Әдебиет • 13 Ақпан, 2018

Тұмар қыздың төрі

6164 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халықтың жады – көмбе. Осы көмбеден «сары майдан қыл суырғандай» сыр суыртпақтата алсақ, ол – рухани азық. Маңғыстауда көмбе көкірек, құйма құлақ қазына-қарттардан бүгінге жеткен көп әңгіменің бірі Томирис ханшайымға қатысты.  

Тұмар қыздың төрі

Тарихта Томирис ханшайым қазақ арасында, әсіресе маңғыстаулықтар үшін кәдімгі – Тұмар қыз. Кәріқұлақтардың Каспий теңізінің шығыс бетін мекендеген массагеттердің айтулы патшайы­мын «Тұмар» деп еркелете атауына, іштартуына және арада қанша ғасыр өтсе де патшайымға деген құрметтің, махаббаттың өзгермейтіндігіне қайран қаласың.

Томирис тақырыбы талай шығар­маның өзегі болды – драма жанрында сах­наның сәніне айналса, поэзияда ірі­лі-ұсақты өлеңдер болып өрілді, әдемі әң­гіменің желісі, келісті шығарманың өрісі, мазмұнды мақаланың мағызы бол­ды. Олай болуы заңды да, себебі бір елді табысты басқарған, затым әйел екен деп төменшіктеп-жасқанбай, пасық пи­ғылдағы басқыншымен тайсалмай тең сөйлесіп, елі мен жері үшін қандай қиын істерге де белін бекем буып, жауын батырларша жер жастандырған арудың ерлігі қалай мақтануға да лайықты, қандай құрметке де осал емес, керісінше қалам мен қағаз бетіндегі дәріптеулерден соң, соны шараларға сұранып тұр. Томирис туралы өлеңінде Сабыр Адай:

Біздің Тұмар – Мойындағы намыс-ты,

Ұлы жорық таныс-ты.

Ата жауға біздің елде орын жоқ,

Кир патша, олда келіп қан ішті.

Біздің Тұмар – Көк Түріктің тұмары,

Биігінде тұр әлі.

Біздің Тұмар – бар ерліктің анасы,

Хақтан намыс, елден жеңіс сұрады.

...Біздің ару Маңғыстаудың түлегі,

Ұлықтайды балапанын қыр елі.

Томирисім – Менің асыл Тұмарым,

Саған тосын, маған мәлім сыр еді, дейді.

Белгілі жазушы Әнес Сарай Томирис тақырыбында берідегі көп әңгімені былай қойып, «тарих атасы» – Томирис туралы деректің «түп нұсқа» қолжазбасының авторы атанған гректің ғұламасы Геродот жазбаларын оқуға кеңес береді. Дерек біреу – өмірден өткен күйеуінің орнына ел билігін қолына алған әйел пат­шаға парсы патшасы Кирдің сөз салуы. Кирдің негізгі ойы, түпкі мақсаты өзі, өзіне деген шексіз махаббат сезімі емес, көзінің құрты, көкейінің арманы болған массагеттердің байтақ жері, бай­лық-дәулеті екендігін сұңғыла парасатпен аңғара алған патшайым оған келісім бермейді. Расында, көңілінің түкпіріндегі ойы басқа болған және оны патшайымның сезіп қалып, сөзін аяқасты етуі Кирдің ашуына тиіп, жауласуға көшеді. Екі араға хабар тасыр жүйткіген елші-жаушылар арқылы мұның да мән-жайы шешіліп, жоспары айқындалады. Яғни қайсар қыз өзеннің арғы бетінде не бергі бетінде соғысудың Кирге тиімдісін таңдауды ұсынады. Кеңесшілерінің алуан пікірлеріне құлақ қойып, әрі-бері ойланған Кир бергі бетке өтуді қолай көріп, өзінің соғыс жос­парын, алдау-арбаудың амал-әдіс, айла-шарғыларын ойластыра бастайды. Және дәл сол жолы дегені келіп, ойлағаны болып Томиристің ұлы бастаған дұшпандарын жер жастандырып, алғашқы жеңістің дәмін татады. Көңілі желдей есіп, ертеңге деген алып-ұшқан сеніммен қан майданға құлшына кіріседі. Бұл жоспар, яғни Спаргапистің алданып қолға түсіп, қапияда қаза табуы Кирді қанаттандырса, керісінше Томиристі қатайта түседі. Біріншіден, елі мен жеріне қызыққан дұшпанның ашкөздігі, екіншіден өзін әйел басшы деп басынуы, үшіншіден соғыста ер-азаматқа тән ерлікпен емес, алдау-арбаумен мас­сагеттік әскердің үштен бір бөлігін өлтіруі және сол арзан да арсыз жеңіске менменсіп, дандайсуы, намыстың шоғы өзегіне түсіп, аузынан жалын ата «аһ» ұра аласұрып, өкініштің уы бойына тараған ұлы Спаргапистің мәжбүрлікпен өлім құшуы Томиристің шынайы ашуын тудырды, қанқұмар Кирден кек алып, өз қанына өзін қандыруға ар-намысының биігінен серт берді. Солай болды да. Кеше ғана желіктірген жеңіс буы Кир үшін өткінші болып шықты. Қиян-кескі майдан даласында екі жақтан да ажал құшқан әскердің есебі жоқ, соғыстың әр әдісіне салып – біресе садақтан керіле тартқан жебелер желдей ессе, бірде найзалар сарт-сұрт соқтығысып, соңында қолма-қол ұстасып, қанжарларын оңды-солды сілтей өршеленген жауынгерлер бір-біріне беріспей соңғы күш сарқылып, соңғы дем қалғанша тіреседі. Қан судай аққан шайқаста Кир қаза тауып, әскері ойсырай жеңіліп, тізе бүгеді. Ұмар-жұ­мар құлап, үйіндіге айналған көп өлік­тің ішінен Кирдің денесін тапты­рып, басын кесіп алдына әкелдірген То­мирис уәдесінде тұрады – қан толы мес­ке Кирдің басын салып, «қанқұмар Кир! Өз қаныңды тойып іш!» дейді. Бұл же­ңіске мастану немесе ақымақ әйелдің астамшылығы емес, бұл – ерлік, көкейін дүние құрты тесіп, тойымсыздықпен талай жазықсыз жандардың қырылуына себепші болған патшаны жазалау, әрі қан майданда емес, улы шарап беру әдісімен қолға түскен ұлдың кегі, әрі қисапсыз дүние мен байлықты, шексіз билік пен мансапты аңсағандарға сабақ және соңғы сәтке дейін сабырға шақырғанымен, оған тоқтай білмеген тоғышарға берген серт-уәдесін орындау, әйел де болса айтқан сөзінде тұру! Бұл – үй арасындағы дау-дамайдан туындаған жай ғана әйелдік долылық пен көкбеттік емес, ел мен жер тағдыры талқыға түскен сәттегі нағыз патшайымға жарасатын мінез, батырға тән мәрттік, патшайым түгілі кез келген пат­шаның бойынан табыла бермейтін табан­дылық, қайсарлық.

