Тарих • 16 Ақпан, 2018

Ержүрек әмір – Қамараддин

1962 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

М.Х.Дулатидің «Тарих-и Раши­ди» атты ғұмырнамалық еңбегі тарих­шылар тарапынан біршама зерттелді, бірақ бұл ба­ғыттағы ізденістер толық аяқтал­ған жоқ. 

Ержүрек әмір – Қамараддин

Біз ортағасырлық энцик­ло­педиялық шығарманы ыждағат­тылықпен қайта қарап шығуымыз керек. Өйт­кені мұнда автордың айтар ой­ды астарлап жеткізген тұстары жеткілікті. «Тарих-и Раши­диді» ор­тағасырлық памф­леттік туынды десе де болады. Егер біз автордың астарлап айтқан ойларының түп-тамырын арши алсақ, онда қазақ тарихының талай ақтаңдақтарының сырын түсінер едік. Бұл үлкен ғы­лыми жаңалық болары анық. 
Мысалы, автордың Моғолс­тан­ның тарихи тұлғаларына қатыс­ты сипаттамалары өз заман­­дас­тарының ықпалымен беріл­ген. Оның өзіндік себебі бар. Мұхам­мед Хайдар Дулатидің Әмір Темір­дің ұрпағы, атақты Захи­рад­дин Бабырмен бөле болғаны, Моғол­стан қирағаннан кейін Үнді­станға кетіп, Бабырдың ұлы Құмайынға барғаны, Кашмирді билегені, өзі­нің атақты еңбегін сонда жаз­ғаны белгілі. Сондықтан да, ол сол дәуірде үстем болған Әмір Темір­ді ұлықтаушы тарих­шы­лардың ұстанымдарын еске­ріп, Моғолстанның тарихи тұлға­лары­­ның қызметіне солардың көз­қарастары тұрғысынан баға беруге мәжбүр болған. Бірақ келер ұрпақ үшін астарлап талай ойлар айтып кеткен. Мұхаммед Хайдар Дулати астарлап дәріптеген тұлға – Моғолстанның тәуелсіздігі жолында Әмір Темірмен жан аямай ұзақ жылдар алысқан қолбасшы, атақты Әмір Қамараддин. 

М.Х.Дулати «Тарих-и Рашиди­де» Әмір Темірге қатысты Шара­фад­дин Әли Йәздидің «Зафар­на­месінен» («Жеңіс» кітабы – Әмір Темірдің жорықтары туралы кітап) үзінділер келтіреді. «Зафарнаменің» көптеген тарауларында Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорықтары туралы баян­далады, сондықтан Мұхаммед Хайдар тарихи дерек көзі ретінде «Зафарнамеден» үзінді келтіріп отырады. М.Х.Дулати шығар­масының 1-ші тарауы «Тарих-и Рашидидің» басталуы деп аталады. Міне осы тарауда Тоғылық Темір ханның ислам дінін қабылдауы­на Шеих Жамаладдиннің ықпал еткені баяндалады. Тоғылық Темір – Моғолстанның алғашқы ханы, 730 (1329-1330) жылы туған, 18 жа­сында хан тағына отырып, 764 (1362-1363) жылы 34 жа­сын­да қайтыс болған. Ол – Шың­ғыс ханның ұлы Шағатайдың ұр­­пағы. Шағатай ұлысын шамамен 709/1309 – 718/1318 жыл­д­а­ры би­леген. Есенбұға хан қай­тыс бол­ғаннан кейін дулат әмірі Болатшы сол кездегі Ақсудағы ордасына Тоғылық Темірді алдырып хан көтеріп, Моғолстанды бүлін­шіліктен құтқарып қалды. Әмір Болатшы – М.Х.Дулатидің алтыншы атасы, Қашқарияны билеген әмір. Кезінде әмір Болат­шының үлкен атасы Өртөбеге ерекше сіңірген қызметі үшін Шағатай хан Маңлай Сүбені берген. Өртөбе – М.Х.Дулатидің сегі­зінші атасы. Маңлай Сүбе – шы­ғысы Құсан және Тарбұғырмен шек­­тес­се, батысы Самғар мен Фер­ғана уәлаятының шеті саналатын Жаки­ш­манға дейінгі аймақ. Ыс­­тық­көлдің солтүстігі, Черчен мен Сары­ұйғырдың оңтүстігі де осы ай­мақ­қа кіретін. Онда Қаш­қар, Хотан, Жаркент, Қасан (Қа­шан), Ақ­си­кент, Әндіжан, Ақсу, Атба­сы, Құ­сан сияқты ірі-ірі қала­лар орн­а­ласқан. Тоғылық Темір хан Мау­рен­нахр аймағына жо­рық жасап, Моғолстан шекарасын ке­ңейт­ті.Тоғылық Темір хан әмір Болат­шы­ның қызметі үшін Шың­­ғыс хан аталарына мұра етіп бер­ген тоғыз артықшылықты жар­­лық шығарып, бекітіп береді. М.Х.Дулати осы жарлық менің от­­ба­­­с­ыма жеткен болатын деп жазады. 

Әмір Болатшы бес ағайынды еді: үлкені – әмір Тулақ, екіншісі – әмір Болатшы, үшіншісі – әмір Шамсаддин, төртіншісі – әмір Қама­раддин, бесіншісі – әмір Шеих Дәулет. М.Х.Дулатидің жазуы­на қарағанда, әмір Болатшы қайтыс болған соң орнына ұлыс­бегі болып жеті жасар ұлы Хұдай­дад тағайындалады. Әмір Хұдай­д­ат 90 жыл әмірлік еткен, жар­қын жүзді кісі болған екен. Ол Моғолстанның жеті ханын таққа отырғызған. Әмір Қама­рад­дин ұлысбегілік маған мін­дет­тел­гені жөн деп Тоғылық Темір хан­ның алдына барғанымен, хан оған келіспей, Болатшының ұлы Хұдай­датты ұлысбегі етіп бекітеді. Бұған әмір Қамараддин наразы болады, бірақ ештеңе істей алмайды. 

Әмір Қамараддин нағыз жау­жүрек, батыл, ешнәрседен қорық­пайтын ірі тұлғалы кісі болған, оның қонышына жеті жасар бала сыйып кетеді деген аңыз бар. Ілияс қожа хан қайтыс болғаннан кейін әмір Қамараддиннің кеудесін кер­ген кек сыртқа шыққан. Қама­рад­дин Моғолстандағы басқару ісін қолына алып, тәртіп орнатады. Сол кезеңдегі хандық билікті мойындамаған, өзі дербес билік жүргізген әмір болды. Ол ешкімге бас имей ержүректілігімен жиырма жылдай билік жүргізген. Оған, бір жағынан, Кеш әмірлері қарсы­лық көрсетеді, екінші жағы­нан Әмір Темір үлкен кедергі болды. Қамараддин Әмір Темірмен өмірінің соңына дейін, ақтық демі біткенше шайқасып өтеді. Әмір Темір Моғолстанға қарсы жа­саған үшінші жорығы кезін­де Қама­раддиннің көзін жою үшін тыңшылар жіберіп, оның Көк­төбе деген жерде отырғанын анық­тайды. Әмір Қамараддин жаудың әскерінен хабардар болып, Аршалы дейтін кісі аяғы жетпес жерге бой тасалайды да, қараңғы түсісімен орын ауыс­тырып кетеді. Әмір Темір Үш Фарман деген мекенде мыңдаған бейбіт адамдарды тонап, әмір Қамараддиннің туған ағасы әмір Шамсаддиннің әйелі Тұман мен қызы Дилшадты тұтқынға алады. Әмір Темір Дилшадқа күштеп үйленеді. «Зафарнамеде» әмір Темірдің Дилшадпен үйлену тойын әдемілеп, келістіре суреттеп, тұтқын қызды бақытқа кенелгендей етіп баяндаған, ал шын мәнінде әмір Темірдің Дилшадқа үйленуі – зорлықпен, қыз намысын аяққа таптаумен болған арамза әрекет еді. 

Бұдан кейін де Әмір Темір Мо­ғол­станға басқыншылық жоры­ғын тоқтатпады. Ол жорық кезінде алысқа көшіп кете алмай қалған бейбіт халықты қырып-жойып, тонап, тұтқындарға рақымшылық жасамайды. Әмір Темірдің әмір Қамараддиннің соңынан жіберген басқыншы әскері Сырдариядан Алтайға дейінгі аймақта жолын­дағы бейбіт қалалар мен кенттерді қиратып, күлге айналдырғаны, халықты тонап, мал-мүлкін талан-таражға салғаны мәлім. Әмір Темір­дің үсті-үстіне жасаған бас­қын­шылық жорықтары елдің ірге­сін сөкті. Моғолстанның байыр­ғы тұрғылықты жұрты тона­лып, күйзеліске түсті, халықтың таби­ғи өсімі тежелді, ел-жұрт атаме­кені­нен жанын сауғалап, жан-жаққа тарыдай шашылып, босып кетті. Осындай қара күшке Моғол­стан әмірі, ержүрек Қамараддин қай­­сарлық көрсетіп, ұзақ жылдар қарсы соғысты. Күрделі саяси, тарихи жағдайдың өзінде әмір Қамараддин елінің дербестігі жолында ерлікпен шайқасты. 

