Қазақстан • 16 Ақпан, 2018

«Эмми» жүлдесін алған Шерефли

286 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Манхэттен. Аспанмен та­ласқан биік ғимарат­тардың қасында құжы­наған халық құмырсқадай көрінеді. Әне, портфелін асынып, тамақ салынған қалбырын құшақтаған біреу метроға қарай бе­зіп бара жатыр. Алып шаһар­дың құжынаған тір­шілігінің ажырамас бөлігі. Мына бір қара нәсілді жас­ азаматтың жүрісі тым маң­­ғаз. Құлағында сыр­ға,­ басында «вандамка», шал­ба­рының ауы тізе­сіне түс­кен. Құдды Америка­дағы еркіндіктен хабар беретіндей...

«Эмми» жүлдесін алған Шерефли

«Жарты сағатта жетемін» деп хабарлама жазған кейіп­керім келгенше Нью-Йорк көше­леріндегі осындай көріністі тамашалап отырдым. Осыдан 5-6 жыл бұрын АҚШ-та «Эмми» жүлдесін жеңіп алған қазақтың тұратыны туралы ақпарат естіп, онымен скайп арқылы сұхбаттасқанбыз. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары­нан тіке­лей ақпарат тарату мақсатында бір топ журналист Америкаға ат­тан­ған болатын. «Егемен Қазақ­­стан» газетінің атынан мен­ де ілес­тім. Мұхиттың арғы бе­ті­не күн­де жол түсе бермейтіні бел­гілі. Осы бір мүмкіншілікті ұтым­ды пайдаланып қалу мақ­­са­тында Хасан мырзамен жолықпаққа бекі­ніп, хат жазып жі­берген едім. Жо­ғарыдағы хабар­лама – соған кел­ген жауап.
Сәлден кейін көшенің бұры­шынан таныс бейне жылы­ұшы­рап көзге шалынды. Жалпы, кез­ келген шетелде қазақты та­ну­ қиын емес. Әдетте Батыс­ әле­мінің халқы бізді басқа азия­лық халықпен шатастырып жатады ғой. Алайда зер салып қа­ра­ған адам қазаққа ғана тән ерек­шеліктер бар. Қазақтардың жү­рісі мығым келеді. Біздің кейіп­керіміз де қазақтардың осы бір классикалық үлгісіне тән екені бір­ден байқалды. Егер Хасанды танымасам да, қалың нөпірдің арасынан көргенде қазақ екенін дөп басып табатыным анық еді. 

Түркияда туған қандасымыз Хасан Шерефли «Discovery Chanel»-дің «Темір тордың арғы жа­ғындағы балалар» фильмі ар­қылы «Эмми» жүлдесінің «Зерт­теу және деректі фильмдер» аталымын жеңіп алған. Соңғы рет сөйлескенімізде ол Нью-Йоркте жұмыс істеп жүргенін айтқан еді. Бетпе-бет әңгіменің өзгеше болатыны белгілі ғой. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін кезде­судің негізгі бөлігіне көшіп, Ха­сан­нан оқиғаны қайтадан бастан-аяқ айтып беруін өтіндік. 

– Бұл сонау 2000 жылдары бол­ған оқиға. Фильмді түсіру ту­ралы ұсынысты телевизиялық ком­панияда жұмыс істейтін танысым айтқан еді. Бірнеше адам жиналып түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан балалар туралы деректі фильм түсірмекші екен. Олар зерттеу жасайтын адам­ іздеп жүрген көрінеді. Сол­ аралықта АҚШ-қа оқу түс­кен едім. Сабақ басталғанға де­йін қолым бос болғандықтан, ұсы­ныс­қа келістім. Америкадан келген екі өкілмен бірге жұмысты бастап кеттік. Анкарадан бастал­ған зерттеу бір жылға созылды. Көп­теген елдердің түзету ме­ке­мелерінде болып, балалар өмі­рімен таныстық. Жазасын өтеп жатқан әртүрлі жастағы үш баланың күнделікті өмірін бақы­ладық. Ұйқыдан оянып, қай­та ұйқыға кеткенге дейінгі бір күнін қалай өткізетінін назарымызда ұстадық. Олардың тәр­биешісімен, аспаздармен, мұғалімдерімен сөйлес­тік. Еркіндікке шыққан жасөс­пі­рімнің кейінгі өмірі қалай өзгереді? Оны да зерделеп кө­ру­ге талпындық. Бір сөзбен айт­қанда, өмірге темір тордың ар жа­ғын­дағы балалардың көзімен қарауға тырыстық, – деп өткен күнді есіне алды Хасан. 

