Қазақстан • 12 Ақпан, 2018

Алматыда құсбегілердің республикалық турнирі өтті

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматының «Құлагер» ықшам ауданындағы ипподромда құсбегілердің республикалық турнирі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылған айтулы жарысқа еліміздің 10 аймағынан келген 60-қа жуық саятшы қатысып, үш күн бойы өзара мықтыны анықтады.

Алматыда құсбегілердің республикалық турнирі өтті

Ұлттық өнерді ұлықтаған  керемет сайыстың куәгері болуға  келгендердің қарасы қалың болды. Жаңа ереже бойынша барлық бүркітші тек ат үстінде жүріп өнер көрсетті.  Бүркітшілер алғашқы іріктеу кезеңінде  құсты ат үстінен қолға қондыру, шырға тарту сияқты өнерлерін көрсетіп сынға түсті. Ал, келесі кезеңге өткен бүркіттер қоян мен түлкіге шапса, қаршыға мен ителгілер қолға шақырылып, көгершін аулады.  Бұл жерде тек құстың сыны емес, құсбегінің киім үлгісіне де айрықша мән берілді.

Жарыс қорытындысы бойынша, ең жоғары ұпай жинаған 13-жасар бүркітші Бексұлтан Сейітжан үздік деп танылып, бас бәйгеге тігілген 200 мың теңгені еншілесе, ұпай саны бойынша екінші орыннан көрінген алматылық Ғабит Таңат 150 мың теңгені қанжығасына байлады. Үздік үштікті түйіндеген Мұратхан Дәулетхан 100 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.  Ұйымдастырушылардың шешімі бойынша 4, 5, 6-орындарды өзара бөліскен Арманбек Күнтуған, Бақдаулет Бабажан, Алмас Сейітжан есімді құсбегілерге де арнайы дипломмен қоса ақшалай сыйлықтар табысталды.

– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Әрине, оңай болған жоқ. Бірінші орынды кез келген қыран құсы ала бермейді. Сол үшін мен өзімнің құсым «Хантәңірге» алғыс айтамын. Мен бұл құсты баптап жүргеніме бес жыл болды. Қазір өзім он үштемін, алдағы уақытта да басқа турнирлерде бағымды сынап көрмекпін. Бабаларымыздан қалған асыл мұраны жас ұрпақ ары қарай жалғауымыз керек, – дейді жарыс жеңімпазы Бекасыл Сейітжан.

Бүркіттерден бөлек, саятқа қаршыға мен ителгі құстары да шығып, көгершін аулаған болатын. Бұл бәсекеде Дәурен Аршабай, Арай Серікбаева, Сұлтан Сейітжанбек, Медет Шәліпов, Берікболсын Бабажан, Нұрбақыт Бәкен есімді құсбегілер жарыс жүлдегері атанды. Олардың қатарында ең жас қатысушы ретінде көзге түскен қос Алматылық  Алғазиз Ғалымбекұлы мен Ерсұлтан Жұмағұл арнайы сыйлыққа ие болды.

«Қыран» Федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызының айтуынша, осыдан он жыл бұрын Алматы облысында бүркітшілердің алғашқы мектебі құрылған тұста республикада бар жоғы 15-ақ бүркіт болған. Қазір бұл өнермен әуестенгендердің саны 100 ден асып жығылады. Жыл сайын құсбегілік өнері кеңге қанат жайып, қыран ұстап, баптайтындардың саны артып келеді.

Еске салсақ, мұндай жарыс Алматыда алғаш рет 1988 жылы көршілес қырғыз, түркімен елдерінің қатысуымен өткен болатын. «Қыран 2018» атты  бұл іс-шара Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы және «Қыран» Федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