Аймақтар • 13 Ақпан, 2018

«Екі қолға бір күрек...». Жетісу өңірінде жұмыссыздар 1 пайызға азайды

273 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты Жолдауында еңбек күші мен адам капиталын дамытуға ерек­ше көңіл бөлінген. Бұл қазіргі еңбек нарығындағы жағдайды са­рап­тап, сұранысқа ие мамандық иесі мен еңбек адамына деген лайықты құрметтің қалыптасуына жол ашуы тиіс.

«Екі қолға бір күрек...». Жетісу өңірінде жұмыссыздар 1 пайызға азайды

Әрине бұл үшін ел азамат­та­рының жұмыспен қамтылуы толық­тай шешімін табуы керек. Әсіресе аймақ­тардағы тұрғындардың күн­кө­ріс үшін күресуіне қолдау біл­ді­ріп қана қоймай, тұрақты табыс көзін табуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізі мін­де­­ті ретінде жүзеге асырыла бе­ре­­тіні анық. Сүйінерлігі, өңір­лер бұл жауапкершілікті абырой­мен ат­қарып отыр. Оның бір дәле­лін жа­ңадан ашылған жұмыс орын­да­­рының санымен өлшеп айтуға әбд­ен болады. Мысалға, Алматы об­лы­сында 2017 жылы 26 240 адам­ды еңбекпен қамтуға арналған тұ­рақ­ты жұмыс орны ашылған екен. Бұл дегеніңіз аймақтағы жан­данған өндірісті ғана емес, жа­ңа­дан ашылған кәсіпорын неме­се шыт жаңа қызмет көрсету ны­сан­да­рының саны артып, өңірдегі ша­ғын және орта бизнестің де алға жыл­жуының нәтижесін көрсетеді. Әлем­нің өкпесін қысқан дағдарыс уақытында елімізде қандай да  бір кәсіпорынның ашылуы мен ондағы «нөлден» басталған өнім өндіру үрдісінің іске қосылуы мақтаныш сезімін оятуы керек. Және осы өндіріс ошақтарында отандық еңбек күші жұмыспен қамтылып, жергілікті шикізатты тұтыну жолға қойылса, тіптен құба-құп.

Жақында Қарасай ауданында болған сапарымызда «Алматы өнімдері» атты кондитерлік фаб­­ри­каның өндіріс цехына бас сұқ­қанбыз. Бүгінде тұтыну нары­ғын­да «A Product» брендімен танымал болған кәсіпорынның өнімі жо­ғары сұранысқа ие. Көршілес Ре­сей, Қытай мен алыс шетелдер­ге де тәтті-дәмді кондитерлік өнім түр­лерін жөнелтіп отырған кәсіп­орын­­ның өндірістік қуаты жылына 13 мың тонна дайын өнім шығаруға есеп­телген. Өнімдері Орталық Азия ел­деріне, Ресейдің 13 қаласына жә­не Германия мен Беларуське экспорт­талады. Астын сызып ай­та­й­ық: кәсіпорын 500 адамды жұ­мыс­пен қамтып отыр. Және жұ­мыс­шылар мен қызметкерлердің бар­лығы дерлік Қарасай ауданының тұр­ғындары екен. Сұранысқа ие маман­дарды кәсіпорын қаржысына оқы­тып, қайта даярлап алады. Адам капиталына деген құрметтің бір түрі бұл да. Қазір фабрика кеңейіп, жаңғырту бағдарламасы негізінде қосымша цехтарды іске қосудың қамында. Бұйырса, тағы да жұмыс күші қажет болатыны анық. Демек, ауданның еңбек нарығында сұраныс артады. Әрі осы «A Product» конфет пен печеньеге қажетті ұн мен қант­ты, басқа да шикізатты облыс ау­мағынан тасымалдайды. Яғни көр­ші­лес ауылдардың егіншілері мен ди­қандарының да жұмысы жанданып тұр деген сөз. Осылайша, ауыл шаруашылығындағы кластерлік жүйенің дамуына да бір ғана өндіріс себепкер бола алады екен. Нәтижесінде мыңдаған адамның еңбегі жанып, нәпақа табуына жол ашылады.

Айтпақшы, бұл Қарасай ауда­нын­дағы жалғыз өндіріс орны емес. Дәл осы «A Product» зауытының іргесінде «Алматы-Стекло» ЖШС за­у­ыты да жұмыс істеп тұр. Соң­ғы үлгідегі цифрлы тех­но­ло­гия­мен жұмыс істейтін зауыт түр­лі пішіндегі шыны ыдыстар мен құты­лар­ды құйып шығарады. Өн­ді­ріс­тің мүмкіндігі жылына 120 миллион данаға дейін тапсырыс орын­дауға жетеді. Мұнда да бес жүз­ге жуық адам жұмыс істейді. Бір аудандағы еңбек нарығына деген сұраныстың мысалы осы. Сосын облыста дәл осы өнеркәсіп саласында 2017 жылы 65 жаңа кәсіпорын ашылып, бұған дейін жұмыс істеп тұрған 30 нысан кеңейтілген болатын. Соның негізінде тек өндірісте ғана қосымша 1 800 жаңа жұмыс орны ашылды дейді деректер.

Бірақ бұл Жетісуда жұмыс­сыз­дар жоқ дегенді білдірмейді. Өт­кен жылы өңірдің өкілетті орган­дарына 48 390 адам «екі қолға бір күрек» сұрап жүгінген екен. Со­лар­дың ішінен 32 362 адам­ға ға­на ең­бек өтілін жалғауға мүмкін­дік ту­ыпты. Мұның сыртында қоғам­дық жұмысқа  тартылған 10 120 адам тағы бар. Бұл тізімге мегаполис ма­ңын­дағы аудандардың тұр­ғын­да­ры кірмей қалуы да мүмкін. Өйт­ке­ні Алматының қара базарын­да қан­ша адамның арба сүйреп жүр­генін тап басып ешкім айта алмас. Олардың арасында Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудан­да­рының тұрғындары жеткілікті. Демек, облыста өзін өзі жұмыспен қамтитын топтың да қарасы едәуір болып қалады...

Облыста мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмекке мұқ­­­таж отбасылардың да саны аз емес екен. Былтыр жалпы сомасы 3149,3 млн теңге болатын әлеу­ме­т­тік көмек түрлері 146,9 мың адам­ға көр­­­сетілген.  Бұл қаржының 768,6 млн теңгесі аз қамтылған отба­сы­­лар­дағы 18 жасқа дейінгі 37,7 мың  ба­лаға төленсе,  104,3 млн тең­­ге мемлекеттік атаулы әлеу­мет­тік кө­мек ретінде 2,6 мың адамға бе­ріл­­ген.

Сөз басында Алматы облы­сын­дағы 26 240 адамды еңбекпен қам­­т­уға арналған тұрақ­ты жұмыс ор­­ны ашылғанын айтқанбыз. Ма­ман­­­дардың дерегі бойынша, бұл­ көр­сеткіш аймақтағы жұ­мыс­­сыз­дық деңгейін 4,7 пайыз мөл­ше­рінде анықтап, бұрнағы кезең­мен салыстырғанда 1 пайызға төмендегенін айтады. Яғни 2016 жылы жетісулық жұмыссыздар армиясы жалпы еңбек нарығының 4,8 пайызын құраған екен. Әрине болмашы болса да ілгерілеу бар...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51