Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

Ақордада «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру барысы талқыланды

467 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақордада Президент Әкімшілігінің Бас­шысы Әділбек Жақ­сы­бековтің төраға­лы­ғымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағ­дар­ламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында республикалық және өңірлік деңгейлерде «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын жүзе­ге асыру барысы талқы­ланды.

Ақордада «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру барысы талқыланды

Іс-шараны ашқан Ә.Жақ­­сыбеков комиссия жұ­мы­сының жаңа кезеңі бас­талғанын атап өтті. Сондықтан тиісті жұмыстардың қазіргі қарқыны сақталып, келешекте атқарылатын шаралардың нақты нәтижесі болуы тиіс.

«Қазірге дейін «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бойынша бір­қатар жұмыс атқарылды. Оның бар­лық бағыттары бойынша нақ­ты нәтижелер бар. Ең бастысы, бағдарлама халықтың қолдауына ие болып отыр. Бүгінгі отырыста осы іске асы­рылған жұмыстардың қо­ры­тындысын шығарып, алда­ғы жоспарды тал­қы­лаймыз», деді Ә.Жақсыбеков.

Бұдан кейін Президент Әкім­шілігі Басшысының орын­басары Оңдасын Ора­залин «Рухани жаң­ғыру» бағ­дарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баян­дама жасады. Оның айтуынша, бұған дейінгі отырыстарда ай­тылған ескертулер ескеріліп, жіберілген олқылықтардың орны толтырылған. Соның нәтижесінде «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары қарқын алып, оған әкімдер белсенді атсалыса бастаған. Баяндамашының деректеріне сүйенсек, былтыр екі мыңнан астам шара ұйым­дас­тырылып, 85 миллиард теңге бөлін­ген екен. Оның 69 миллиар­ды демеушілер тарапынан қаржы­ландырылған.

«Туған жер» бағдар­ла­ма­сын жү­зеге асыру аясында 735 мәде­ни ескерткіш қал­пына келті­рілді, 86 моно­гра­фия жарияланып, 134 архео­логиялық және этно­гра­­фиялық экспедиция ұйым­дас­­ты­рылды. Спорттық ке­шендерді қолжетімді ету мақсатында 59 жо­ба жүзеге асты. Әсіресе, олардың басым бөлігі әлеуметтік әлсіз топ­тарға арналған. Ішкі туризмді дамыту үшін тарихи және мә­дени мекендерге 150 тур-ба­ғыттар іске қосылды», деді О.Оразалин.

Президент Әкімшілігі Басшы­сының орынбасары «Рухани жаң­ғыру» бағдар­ламасын желеу етіп, оған сай келмейтін шаралардың өт­кізіліп жатқанына тоқталды. «Мұны Мемлекет басшысы да атап өткен болатын. Осыған бай­ланысты мұндай олқылық жі­берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қажет. Ондай фак­тілерді анықтау және жол бермеу, сәйкесінше өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы мем­лекеттік инспекторларға тап­сырма бердік», деді О.Ора­залин.

Комиссия отырысында баян­дама жасаған Мәдениет және спорт министрі Арыс­тан­бек Мұха­ме­диұлы Қазақ­станның қасиет­ті жерлерін тіркеу жұмы­с­та­ры жалғаса бе­ретінін мәлімдеді. Оның ай­туынша, киелі мекен­дерді анық­тау, жүйелеу жұмыстары тұңғыш рет қолға алынып отыр.

«Елімізде киелі жерлердің көп екендігі баршаңызға белгілі. Қасиетті мекендердің тізіміне мем­лекет пен ұлттың тарихында үлкен рөл атқарған, санада ерек­ше қалған және халық жиі бара­тын, елдің әлеуметтік-саяси өмі­рінде маңызды орын алған жерлерді ғана қостық. Сондай-ақ киелі жерлерді табиғи ландшафтына, археологиялық және сәулет ескерткіштеріне, тарихи тұлғаларға және саяси оқиғаларға қатысына байланысты әзірледік», деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, министр былтыр атқарылған жұмыстарға тоқ­талды. Оның айтуынша, қасиетті ны­сандарды іріктеу және тізімге алу бойынша методикалық ұсы­ныс­тар әзірленіп, өңірлерге жол­данған. Өңірлерде арнайы жұмыс топтары құрылды.

«Еліміздегі киелі жерлерге этно-мәдени экспедициялар ұйым­дастырылды. Олардың көп­функ­ционалды-виртуалды кар­тасы жасалды. Осындай тарихи-мә­де­ни мұрамызды ауқымды жүйе­леудің нәтижесінде жалпы­ха­лықтық маңызы бар 100 ке­шеннің және өңірлік маңы­зы бар 456 нысанның тізімі анықталды. Оларды тізі­м­ге енгізу жұмыстары жалға­сады», деді Мәдениет және спорт министрі.

Ведомство басшысы қазақ халқының тарихи тұлғаларына қатысты шетелдердегі қа­сиет­ті мекендерді зерттеу жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді. А.Мұ­хамедиұлы Елбасының бағ­дар­ламалық мақаласының арқа­сында еліміздегі киелі жерлерді зерттеу жаңа сапаға көтерілгенін атап өтті.