Біздің кейіпкер «Эммиді» жүл­десін 2003 жылы жеңіп алды. Онымен бірге «Темір тордың арғы жағындағы балалар» деректі фильмін түсіру жұмысына Леван Адами, Суприя Аваси, Кэйт Бло­ует, Кларинда Кэппейдж, Джон Майер, Джед Родштейн, Дебора Шип­ли, Брайан Вудс есімді зерт­теушілер атсалысқан. Хасан мыр­за жүлдені жеңіп алғандағы оқи­ғаны былай баяндайды.

– Филадельфия университе­тінде оқып жүрген едім. Бір күні маған жүлдеден үміткер екенім жа­зылған марапаттау салтанатына шақырту сертификаты келді. «Темір тордың арғы жағындағы ба­лалар» менің алғашқы жобам бол­ғандықтан, өзімнің жүлде ала­тыныма сене қоймадым. «Эм­миді» Нью-Йорктегі Мэр­риот қонақүйінде тапсырады. Ұйым­дастырушылар оған қаты­су үшін кемінде 500 доллар керек екенін айтты. Студент үшін бұл қомақты қаражат болатын. Сөй­тіп, марапаттау рәсіміне қатыс­падым. Біраз күннен кейін жұ­мысымыз үздік шыққанын ес­тідім.

Ұйымдастырушылар ха­барласып, жүлдені қалай алатынымды сұрады. Мен үйге әкеліп беріңдер дедім (Күліп алды). Бірақ мен телевизия саласында жұмыс істеген емеспін. Бір рет бағымды сынап көріп, жүлдегер атандым. Одан кейін өмір ағымымен басқа салаға ауы­сып кеттім. Алайда бұл саладан алысқа ұзап кеткенім жоқ. Таяу­да жарнама түсіретін шағын ком­пания аштым. Оның жұмысы енді-енді қарқын алып келеді, – дейді Х.Шерефли. 

Деректі фильм түсіру бары­сын­да көптеген елдердегі түр­мелер­дің жай-күйімен танысқан Хасан Түркияда 2000 жылдары жұмыс істеген «Түзету үйі» жобасының ерекшелігіне тоқ­талды. 

– Түркияда жалпы түзету меке­месінен бөлек «түзету үйі»­(Islahevi) деп аталатын бір­не­ше мекеме бар. Түзету үйі­нің ерекшелігі, ол жерде бала түр­медегідей қоршаудың ішінде бол­­майды. Қалаған уақытында емін-еркін сыртқа шығып жү­руіне мүм­кіндік бар. Оқу оқи­тындары мектебіне, жұмыс іс­тей­тіндері жұмысына бара алады. Балалар ол жерде білім және тәрбиемен қатар қолөнер де үйренеді. Осы арада бұзық балалар қалай ол үйге өз еріктерімен барады деген заңды сұрақ туады. Сөйт­сек, көшеде аш-жалаңаш жүр­ген балалардың «түзету үйін­дегі» қолайлы жағдай көңіл­дерінен шығады. Қысқаша айт­қанда, онда қылмыс жасаған бала­лардың түзелуі үшін бар жағ­дай жасалған. 

Хасан мырза деректі фильмді түсі­ру барысында көп нәрсе үй­рен­генін айтады. Өмірге көз­қа­расы өзгеріп, ата-ананың, ер­кін­діктің қадірін түсінген. Шү­кір етудің маңызын түсініп, жауап­кершілікті сезінген. 

– Жаман бала болмайды! Сәбидің пәк көңілі жаманшы­лықты қаламайды. Алайда үл­кен­дер тарапынан берілген тәр­биенің нашар болуы баланың қаты­гез немесе бұзық болуына ықпал етеді. Бала тәрбиесінде ата-ананың орны бөлек екенін естен шығармауымыз керек. «Ар­ғы жақтағы» өмірді кө­ріп­ келген баланың алдынан бір­неше мәселе шығады. Оның сот­талғанын естігендер оған бас­­қаша көзқараспен қарайды, жұ­мыс тауып қоғамның бір бөл­шегіне айналып кетуі де қиын. Тү­зету мекемесінен шыққан ба­лаға қоғам қарсы тұрғандай кө­рінеді. Сондықтан, оларды ба­рынша түсінуге тиістіміз. Біз­дің деректі фильмімізден кейін көптеген адамдар «түзету үйі­нің» пайдасы мол екендігін сөз­сіз мойындады. Бірақ ондай «тү­зету үйін» ашу көп қаржыны талап ететіндіктен, жүзеге асыру қиын. 

