен қатар  алға басып келеді. 

Биік белес: Көпмағамбет Елемесов

Көп­мағамбет Елемесұлы туғанынан бастап тағдыр сынағына түсті. Қызылорда облысы Қазалы ауданының Жанкент (Жаңакент) жә­не Қаукей ауылдарынан шық­қан, репрессияға ұшы­ра­ған отбасының ұлы 1938 жыл­дың 8 ақпанында ата-баба­сының Отанынан алыс жер­дегі Түрікменстанның Ма­ры уалаятында дүниеге келді. Балалық шағы ауыр соғыс жылдарына сәйкес келді және кішкентай кезінен бастап дәнді дақылдарды жинау мен астық бастыруда жұмыс істеді, мал бақты және атқарған аса ауыр еңбегіне қарамастан, мектепте жақсы оқыды, білімге ұмтылды. Же­ті жылдық мектепті аяқта­ғаннан кейін 1953 жылы Көп­мағамбет Елемесұлы Бай­ра­малы қаласындағы ауыл­ша­руашылық техникумына оқуға түсіп, оны аяқтағаннан кейін агроном-егінші маман­дығына ие болады. Одан кейін мақта өсіретін колхозда бригадир болып, кейін әскери бөлімде жұмыс істейді.

Содан 1962 жылы ол Одақ­тың алдыңғы қатарлы мемле­кеттік асыл тұқымды мал за­уыт­­тарының бірі – «Рав­ни­наға» ферма зоотехнигі болып ауысады. Мұнда қаракөл қойларымен селекциялық тұқымдарды асылдандыру тә­жірибесімен алғаш рет танысады. Өндірістен қол үзбей Көпмағамбет Елемесұлы 1965 жылы Ашхабад қаласындағы Түрікмен ауылшаруашылық институтының зоотехникалық факультетін үздік оқып бітірді.

1966 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға қайтып келген Көпекеңнің өмірінде жа­ңа кезең басталады. Шым­кент облысындағы Созақ ауда­ны­ның «Тасты» қаракөл қой совхозының аға зоотехнигі болып жұмысқа орналасады.

Болашақ ғалым Елемесовтің алғашқы қадамдары Бет­пақ­дала шөлінде қатал климат аймағында басталады. Сол уақытта халықаралық елтірі аукциондарына талап етілген елтірілік қаракөл қойлары тұқымын асылдандыру жоспарын жасап және сол жоспарды белсенділікпен өндіріске енгізе бастады. Шаруашылық табыстылығының көрсеткіші болып табылатын бірінші сұрыпты қаракөл елтірісінің шығуы арта түседі. Жас зоотехниктің еңбегі лайықты бағаланды. Жұмы­сында қол жеткізген табыстарынан рух­танған ол бұрынғы арма­нын жүзеге асырып, 1968 жылы К.И.Скрябин атындағы Мәс­кеу ветерина­рия ака­де­миясының қой шаруа­шы­лығы кафедрасының күн­діз­гі аспирантурасына оқуға түседі.

Жас аспиранттың ғылы­ми жетекшісі қаракөл өн­дірісі ғылымның негізін қа­­лау­шылардың бірі, академик Вадим Юдин болады. Ол болашақ ғалымның дис­сертациялық жұмыс тақы­рыбын мақұлдайды және оның эксперименттік бөлігін «Тасты» совхозында өткізуді ұсынады. Бұл уақыттар жас ғалымның ғылыми қызме­тіндегі ең жемісті жылдар бол­ды. Диссертациялық жұ­­мыс бойынша зерттеу­лер өндіріске белсенді түрде енгізіледі және бұрын болмаған нәтижелер бере бастайды. 1972 жылы Мәскеу ветеринария академиясының зоотехникалық факультетінің Ғылыми кеңесінде ізде­ну­ші К.Елемесовтің диссер­та­циялық жұмысының ресми оппоненттері, саланың бел­гілі ғалымдары, профессор И.Дьячков, С.Попков жә­не Ғылыми кеңестің бар­лық мүшелері ізденушінің дис­сертациялық жұмысын жо­ғары бағалап, оған ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру үшін бірауыздан дауыс берді. Кандидаттық диссертацияны сәтті қорғау КСРО Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің Апробациялық комиссиясының тексеруімен аяқталады. Комиссия «Тасты» совхозын қаракөл қойының қабырғалы елтірілік типін өсіру бойынша мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыты категориясына ауыстырды да, болашағы зор ғалымды Шымкент қаласындағы Қазақ қаракөл ғылыми-зерттеу инс­титутына аға ғылыми қыз­меткер етіп жібереді.

