Қазақстан • 14 Ақпан, 2018

Мұғалім пайымы: Табысты болудың кілті – білімде

1093 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында табысты болудың басты факторы білім екеніне назар аударады. «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп атап өтеді Мемлекет басшысы.

Мұғалім пайымы: Табысты болудың кілті – білімде

Еліміздің білім туралы заңнамаларына сәйкес, мұғалім мемлекеттік өлшем деңгейінен төмен болмайтын білім беруі тиіс. Ал жақсы нәтижеге жету үшін ұстаз оқытудың белгіленген технологиясын игеріп, оны сабақ барысында пайдалануы қажет. Осыған байланысты біздің мектебімізде оқушыларға білім берудің тиісті технологиялары жасалып, олар тәжірибеге енгізілуде. Мысалы, тарих пәнін алайық. 

Жалпы білім беретін мектептерде тарих пәнін оқытудағы негізгі мәселенің бірі – оқушылардың білімді өз бетінше игеруі. Бұл жерде мұғалімнің сабақ өткізудің үлгісін құрып, оны жетілдірудің жолдарын табуы ерекше рөл атқарады. Өз кезегінде ол оқушылардың белгілі бір тарихи оқиғаны немесе тарихи тұлғаны танып-білуге деген ынтасын, ойлау қабілеттерін арттырады. Сонымен қатар олардың танымдық белсенділігі мен ізденушілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз қалайды. 

Біздің ауданда көнеден сыр шертетін тарихи орындар мен кезінде ерен еңбегінің арқасында көпшілікке үлгі болған ағаларымыз, ата-әжелеріміз баршылық. Соларды оқушылар назарына ұсынып, игі істерінен хабардар ету ұстаз-мұғалімдердің міндеті десек, қателесе қоймаспыз. Өйткені өз туған өлкеңнің тарихын білу кез келген азаматтың борышы деп білеміз. 

Аудан аумағында күллі әлемге белгілі Шарын шатқалы бар. Тарихы әріден басталатын осы ескерткішті көруге, оны тамашалауға арнайы келе­тін туристер қатары жыл өткен сайын көбейе түсуде. Оның тарихын біз­дің мектептің мұғалімдері мен оқушы­лары жақсы біледі. Себебі мектеп басшы­лығы оқушыларды Шарын шатқа­лына экскурсияға тұрақты апаруға барлық жағдайды жасап отырады. Оның үстіне мектеп оқушыларына Шарын шатқалымен қатар, өзге де жер атау­ларының тарихына қатысты қосымша сабақтар өткізіледі. Ондағы мақсат – шәкірттерге өз туған өлкесінің кешегі және бүгінгі тарихынан хабардар ету. 

Кезінде осы ауылда өмірге келіп, еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан ата-әжелеріміздің өмір жолын, еңбек жолын оқушылар назарына ұсыну тәжірибесі мектебіміздің оқу бағдарламасына енгізілген. Мысалы, биылғы оқу жылының бірінші жартысында соғыс және еңбек ардагері Заманбек Батталхановтың, сондай-ақ Халық қаһарманы Мөрдін Тайыповтың өмір жолына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Осындай іс-шаралардың жасөспірімдерді адал­дыққа, еңбекқорлыққа, батылдыққа тәр­биелеуде орны ерекше бөлек екені даусыз. 

Елбасымыздың «Төртінші өнер­кә­сіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс» деген сөзі елі­міздегі білім беру мекемелерінде істейтін жандарды жігерлендіріп, алға қойған міндеттерді іске асыруға жұмылдырады деген сенімдеміз. Әрине олардың ішінде Үлкен дихан мектебінің ұжымы да бар. 

Гүлбақыт ИГІСИНОВА,
Үлкен дихан орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі 
Алматы облысы,
Ұйғыр ауданы