1375-1376 жылдары Әмір Темір 30 000 әскерін Моғолстанға тағы да аттандырды. Мақсаты ба­ғын­баған әмір Қамараддинді тауып, көзін жою болатын. «Тарих-и Рашидидің» 21-ші тарауында Әмір Темірдің Моғолстанға төр­тін­ші жорығы баяндалады. Әмір Қамараддин Әмір Темірдің жо­рық­қа шыққанын есітіп, Атбасы деген жерде 4 000 әскермен торуыл жасайды. Ал Әмір Темір бес мың атты әскермен шыққан еді. Беделді батырларынан іріктеп жанына шағын жасақ қалдырып, басқаларын әмір Қамараддинге қарсы жұмсайды. 

М.Х.Дулати «Тарих-и Рашиди­дің» 23-ші тарауында сүйікті ұлы әмірзада Жаһангирдің Самарқанда қайтыс болуынан кейін, Әмір Темір тағы да Әмір Қамараддинді жою­ды тапсырып, әскерін аттан­дыр­ғандығы туралы жазады. Әмір Қамараддин мен Әмір Темір әскері Қаратаудың етегінде кезде­сіп, Моғолстан әмірі күші басым жау­дан шегініп кетеді. Бұл со­ғыс­та да әмір Қамараддиннің елі қатты тоналады, жау олжаға кене­леді. Дегенмен дұшпан әмір Қамарад­диннің сағын сындыра алмайды. 

Әмір Темір Моғолстанға бесін­ші рет жорыққа шығып, Ыстықкөл маңында әмір Қамараддинмен тағы да шайқасады. Шайқастан кейін әмір Қамараддин қатты дертке шалдығып, Кол Качур деген жердегі қалың жынысты паналайды. Жау тоғай ішінен қанша іздесе де оны таппайды. М.Х.Дулати әмір Қамараддин қайтыс болғаннан кейін ғана Әмір Темір Моғолстанның біраз бөлігін бағындыра алғандығын жазады. «Зафарнамеде» Әмір Темір 1390 жылы әмір Қамараддинге қарсы өзі 20 000 әскермен, тағы бір қол­басшысы 5000 қол­мен жорық­қа шыққандығы айтыл­ған. Сол 25 000 қолмен әмір Қамарад­динді тізе бүктіре алмайды. Әмір Қамараддин шын мәнінде көз­сіз, нағыз алпауыт батыр бол­ған. «Зафарнаменің» дерегіне қара­ған­да әмір Қамараддин әмір Темірдің бесінші жорығынан кейін, ауыр дерттен қайтыс болған. Нақты қай жылы қайтыс болғаны белгісіз.

Моғолстанды алапат бүлін­ші­л­ікке ұшыратқан Әмір Темір Қытайға жорық үстінде денсау­лығы күрт нашарлап, 1405 жылы ақпан айында Отырарда қаза болады. Егер біз Әмір Темірдің Алтын Орда империясын екі шай­қаста талқандағанын, Осман империясының атақты сұлта­ны Баязиттің армиясын бір шайқас­та қиратқанын, Үндістанға жорық жасап, ондағы Дели сұлтана­ты­н­ың көп санды әскерін тоз-тоз еткенін, Азиядағы басқа да қан­шама мемлекеттерді күшпен бағын­дырғанын ескеретін болсақ, жиырма жыл бойы Әмір Темірге қарсы өз жерін, өз елін аянбай қорғаған әмір Қамараддиннің тарихи ерлігіне тәнті болмасқа амалымыз жоқ. Әмір Темір әмір Қама­рад­динмен ұзақ уақыт соғысып, ақы­ры не тұтқындай алмай, не түп­кілікті жеңе алмай арманда кетті.

Сонымен қорыта айтсақ, әмір Қамараддин – Моғолстанды жиырма жылдай басқарған, елге есімі аңыз болып тараған мемлекет қайраткері. М.Х.Дулати­дің баба­ларының ішінен тек әмір Қамарад­дин ғана сол кездегі ең қуатты Әмір Темірге қарсы шығып, өмірінің соңына дейін айқасып өткен ержүрек тұлға болатын. Өкінішке қарай, біз қазіргі Қазақстан жеріне талай рет жорықтар жасап, халықты тоз-тоз еткен Әмір Темірдің бас­қын­­шы­лық соғыстарын жақсы білсек те, атақты жаумен ұзақ алысып, қасиет­ті Атамекенді ерлікпен қор­ға­ған әмір Қамараддин туралы өте аз білеміз. Міне, жоғарыда біз кел­тірген мысалдан анық көрініп тұр­ғандай, ортағасырлық тарихшы М.Х.Дулатидің мұрасын ғылыми тұрғыдан қайта сараптаудың уақы­ты келгені сөзсіз.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА, 
Тараз мемлекеттік университетінің ректоры