Қазақстан • 14 Ақпан, 2018

Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай ауданда үлкен дайындық басталды

701 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына орай, биыл осынау алып тұлға атындағы ауданда бірталай шаруа қолға алынған. Үстіміздегі жылы мұнда облыстық бюджеттің қаражатына 35 шақырым жол, Нұра өзені арқылы өтетін көпір жөнделеді. Демеушілердің көмегіне сүйеніп, жыраудың аудан орталығындағы бетон мүсінін қоладан қайта құю да жоспарда бар. 

Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай ауданда үлкен дайындық басталды

Көмекей әулиенің мерейтойын өз деңгейінде атап өту шараларына облыс әкімі Ерлан Қошанов ерекше мән беріп отыр. Бүгінге дейін өңір басшысы осы шаруаның жай-жапсарын пысықтаған екі жиын өткізді. Қазіргі уақытта нақты қолға алынатын жоспар-жобалардың сұлбасы айқындалып, ресми түрде бекітілудің аз алдында тұр. Соның бірі – әйгілі жыраудың кесенесін жанындағы мұражай үйімен қосып жөндеуден өткізу. Бұл мақсатқа облыстық бюд­жеттен 70 миллион теңге бөлін­бекші.

Бұл бағытта Бұқар жырау­дың есімін иемденген ауданның басшылығы да қарап отырған жоқ. Жалпы халыққа ортақ тұлғаның тойына деген әзірлік жан-жақты жүргізілуде. Аудан үшін бұл үлкен сын екендігі түсінікті. Сонымен қатар мерей­тойға дайындық шаралары аясында басқа да өткір тұрған бірқатар мәселенің түйі­нін оңынан шешіп алу бұқар­жы­раулықтар үшін үлкен олжа болмақ.

Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Мамалиновтің айтуынша, тұрғындарды орта­лық­тандырылған сапалы сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табады. Алдағы екі жылда тоғыз елді мекеннің аума­­­ғында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалмақ. Жақында Қаражар, Ботақара, Асыл, Жаңаталап, Ше­­шенқара, Трудовое, Қызыл­жар, Жаңақала, Доскей, Самар­қан елді мекендерінде су құ­быр­лары желісін орнату мен қай­та істеудің жобалық-смета­лық құжаттамасын жасау қолға алынды.

Доскей ауылында кәріз жүйелерінің 95 пайызы әбден тозған. Оларды жаңарту және қайта құрастыру жұмыстары жақын айлардың жоспарына енгізіліп отыр. Сонымен қатар  Ғ.Мұстафин кентінің кәріз жүйе­лерін қайта құрастыру мен Сарытөбе, Байқадам, Үштөбе ауыл­дарында су құбырларын тартуға да аудандық бюджеттен қаржы бөлінді.

Ағымдағы жылы ауданда энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар да жалғаса береді.

– Қазір біз қалдықсыз жұмыс істейтін алғашқы қоқыс өңдеу зауытын іске қосуға әзірлік үстін­деміз, – дейді аудан әкімі. – «ЖанАру» ЖШС-не төрт гектар жер берілді. Айына сегіз мың тонна қоқыс өңдей алатын зауыт қараша айында іске қо­сылады. Қоқыс престері орнатылып, ауылдардан қатты тұрмыс қалдықтарын жинау мен сұрыптау пункттерін ашамыз.

Бұқар жырау ауданында халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ерекше ден қойылған. Диспансерлік есепте тұрған жандарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатына 39 млн теңге бөлінді. Ауданда үш әлеуметтік дәріхана жұмыс істейді.
Білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіру жұмыстарында да дамыл жоқ. Ағымдағы жы­лы «Көкпекті» ауылында жеке­меншік балабақша ашылды. «Білім беру робот техникалары» жобасының аясында жұ­мыстар атқарылуда. Қызылжар ауылындағы орта мектепте күр­делі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Ауданда әлеуметтік тұрақ­тылық пен халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Ма­ңызды көрсеткіштердің бірі – жұмыссыздықты азайту. Жұ­мыссыз ретінде ресми тіркел­гендер саны қазір 110 адам, яғни жұмысқа қабілетті халықтың 4 пайызы.

Аудан халқының дене шы­нықтыру және спортпен шұ­ғылданатын бөлігінің үлесін биыл 29,9 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта Қу­шоқы кентінде балалар мен жасөс­пірімдердің спорт клубы ашылмақ.

Бұқар жырау ауданы ұлы жыраудың мерейтойына лайық­ты әзірленуде.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы