Парламент • 16 Ақпан, 2018

Сенаторлар маңызды мәселелер көтерді

210 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің мүшесі етіп сай­лады. Сондай-ақ осы күнгі жиын аясында де­пу­тат­тардың үштен бірі сауалдарын жария етті. Яғни қоғам өмірін­дегі маңызды мәселелер қам­тылған 17 депутаттық сауал Премьер-Министр мен Бас прокурорға және Ұлт­тық банк төрағасының аты­на жолданды.

Сенаторлар маңызды мәселелер көтерді

Алдымен сенаторлар Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы ара­сындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсім­дерге қатысты келісімді рати­фи­­ка­циялады. Келісім Алматы қа­ла­­сын­да 2013 жылғы қарашада рес­­­ми түрде ашылған Солтүстік және Орталық Азияға арналған Субөңір­лік бөлімшенің жұмы­сын қам­та­масыз етуге жәрдемдесе­ді. Бұл құжат транзиттік сауда, су және энергетика салаларын­да­ғы біріккен жобалар бойын­ша Қазақ­стан­ның Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Азия мен Тынық мұхит ел­дері­не арналған Эконо­ми­калық және әлеу­меттік комис­сиясымен (ЭСКАТО) ықпал­дас­тығын нығайта түседі. Сон­дай-ақ Қазақстан тарапы­на Бөлім­шенің жұ­мысына және кейбір бағ­дар­лама­ларды іске асыруға бөлінетін ерікті жарна бойынша Бөлімшеден жыл сайын есеп алуға мүмкіндік береді. 
Осы заң жобасы бойынша баян­дама жасаған Сыртқы істер ми­нистрі Қайрат Әбдірахманов атал­ған келісімнің 8-бабына сәйкес, Суб­өңір­лік бөлімше­нің әкімшілік және қар­жы­лық рәсімдеріне қатысты қо­сым­­ша ха­лық­аралық шарт жасау көз­д­ел­генін айтты. «Әкімшілік және қар­­жылық келісімге сәйкес, қазақ­стан­дық тарап ЭСКАТО-ға жыл сайын 100 мың АҚШ дол­ларын, кеңселік үй-жайды және бағдарламалық іс­кер­лік іс-әрекет шараларын жабу­ға бөл­еді. Соны­мен қатар кеңсе­лік үй-жай береді. Осы заңды қабыл­дау рес­­пуб­­­ликалық бюджеттен келі­сім­де қарас­­тырылған сомадан басқа қо­­­сым­­ш­а қаражат бөлуді қажет ет­п­ей­ді», деді ол. Министр сонымен бір­ге қарастырылып жатқан мә­се­ле­нің саяси маңыздылығын да атап өт­ті. «Келісімнің ратифика­ция­­­сы Қазақ­станның ЭСКАТО-ның мақ­­саттары мен міндеттеріне бе­­­йім­­­делуге, Азия және Тынық мұ­­­­хит өңірлерімен байланыс­ты ны­­­ғайтуға мүмкіндік береді. Суб­өңір­лік бөлімше Елбасы­ның бас­та­масына сәйкес, Алматы қала­сын­дағы көпжақ­ты дипломатия жө­­нін­­дегі халық­ара­лық хабын құру тұ­жыр­ы­м­дама­­сы­на сай келіп отыр. БҰҰ хабы халық­ара­лық ұйым­ның Орталық Азия­дағы ұйым­­дары­ның тиімділігін арт­­ты­руға ба­­ғыт­талған», деді Қ.Әбді­рахманов.

Отырыста 1996 жылғы 16 қыр­күйектегі Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Үкiметi мен Әзербай­жан Рес­пуб­ликасының Үкiметi ара­сын­дағы Табыс пен мүлiкке қосар­лан­ған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бер­меу туралы конвен­ция­ға өз­­ге­рістер мен толықтыру­лар ен­г­ізу туралы Қазақстан мен Әзер­­­бай­­жан арасындағы үкімет­ара­лық хаттама ратификация­ланды. Қар­­жы министрі Бақыт Сұл­танов та­ныс­тырған заң жоба­сында қол­даныстағы заңна­маға сәйкес, кон­вен­ция қолда­ны­латын Қазақстан мен Әзербай­жан салықтарының атау­лары нақ­тыланған. «Жаңа мәтін­де уағда­ласушы мемлекеттерде рези­денттікті айқындау және тұрақ­ты мекеме құру тәртібін реттей­­тін бап­­тардың ережелері де нақ­тыла­на түсті», деді баяндамашы.

Осы күнгі отырыс аясында Сенат депутаттары Қазақстан Рес­пуб­ли­кас­ы мен Вьетнам Социа­листік Рес­пуб­ликасы арасын­дағы ұстап беру туралы шарт­ты ратификациялады. Бас про­курордың орынбасары Ан­дрей Лукин таныстырған заң жобасы екі ел арасында ұстап беру және ұс­тап беруден бас тарту негіз­дерін рет­тей­ді. Сондай-ақ 2017 жылғы 15 мау­сым­да Ха­ной­да жасалған Шарт әрбір уағ­да­­ла­сушы мемлекеттің өз аум­а­­ғ­ын­да болатын, ұстап беруге алып келетін қылмыстар үшін қыл­­мыстық қудалау немесе сұ­рау салушы тараптың аума­ғында сот­тың үкімін орындау мақ­сатында іздестіріліп жатқан адамды ұстап беруіне бағытталған.

