Қазақстан • 15 Ақпан, 2018

Олимпиаданың бір аптасы өте шықты

247 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Олимпия ойындары әдетте он жеті күнге созылады. Пхенчхандағы Ақ Олимпия ойындарының бір аптасы зу етіп өте шықты. Әзірше өскемендік өжет қыз Юлия Галышеваның жалғыз қола медалі жанкүйерлердің көңіліне медет болып тұр.

Олимпиаданың бір аптасы өте шықты

Қазақтардың оң жамбасына келетін жеті деген сан бізді қуанышқа бөлей алған жоқ. Олимпиаданың жетінші күні жерлестеріміз ала-құла өнер көрсетті. Үкілеп қосқан медаль алады деген Алексей Полторанин классикалық тәсілмен спринтерлік қашықтықтың іріктеу сайысында он үшінші нәтиже көрсетіп, ширек финалға шыққанда бөркімізді аспанға атып қуанып едік, асыққан екенбіз, небәрі төртінші орынмен жартылай финалға қатыса алмады. Ал тағы бір жерлесіміз 51-орынды қанағат тұтқан Елена Коломина, Валерия Төленова көштің соңына жайғасты. Шорт-трекшілер де білгендерінен жаңылып қалғандай әсерге бөледі. Әлем кубогы кезеңдерінде тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген Мәдіғали Қарсыбеков шәкірттерінің жолы болмай-ақ тұр. Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғалиев және Еркебұлан Шамұханов эстафеталық жарыста үшінші нәтижемен финалға өте алмады. Ал конькишілеріміз Денис Кузин мен Федор Мезенцевтің көрсеткіштері де нашар, жарысты ерте аяқтады.

Шынында да, енді кімнен медаль күтуге болады. Кім білсін, Алексей Полторанин елу шақырымдық классикалық марафонда бар күшін салып, намысты қолдан бермеуге тырысар. Алайда оның қарсыластары кілең мықтылар. Шорт-трекшілердің шамасы белгілі болып қалды. Корея мемлекетінен аттай қалап алдырған шорт-трекші Ким Ионг А бәлкім қуантып қалар. Биатлоншылардың ішінен жалғыз семейлік Галина Вишневская алғашқы алтылыққа ену үшін тырысып бағар.

Осы орайда мына бір ой мазаны алады. Кілең бір дарынсыз, тіпті алғашқы ондыққа немесе жиырмалыққа енбейтін шаңғышы, конькишілер немесе басқа спорт түрлері шеберлерін аса жауапты додаға алып барудың қажеті болар ма екен? Үкімет олардың шет­елдерде дайындалуына, сапарға шығуларына зор қаржы бөледі. Бірақ та Олимпиадада нәтиже жоқ. Оның үстіне бізде резерв әзірлеуге жете көңіл бөлінбейді. Елена Коломина кезінде сөз жоқ, жақсы нәтиже көрсетіп келген. Азия ойындарында, басқа да халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап келді. Бірақ та жасы отыз беске келген спортшыдан жоғары нәтиже күткен жөн емес.

Кадрлар әзірлейтін орын жоқ емес, бар. Шығыс Қазақстан облысының табиғаты тамылжыған, жеті ай бойы аппақ қар жататын Риддер қаласында осыдан он бес жыл бұрын спорттағы дарынды балаларға арналған олимпиадалық мектеп-интернат құрылған еді. Соңғы үш жылдан бері мектеп-интернат, колледж деген атақты иеленді. Мұнда білім алуға барлық жағдай жасалған, бес мезгіл тағам беріледі. Үздік оқығандар стипендия алады. Соңғы жылдары шығыстағы оқу орнына сонау Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарынан, Астанадан қызығы көп қысқы спорттан бағын іздеген талаптылар келіп түсе бастады. Олар қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Колледжді бітіргендер әрі қарай  оқуын жалғастырса, қалғандары мектептерде қысқы спорт түрлерінен сабақ бере алады. Міне, Риддердегі спорт мектеп-интернатына көмекке, қаржыға зәру, жаңа оқу корпусы, жазда роликпен жаттығатын алаң ауа­дай қажет. Сонымен бірге бұл жерде биатлонмен жаттығуға да қаржы көзі керек.

Жур­налистер осы жолы Пхенчхан Олим­пиадасының бұрқ-сарқ еткен ойындарынан айтары жоқ, тамаша жедел репортаждар беріп, жанкүйерлерін қуантып жатыр. Олимпиада ойын­дарында олармен жиі кездесіп жүрдік. Алайда бізді 200 мыңнан астам оқырманы бар Отанымыздың бас газеті – «Егемен Қазақстанның» бірде-бір журналисі болмауы таңғалдырды. Тәуелсіздік алғалы «Егеменнің» тілшілері Олимпия ойындарынан репортаждарды үздіксіз беріп келген. Тіпті сонау айшылық алыстағы Сиднейден «Егеменнің» төрт бірдей журналисі Бекзат, Ольга, Ермахандар алтын алқа алған кезде жүректері жарылардай қуанып, ең бірінші болып газет оқырмандарынан сүйінші сұраған. Газеттің тиражы 200 мыңнан асатынын, оның бір миллионнан астам оқырманы бар екенін ескерсек, Ұлттық Олимпиада комитеті басшыларының қазақ тілді оқырмандарды менсінбегені ме деген ой келеді. Әлде олар ана тілінен мақұрым ба?

Осы жолдардың авторы өт­­кен жылдың қазан айында ҰОК басшыларының бірінің қабыл­­дау­ында болып, «Егемен Қазақстан­ның» тілшісіне аккредитация берме­­ген­деріңіз қалай деп сауал тас­та­­ғанда, олар бізге өтініш жасаған жоқ, енді кешігіп қалды деп жауап қай­­тарды. Ал шынында газет тіл­­шісіне тіркеу болады деп хабар­лан­ған. Ал өзім жайлы айтатын бол­сам, рес­публикалық «Қазақ спорты» газе­тінің Шығыс Қазақстан об­­лы­сын­дағы меншікті тілшісі қыз­метін ат­қар­ғаныма төртінші жыл. Ал мені тіркей аласыздар ма деген сауал­ға ол баяғыда, қыр­күйекте аяқтал­ған деген жауап алдық. Демек, рес­публикалық га­зет тілшілері қол жеткізе алмай ар­манға айналған аккреди­тация өңірлердегі спорт жур­на­лис­терінің түсіне де кірмес.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін Пхенчханнан (Оңтүстік Корея)