«Өзбекстанда Төле би мен Әйтеке бидің, Астраханьда Құр­ман­ғазының бейіттері бар. Осын­дай мекендерді та­ныс­тыру­ды жал­ғастыру қажет. Қазіргі таң­да киелі жер­лер туралы кітап­тар шы­ғары­лып, фильмдер түсі­ріліп жатыр. Бұл жұмысты жалғас­тыра береміз», деді министр.

Ведомство басшысы рес­пуб­ликалық музей-қорық­тарды құру жұмыстары бас­талғанына да тоқталды. Оның пікірінше, бұл жоба біре­гей мәдени ескерт­кіш­тер­ді сақтап қалуға, турис­тер тартуға мүм­кіндік беріп, ғылы­ми-зерттеу, қорғау, архео­логиялық, ағар­ту­шылық және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Министрдің деректеріне сүйенсек, былтыр 25 мәдени жә­не тарихи ескерткіш қал­пына кел­тірілген. Сондай-ақ BBC-дің ат­салысуымен «Күл­тегін. Жаңа көзқарас» деректі тарихи филь­мі, Castle Film кинокомпания­сы­мен бірлесе «Көшпелілер жері» фильмі түсірілген. Олар Disco­very, Viasat History, National Geo­grap­hic телеарналарында көрсе­тілмек.

Жиында сөз алған Пре­зи­дент Әкімшілігі Ішкі сая­сат бөлі­мі­нің меңгерушісі Аи­да Балаева мәдениет сала­сын­дағы атқа­рыл­ған жұмыстарға тоқ­талды. Оның айтуынша, «Жаһандағы заманауи қазақ­стан­дық мәде­ниет» жобасы ая­сында шығар­ма­шылық жұ­мыстарды жүйелеу жұмыс­тарының бірінші кезеңі аяқ­талған. Сондай-ақ ол «Театр зертханасы» және «Әдеби белдеу» жобаларының іске қосылатынын атап өтті.

«Театр зертханасы елі­міз­дегі жас әртістердің шығар­машылық әлеуетін қалып­тас­тыруға, актерлік шеберліктің деңгейін көтеруге септігін тигізеді. Өңірдегі актер­лер әлемдік режиссерлердің жете­к­­шілігімен пьесалар мен қойы­лым­дарда ойнауға мүмкіндік ала­ды. Жобаның басты мақсаты – әлем назарын еліміздің театр өне­рі­не аудару және олардың қызығу­шы­лығын арттыру, талантты жас ак­терлерді халықаралық деңгейде шығару. Ал «Әдеби белдеу» жо­басы арқылы заманауи автор­лар еліміздің өңірлеріне көзқа­расты жаңа деңгейге көтереді. Об­лыс­тардың әлеуетін жан-жақ­ты көрсетіп, туған жерді қаді­­рлеуге шақыратын тың шы­ғармалар жазады», деді А.Ба­лаева.

Сонымен қатар еліміздегі музей қорларын цифрландыру жұмыстары белсенді жүргі­зі­ліп жатқаны да сөз болды. А.Ба­лаеваның айтуынша, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде 13 700 экспонат цифр­лы фор­матқа көшірілген.

Жиында баяндама жа­саған Ақпарат және комму­никация­лар министрі Дәурен Абаев «Қа­зақстанның 100 жаңа есімі» жоба­сының ма­ңызын атап өтті. Ведо­м­ство басшысының айтуын­ша, оны жүзеге асыру үшін министрлік үш негізгі ба­ғытты қамтитын жол картасын әзірлеген. Қазірдің өзінде жаңа есімдердің бастамалары технологиялық инновациядан бастап қайырымдылық жобаларына дейінгі салаларды қамтиды. Сонымен қатар ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобаларын жүргізу жалғаса беретінін де мәлімдеді.

«Мұндай бастамаларды жү­зе­ге асыру үшін жергілікті орган­дардың қолдауы қажет. Осыған байланысты атал­ған жол картасы барлық мем­лекеттік органдардың келі­сіміне жіберілді. Қазіргі таңда ол Премьер-Министр Кең­сесінің қарауында жатыр», деді Д.Абаев.

Отырыс барысында бей­не байланыс режімінде Ал­маты және Атырау облыс­тары бас­шыларының баяндамалары да тыңдалды. Кеңес қорытындысы бойынша Ұлт­тық комиссия төр­ағасы Ә.Жақ­сыбеков бағдарла­ма­ның іске асырылу барысы Мем­лекет басшысы тарапынан ерекше бақылауда екеніне, сон­дай-ақ барлық жос­парланған жобаларды са­палы іске асырудың және олардың «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасының мақсат­тары мен міндеттеріне тұжы­рым­дамалық сәйкес болуының қажеттігіне баса көңіл бөлді.

Өңірлер басшыларына бағ­­дар­ламаның барлық ба­ғыт­тары бойынша жұмысты жан­дандыру, соның ішінде «Қа­зақ­станның кие­лі жер­лері­нің географиясы», «Ту­ған жер» жобаларының іске асы­ры­луын ерекше бақы­лау­ға алу, өлкетануды дамы­ту­ға және жер­гі­лікті шығар­ма­шы­лық ұжымдарға қолдау көр­­сетуді қамтамасыз ету жө­­нінде нақты тапсырмалар берілді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»