Әдебиет • 16 Ақпан, 2018

Тұрсынжан Шапай. «Сен, осы маған не дедің?»

1189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан он бес жыл бұрын мен – жиырманың ішіндегі дауасыз максималист – жұрт білетін баспаның жас редакторы екенмін дейік. Бұл кісі­нің жоспарда тұрған кітабының қол­жазбасына редактор болып мен та­ғайындалыппын... 

Тұрсынжан Шапай. «Сен, осы маған не дедің?»

Бұл Кісінің «шы­ғар­машылығымен» бұрын да таныстығым бар еді – мынаусы тіпті сорақы екен. Өзімді қазақ әдебиетінің туғанына тарт­пас тура биі сезініп, жалындаған жас жігермен күні ертең кірпіштей кі­тап болудан дәмесі бар таудай қол­жазбаны талқандауға кірісіп кеп жібе­рейін. Қолжазба шытырлаған жап-жаңа, аппақ қағазға тап-таза етіп ба­сыл­ған. Қабын айтсаңшы, қабын! Кіші­гірім шабадандай қып-қызыл қатыр­ма қорап... Мен баспада кезек күтіп жатқан көзі тірі классиктер мен әулиелердің қолжазбаларын да көрдім – аузын бәтеңкенің бауы сияқты етіп байлаған кәдімгі қағаз папкілер... Мұндай әдемі, мұндай қалың, жойқын қорап ешкімде жоқ. Бірақ қандай қорап болса да, менің жүрегімді шайлықтыра алмақ емес. Мен қандай қорапты да талқандаймын!

Менің бұл бұзық ниетімді қалай сезіп қойғанын білмеймін – қолжазбаны жәукемдеп болып қалған күндердің бірінде редакторлар отыратын бөлме­нің есігі шалқасынан ашылып, Өзі де кі­ріп келді. Бет бейнесін суреттен көр­генім бар (Бірақ қашандағыдай ұмытып қалғам). Кіріп келген кезде – таныдым. (Суреттейін десем, түрін тағы ұмытып отырмын). Күйлі-қоңды кісі екен. Үс­тін­де – сол кездің «крутойлары» ғана киіп жүрген әдемі қызылкүрең тері тон. Басында – әлдебір экзотикалық аңның терісінен тігілген, бағасы, сірә, адам­ның құны тұратын сұрапыл тымақ. Қолында – біз әлі ешкімнің қолынан көре қоймаған бір сойқан күрең портфель... Түтігіп кеткен. 

– Осында... Пәленше деген біреу бар ма?! – деп, амандық-саулық сұ­распастан, дүрсе қоя берді.

Бөлім меңгерушісі абдыраңқырап қалып, маған қараған.

– Бармыз... Сондай біреу...

– А-а... Сіз-з бе едіңіз?.. – деді. Бұл Кісі маған жеп жібере жаздай, әрі таңыр­қап қарап. – Өзіңіз... өзіңіз жап-жас адам екенсіз... Қалай ұялмайсыз, а?

әдебиетке сіңген бір түйір еңбегіңіз жоқ... Аты-жөніңізді ешкім білмейді... – деп, бастырмалатып келе жатыр еді:

– Әлі білетін боласыз... – дедім сыздаусып. – Мына жарамсыз дүниеңізді өзіңі­зге қайтарып беремін... Сол менің әдебиетке сіңірген алғашқы үлкен ең­бе­гім болады (Па, шіркін, қандай пафос?!)

Бұл Кісі жынданып кете жаздады. Ұмытпасам, көзі қанталады.

– Қалай аузың барады, а... жарамайды деуге! Қандай қақың бар, а? Мен әлденеше роман жазған адаммын... Ал сен кімсің? Жерден жік шық­ты, екі құлағы тік шықты... Қан­дай құлақты да бұрап жұлып алатын жағдайымыз бар, есіңе салып қоя­йын... Біз, міне елуге келдік... бізді дү­йім жұрт біледі... – деп қатты-қатты же­кірді. Ентігіп тоқтады.

– «Біз надан боп өсірдік, Иектегі сақалды» дейсіз ғой?... – деді, тілсең, бетінен қан шықпайтын безбүйрек нигилист, максималист жас редак­торыңыз міз бақпай.

– Не... Не-е дейсі-ің?!. Сен, осы ма­ған не дедің?

– Мәдениетті кісілер алдымен жұрт­пен амандасады дедік... Өлмесек, елуге біз де келерміз дедік... Ал кіта­быңыз бәрібір шықпайды... (Неткен кеу­де, неткен көкірек, неткен тазалық, нет­кен әдепсіздік – «Құдай-ау, қайда сол жылдар?!.»)

Бұл Кісі шарасы біткендей, сіле­йіп тұрды-тұрды да, сылқ етіп бос орын­дықтардың біріне отыра кетті. 

– Мыналарыңыз сұмдық екен... – деді сосын, бөлім меңгерушісіне қарап, араша тілегендей.

Қыбы қанып отырған меңгеруші есті­меген сияқты тұқиып, алдындағы қолжазбадан басын көтерер емес...

Тұрсынжан ШАПАЙ, 
әдебиет сыншысы

«Бұл Кісі (Ғасыр халтурщигі тақырыбына)» мақаласынан үзінді

Соңғы жаңалықтар