Газеттегі мақала депутаттық сауалға негіз болды

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып біткен соң, сенаторлар әдеттегідей депутаттық сауал­­дарын тиісті ведомство жетек­ші­лерінің атына жолдады. Ең қызығы, бұл жолғы отырыста депу­таттардың үштен бірі сауалдарын жария етіп, белсен­ділік танытты. Қоғам өмі­ріндегі маңызды жайттарды қам­ты­ған 17 депутаттық сауалдың біріне «Еге­мен Қазақстан» газетінің осы жылғы 26 қаңтардағы санында (№18 (29249) «Ақыл-ой кө­ші ары асып бара ма?» деген та­қы­рып­пен жария­ланған мақала­дағы қозғалған өзекті мәселе негіз болған. Айта кетейік, басылымның Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Өмір Есқали мақалада соңғы жылдары теріскей өңірлердегі шекаралық елді мекендерде туып-өскен, білім алған балаларымыздың көрші елдің орта және жоғары оқу орындарына құжат тапсыруы жиі көрініс бере бастағанын баяндаған болатын.

Осы орайда сенаторлар Б.Әй­ті­мова мен М.Бақтиярұлы өздері­нің бірлескен депутаттық сауалдарын Премьер-Министр Б.Са­ғынтаевтың атына жолдады. «Соңғы жылдары Ресейдің жоға­ры оқу орындары шекаралық облыстардағы елді мекендердегі мектеп оқушыларын іріктеп, дарындыларын өздеріне оқуға шақыру фактілері жиілеп кетті. Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстанның мектептерінде әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, білімділерін ерте бастан іріктеп алып, тегін оқуға мүмкіндік бере­тін сертификаттар табыстау­да. Әрине жастардың таңдау еркіне, талап-тілектеріне шектеу қоя алмай­мыз. Шетелде білімі мен біліктілігін жетіл­діріп келгеннің еш айыбы жоқ. Бірақ олардың өзге елдерге жаппай кетуі бізді толғандырады. Сонда Қазақстан тарапы басқа мемлекеттің экономикасы мен әлеуметі үшін қаржы шығындап, орта білім берген болып шығады. Бұл – ақыл-ой көші, экономикаға пайдалы жастық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. Он бір жыл мемлекеттен әр баланың білім алуына 3 млн 200 мың теңге қаржы бөлінетінін, бір тұл­ғаның қалыптасуына әлде­неше адамның тер төгетінін, өзге­лерге дайын еңбек күшін үлес­тіріп отырғанымызды еске алсақ, бұл ел үшін үлкен шығын, эконо­ми­калық, адами капитал, шашылған дарын екеніне көз жеткіземіз.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, осы аталғандардың негізінде шекара­лық елді мекендерде туып-өс­кен, білім алған мектеп түлектерінің көр­ші елдің орта және жоғары оқу орын­дарына ауысу себептерінің алдын алып, еліміздің келешегі ақыл-ой ие­лерінен көз жазып қалмау жол­дарының кешенді іс-шарасын қарас­тыруыңызды сұраймыз», делінген депутаттық сауалда.

Сонымен қатар сенатор Сәу­ле Айтпаева кәмелетке толмаған­дар­дың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірсе, Бірғаным Әйтімова құ­лағы ауыр балалардың білімге қол жет­кізуін қамтамасыз ету туралы айт­ты. Ал Динар Нөкетаева ұстаз­дар мәртебесін көтеруді ұсын­ды. Нариман Төреғалиев елді мекен­дер­ді, ауылдық жерлерді кең жол­ақ­ты интернетпен қамтамасыз ету­­дің ерек­шеліктерін көтерді. Дар­хан Кә­ле­таевтың депутаттық сауа­л­ы қор­ша­ған орта мен табиғи ресурстарға мониторинг жүргізудің Бірыңғай мемлекеттік жүйесінің қызмет етуі, сондай-ақ бірыңғай элек­т­р­он­дық тұғыр­намасын құру тура­сын­да өрбісе, Рашит Әкімовтің сауа­лы елді ме­кендердегі ауаның лас­тануы жө­ніндегі өзекті мәселелерді зерт­теу үшін мекемеаралық комиссия құру қажеттігіне бағытталды. Ғұ­мар Дүйсембаевтың сауалы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тура­лы болды. 

Ал Әли Бектаев «Қазақстан Республикасындағы гидротех­ни­калық құрылыстардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету туралы» арнайы бағ­дарлама қабылдау мәселесін көтерді. Төлеубек Мұ­қа­шев өз сауа­лында жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға қатыс­ты ой қозғады. Сол сияқты Серік Жақсыбеков Шымкент – Таш­кент автомобиль жолының бойы­на орналасқан «Жібек жолы» телефон стансасының сатылуына Бас прокурордың назарын ау­дар­д­ы. Сәрсенбай Еңсегенов мал ұр­лығына жауапкершілікті қатай­ту қажет деп санайтынын білдір­се, Дулат Құсдәулетовтің сауалы крип­товалютаны заңнамалық тұр­ғыда реттеуге бағытталды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»