Есіме Хасанның телефо­нын тауып, Нью-Йоркке хабарласқа­ным түсе кетті. Бір­неше жылғы оқиға қаз-қал­пында көз алдыма келе қалды. Америкаға шалынған қо­ңырау ұзатылып барып, біраз­дан кейін алынды. Тұтқаны кө­тер­ген кісі­нің дауысын алғашын­да айыра алғаным жоқ. Хасанның Түр­кияда туғанын, қазақша біл­меуі мүмкін екенін ескеріп, тү­рік тілінде амандасып, өзімді та­ныс­тырған едім. 

– Балам-ай, Асан үйде жоқ еді. Әлгі, Кәмилә келін де бір жақ­қа шығып кетті. Бір сағаттан соң үйге келеді. Сол кезде хабарласып көрші, – деген әженің қоңыр үні тұтқаның ар жағынан ес­тілді. 

Шынымды айтсам, Нью-Йорк­­ке телефон шалып, әженің қо­ңыр дауысын естимін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бір сағаттан кейін Хасанмен хабарластым... 

Х.Шерефлимен таныстығы­мыз осылай басталған болатын. Сол бір мейірімді дауыстың иесі, Хасан­ның анасы қайда екенін сұрадым. Жамила әжей қазір Ыстанбұлда кіші ұлдың қолында тұрады екен. Американың қым-қуыт тіршілігі қарияның денсау­лығына сай келмейді. 

– Жылына бірнеше мәрте жең­гең Кәмиланы, ұлым Алтай мен қызым Софияны ертіп әжемізге барып тұрамыз. Қазақстанды да аралап қайтқымыз келеді. Бірақ уақыт тапшы болғандықтан, мүмкіндік бола бермейді, – дейді Хасан. 

Біздің кейіпкер 1971 жы­лы Түркияға көшіп барған қазақтар­дың отбасында дүниеге келген. Отбасында алты ағайынды. 1998-99 жылдары тарихи Ота­нында тұрып, Алматыда «Тур­куаз» фирмасында жұмыс істе­ген. Жұбайы Кәмила – Қазақ­станның халық әрт­ісі Досқан Жолжақсыновтың қы­зы. Оны­мен Қазақстанда жүр­ген­де та­ныс­қан екен. 

Қазіргі таңда Хасанның жеке кә­сібі бар. Ол құрылыс материал­дарын жеткізумен айналысады. Бұл бизнесті дөңгелеткеніне біраз жылдың жүзі болыпты. Кәсібі бірте-бірте қанат жайып ке­леді. Келешекте Нью-Йорк пен Вашингтон секілді үлкен ша­­һарлардың нарығына ену жос­парда бар. 
Кейіпкеріміз Қазақстанмен бай­ланысын үзбеген. Шамасы келсе өзі тұратын қаладағы қан­дас­тарына көмек қолын созып тұрады. Әйтсе де, Хасанның мы­­на нәрсеге көңілі толмайды.­ АҚШ-қа жұмыс іздеп бар­ған­ қазақтар оның фирмасында­ бір ай жұмыс істеп, басқа жаққа «қа­шып» кетеді екен. Өзге ұлт­тар секілді бірге жұмыс іс­теп, өз­ара қолғабыс жасап, бір-­бі­­рін сүйемелдеудің орны­на не­­кен-саяқ жүруге құмарта­тынына ренжиді. АҚШ-тағы Қа­зақ­стан елшілігі сондағы қан­дас­тарымызға арналған мере­келік шараларын көбейтсе деген тілегін де жасырған жоқ.

Нью-Йорк секілді алып ша­һар­да бәрі уақытқа келіп тіре­леді. Құжынаған қаланың өмі­ріне ілесу үшін әрдайым асы­ғып жүру керек. Сондықтан біз­дің де, оның да уақыты тап­шы. Екі сағатқа созылған еркін әңгімеден кейін Ха­сан­мен жылы қоштастық. Қа­зақ­станға дұғай-дұғай сәлем жол­даған ол метроға қарай бет алды. Көшеде жүргіншілердің қа­расы көп болғанымен, қалың нө­пірдің арасынан қазақтың өр­шіл бейнесі ерекше көзге түсіп, ұзай берді...

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»