Футбол • 14 Ақпан, 2018

«Спортинг» командасының бас бапкері: Жасанды алаңда ойнауға қарсымын, алайда Астана ауа-райы ойымды өзгертті

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» - «Спортинг» арасындағы матчтың алдында бас бапкерлер баспасөз мәслихаты өтті.

«Спортинг» командасының бас бапкері: Жасанды алаңда ойнауға қарсымын, алайда Астана ауа-райы ойымды өзгертті

- Соңғы кезде әбір 3-4 күн сайын ойнап жатсыздар. Бұл сіздің командаңызға кері әсерін тигізбей ме?

- Бұл енді қатты қиналатын жағдай емес. Менің командам мұндай режімге үйреніп алған. Одан бөлек, осы жолы 7 сағат бойы ұшақпен ұшып келдік. Жол ауыр болды. Дегенмен, Еуропа лигасы жарысына да қатты маңызбен қараймыз. Сондықтан да, біз сабырлы болуымыз керек. Бірінші рет синтетикалық алаңда өнер көрсеткелі тұрмыз.  Ертең барынша күш салып өнер көрсететін боламыз.

- Еуропа лигасының финалында екі рет ойнадыңыздар. Ендігі мақсатыңыз қалай? Биыл да жеңіске жету мақсатын қойып отырсыз ба?

- «Спортингтің» мақсаты әрбір турнирде жеңіске жету. Біз жәй әшейін қатыса бермейміз. Егер қатысып, мақсат қойып ойнасақ, соңына дейін нәтижені талап етеміз. Сондықтан да, Еуропа лигасын биыл жеңіп жатсақ, бұл өте жақсы көрсеткіш болар еді. Көптеген еуропалық клубтар секілді Еуропа лигасын менсінбейтіндердің қатарынан емеспіз.

- Рафаел мен Матье жайлы айтып өтсеңіз. Олардың ойынға дайындығы қаншалықты.

- Екеуі де талантты футболшы. Матьені біз Астанаға әкелмедік. Оның аздаған жарақаты бар. Оның үстінде мында жасанды алаң екен. Мұндай алаңда жарақаты асқынып кетуі мүмкін. Ал жалпы айтар болсам, жасанды алаңда футбол ойнаған дұрыс емес дер едім. Алайда, Қазақстандағы ауа-райын көріп мен амалсыз іштей тынып отырмын. Сіздердің жағдайларыңызды түсіндім.

- Сіз үшін ішкі чемпионатты жеңу маңызды ма, әлде Еуропа лигасы ма? Қазір, біріншілікте «Портудан» едәуір қалып келе жатсыздар ғой. Бәлкім Еурокубоктан гөрі Португалия чемпионатына ден қоятын шығарсыз.

- Иә, рас айтасыз. Біздің мақсатымыз, ең алдымен Португалия чемпионатын жеңу. Ал Еуропа лигасы қосымша бонус секілді ғой. Менің ойымша екеуін де қатар алып жүруге болатын секілді. Оның үстіне қазір тек плэй-офф ойындары ғой. Аса қатты көп ойын өткізіп шаршамайсың да.

Ермұхамед МӘУЛЕН