«Бір жолы Қазақ қаракөл ҒЗИ директоры Геннадий Попов өзіне шақырып, «За­дарья» мемлекеттік асыл тұ­қымды мал зауыты – инс­титу­ттың эксперименталды шаруашылығының директоры етіп мені ұсынатындығын айтты. Мен өз келісімімді бер­дім. Біршама уақыт өткен­нен кейін мені облыстық партия комитетінің ауыл ша­руа­шылығы бойынша хатшысы Аймұхан Тілесов шақырып: «Сіз ғылымды да білесіз, ша­руашылықтардағы прак­тикалық жұмыс тәжі­рибеңіз де бар, сол үшін мен сізге артта қалған шаруа­шылықтарға барып экономикасын көтеруді ұсынамын. Жұмысты қа­лай ұйымдастыру керек, ша­руа­шылық экономикасын қа­лай көтеру керек екендігі туралы өз білімдеріңізді, қабі­леттеріңізді көрсетіңіз, өнді­ріске алдыңғы қатарлы технологияны ендіріңіз. Сол үшін сізге Қызылқұм ауданының (қазіргі Отырар) «Шәуілдір» совхозының директоры лауазымын ұсынамыз деді», деп еске алады Көпекең.

Осылайша, 1977 жылдың 5 наурызынан бастап Көп­ма­ғамбет Елемесұлы Шым­­кент облысының Қызыл­құм ауданының «Шәуілдір» қара­көл қой совхозының директоры болды. Оның бас­шы­лығымен бұрынғы шы­ғынды шаруашылық облыстың ал­дыңғы қатарлы және табыс­ты совхоздарының біріне ай­­налды. Төрт жылдың ішінде қой басы екі есе өсіп, 55 мың­ға, ал дәнді дақылдар мен жүге­рінің өнімділігі гекта­рына 60 центнерге дейін жетеді. Әрине, тұқымдық жұ­мысқа ерекше назар аударылады. Асыл тұқымды қой отарлары қалыптасады, соның ар­қасында шаруашылық қара қаракөл қойларының елтірілік типті тұқымын өсіру мәртебесіне ие болады.

Кейін Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаровтың ұсынысы бойынша К.Елемесовті «Каз­главкаракуль» бас басқар­ма­­сының басшысы етіп та­ғайындайды. Басқармадағы жұ­мыс жылдарында ол қара­көл қойларының саны мен өнімділігінің өсуіне жағдай жасады (сәйкесінше жыл басын­да 6,3 млн бас пен 2,4 млн елтірі), бұл жағдай осы көр­­сеткіштер бойынша рес­пуб­ликамыздың әлемде алың­ғы орынға шығуына мүмкіндік берді.

Қазақстанның сапалы қа­ра­көлі халықаралық на­рық­ты қызықтырды және то­лыққанды серіктестікке қол жеткізу үшін менеджмент пен маркетинг заңдарын игеру қажет болды. К.Елемесов өзінің дүниетанымын толы­ғымен өзгерткен Англия, Фран­ция, АҚШ, Сингапур, Ис­пания және Германия уни­верситеттерінде жаңаша білім алған алғашқылардың қата­рында болды.

1988 жылы К.Елеме­сов­тің бас­тамасымен «Каз­глав­каракуль» «Қаз­ру­ноқа­ракөл» АҚ-қа айналды, оған жүнді алғашқы өңдеу бойынша тағы үш – Семей, Жамбыл және Ақтөбе фабрикалары кірді. Көпмағамбет Елемесұлы осы қоғамның президенті болып бекітілді. Жиналған тә­жірибе оған жүнді алғашқы өңдеудің қазақстандық фабрикаларын жаңғыртуға мүм­кіндік берді. Семей, Ақтөбе және Тараздың фабрикалары биязы және қылшық жүнді жартылай фабрикаттар мен дайын бұйымдарға дейін өң­дейтін француз және неміс фир­маларының технологиялық же­лілерінде жұмыс істей бас­тады.

Ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының докторы профессор Қазақ КСР Министрлер Кеңесі сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік сый­лығының иегері, Ұлттық ғы­лым академиясының ака­демигі өз елінен тыс жерлерде де кең танымал болған жануар­лар генетикасы, селекция­сы және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселелеріне арналған 220-дан астам ғы­лыми еңбек, монография­ларын, оқу құралдарын жария­лаған.

Академик К.Елемесов ша­руа­­шылыққа пайдалы бел­гілерді индекстеу арқылы, сонымен бірге генетиканың ДНҚ полиморфизмін және оның микросателлиттерін зерттеу­ге негізделген геномды селек­циялау арқылы малдың тұқымдық құндылығын баға­лаудың жаңа моделін сүтті мал шаруашылығы тәжі­рибесіне ендіре отырып, респуб­ликаның мал шаруа­шылығының өнім­ді­лігін арттыруға үлкен үлес қос­ты және әлі де тер төге бермек.

Сүндет КӘРІМОВ

Соңғы жаңалықтар