Сақ тайпасының жаужүрек жауынгер тарауы массагеттердің, олардың ба­тыр патшайымы Томиристің ерлігі ту­ралы деректі қазақтың көнекөздері ой­­дан шығарып, елеспен есілте айт­па­ғаны анық. Халықтың жадына бұл­ тарих кімнен, қалай келсе де – тарих­тың өлмейтіндігінің, ерліктің ескір­мейтіндігінің, шежіренің шертусіз және ақтың арашаланбай қалмайтындығының дәлелі. Ә.Сарай жазбаларында айтылған­дай, Геродоттың б.д.д 530 жылы бол­ған қанды қырғынды, әсіресе әйел пат­­ша­ның ерлігін бір ғасыр кейін қала­мына іліктіруінің себебі де тарихи өмір­­шеңдіктің, арада қанша уақыт өт­­се де түптің түбінде ақиқаттың же­ңіп шығатындығының көрінісі болса ке­­рек. Қос патшаның қырғынына куә бо­лып арада жатқан Аракстың Әму­да­рияның Узбой тармағы, сол кезеңдегі массагеттердің мекені бүгінгі Маң­ғыстау, Үстірт үсті екені анық.

Өзінен бұрынғы жазба деректерге үңілген «Тарих атасының» назарын аударып, қызығушылығын тудырған, оқыған жанды әсерге бөлемей қалдыра алмайтын Томирис ерлігі – ұрпаққа нағыз отан­сүйгіштіктің, табандылықтың, қай­сарлық пен намысшылдықтың үл­гісі. Ұлттық ерекшелікті сақтап, ар-на­мысын ешкімге таптатпайтын ұрпақ тәр­биелеу үшін тәлімді мінез мектебі. Тұмар патшайымның ерлігіне тәнті болып, есіміне риза болып қана қоймай, оны төл бастауымызда тұрған айтулы тұлғалардың бірі ретінде қарап, кең көлемде дәріптеп, насихаттайтын кезең келді. Сондықтан талай та­рих­қа куә болған кәрі Каспийдің жа­ға­сынан, әдемілігін асырамын деп алуан жоспарларды алдына қойған Ақтаудан ескерткіш орнату, өзге де тағылымды шаралар арқылы ұрпақ санасын жаңғырту жұмыстары қолға алынуы тиіс. Томирис кеудесін өзгеге таптатпай, өз биігін аласартпай, ар туын асқақтатып пешенесіне жазылған фәниді сүрді, тарихта – тек қазақ арасында емес, әлем тарихында өшпей мәңгіге аты қалды, басқа елдің әйел атаулысын айтпағанда, қазақтың ел үшін отқа да, суға түсіп, кеудесін оққа төсеген Бопай, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды мыңдаған қайсар қыздарының маңдай тіреген шамшырағы болғанына дау жоқ. Демек, ол ескерткішке де, өзгеге де зәру емес, алайда аласапыран уақыт өтінде адаспау үшін, ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелеу үшін ұлылардың ұлағатына қашанда біз зәруміз және кешегі теңіз деңгейінен төмен жатқан деген атауды терең деген теңеумен алмастырған, түбек деген түкпірлік сөзді дәліз деген өткізгіштік мағынамен ауыстырған, көмескіленген көне тарихын жаңғырта жарқырату жолындағы Маңғыстауда Тұмар ханшайымның есімі елдің есінде болғанмен, алуға тиіс бағасы, орны олқы соғып келе жатқан сынды. Ендеше төріңді тап, Тұмар қыз!   

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы