Кино • 12 Ақпан, 2018

«Оазис» – қасиетті мекен

937 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубының ұйымдастыруымен жазушы, драматург «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры Смағұл Елубаев пен кинорежиссер Бегарыс Елубаевтың бірлескен туындысы – «Оазис» фильмінің көрсетілімі өтті. 

«Оазис» – қасиетті мекен

Смағұл Елубайдың сцена­рийімен түсірілген кино туын­дының мазмұны терең, тақы­рыбы тың. Психологиялық драма жанрында түсірілген аталмыш картина қазақ қоғамының көкейкесті мәселелеріне негіз­делген. Фильмнің оқиғасы екі кейіпкер арасында өрбиді. Бір-біріне мүлдем қарама-қайшы бейнедегі кейіпкерлер. Әбіл мен Қабыл архетипі іспетті. Айдар Асанбай сомдаған Руслан – Алматы қаласының жетімдер үйінде өскен, ата-ана мейрімін көрмеген, бойын адамзатқа деген ыза мен өшпенділік кернеген, тілі мен дінінен тамыр үзген жігіт. Көзін шел басып, кие мен қасиеттен жұрдай. Руслан Әнес әулиенің басындағы киелі ағаш­ты өртеп жібереді. Ал актер Әділет Топаев сомдаған Мәмбет – тарихы мен дәстүрін, тілі мен дінін сақтаған, жүрегі иман мен мейірімге, атамекеніне деген құрметке толы, шетелден келген қандасымыз. Мәмбет мына жалған дүниеде адасып жүрген пендеге жол сілтеуге, құтқаруға келген жарық күш сынды.

Көрермен флешбэк арқылы Руслан мен Мәмбеттің осы күнге қалай жеткенін көреді. Бейкүнә сәби Руслан дүние есігін ашқан күннен бастап мейірімсіздік пен қатыгездікке ұшырап, тағдыр тауқыметін басынан кешіреді. Қос кейіпкердің бейнесі арқылы қазіргі қоғамдағы қайшылықты, кеңестік кезеңнің зардабы ай­қын көрінеді. Руслан өз туған жерінде бола тұра тамырынан үзілген, ал Мәмбет тағдыр тау­қы­­метімен атамекеннен ал­шақ өс­се де рухани тамыры тереңде жатыр.

Фильмдегі қоюшы-оператор Александр Рубанов пен қоюшы-суретші Джал Ибрагимовтің де жұмысын ерекше атап өтуге болады. Ақ пен қараның арпалысын, зұлымдық пен мейрім­ділікті, өткен мен бүгін­ді ки­но тілінің құралдары арқы­лы шебер көрсете білген. Фильм толығымен табиғатта түсірілген, экранда «адам» және «табиғат». Кейіпкерлер бір жағынан табиғат алдында дәр­менсіз, панасы көк аспан, төсегі қара жер. Табиғат өз бауырына балаларын басып алып, ба­рынша қорғағысы келетіндей әсер қалдырады. Осы атмосфераны экранда көрсеткен оператор мен суретшінің үлесі орасан зор. Шөлді даланың панорамалары, түрлі ракурстар, жарық пен көлеңкенің құбылуы арқылы көрерменге негізгі ойды жеткізуге ықпал етеді. Түсі­рілім Алматы облысының Жар­кент қаласы маңындағы Ағаш көлінің жағалауында өткен.

Фильм атмосферасының ашы­луына сазгер Әділхан Байысбаевтың қосқан үлесі де айтар­лықтай. Көркем бейнелік қатарға әуен өзіндік динамика беріп отырады. Әуеннің өзі фильмнің негізгі идеясын толықтыра түседі. Өткеніміз бен бүгініміз бір арнаға тоғы­сып, ұлттық аспаптардың сүйемел­деуі­мен этно-рок стиліндегі әуен фильмнің мазмұнын терең­дете түскен.

Оазис – шөл даладағы сулы, өсімдіктері мен ағаштары бар, құмды шөлде жоғалған жолау­шы үшін өлімнен құтқаратын жұмақ мекен. Руслан мен Мәм­бет шөл далада осындай бір оазиске түседі. Руслан үшін – поли­циядан қашып, пана бол­ған жер болса, Мәмбет үшін – киелі, қасиетті атамекен. Атасы Әнес әулиенің аманатын орындауға келген Мәмбетке оазис – ата дәптеріндегі ілім-білім. Ал хақ оазис фильмнің соңғы көрінісінде: мақсатына жеткен Мәмбет түйелер керуенімен алыс көкжиекте сағым сияқты көрін­ген алтын күмбезді, азан шақыр­ған мешітке қарай жол тартады.

Алма АЙДАР,

Т.Жүргенов атындағы

Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы, кинотанушы, PhD докторы