Өнер • 15 Ақпан, 2018

Ықыластың қобызы

1046 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ықыластың қобызы

Ұлы Қорқыт бабаның өнерін кейінгі ұрпаққа аманаттауда айрықша еңбек сіңірген әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы екені даусыз. Ғасырлар то­ғысында өмір сүрген қо­быз­шының даңқы бүгінде ұрпақтар жадында. Ықылас бабамыздан қалған жәдігерлердің бәрі де құнды болғанымен, әсіресе оның сайын даланың дегдар болмысын бойына тартқан қобызының құді­реті бір төбе. Жалпы, Ықы­лас Дүкенұлы жайлы деректер Сарысу өңірінде көптеп кез­деседі. Ауданның Байқадам ауы­лына кіреберістегі күйшінің құр­метіне қойылған мазарының қобыз тектес кө­шір­месі де ауық-ауық қобыз үнін шы­­ғарып тұра­тынын тұрғындар­дың талай рет айтқаны бар.

Бүгінде Жам­был облыстық та­ри­хи-өлкетану му­зейінде Ықылас Дү­­кен­ұлының қо­бызы сақтаулы тұр. Тарихи деректер бойынша, бұл қо­бызды күйші өз қолымен ойып жасаған екен. Қобызшының тірлігінде айнымас серігі болған бұл ас­пап­ты әуелі кіші ұлы Ақынбай мен келіні Рәзия көздің қарашығындай сақтап келіпті. Кейіннен Ақын­бай дүние сал­­ған соң Рәзия әже бұл қобызды өткен ғасыр­дың сексе­нінші жылдарына дейін ешбір жанға көрсетпепті. Бұл кісі де өмірінің соңында күйші қобызын ұлы Дәулет пен келіні Алтынға аманаттайды.

Музей директоры Гүлнұр Ембердиева бұл құнды жә­дігерді қорға Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылының тұрғыны, қобызшының шөбере келіні Алтын Ақынбаева өткізгенін айтады. Ал ұлы қобызшының қолында талай уақыт бойы қазақ даласын күймен тербеткен қара қобыздың оқыс жағдайда дыбыс шығаратын қасиеті де тылсымға толы. Бүгінде бұл ерекше қо­быз күйші ұрпақтарының ұқып­тылығы арқасында бір ғана әулеттің емес, тұтас қазақтың құнды жәдігеріне айналып отыр. Қазақтың күй өнерін, көне аспаптарды зерттеуші мамандар үшін де, болашақта ықыластанушы жастар үшін де бұл таптырмас олжа.

 

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы