Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

Әлеуметтік жағдайды жақсарту – негізгі міндет

898 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жұма күні өткен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Мәдина Әбілқасымова былтыр атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндап, биылғы жос­парларымен таныстырды.

Әлеуметтік жағдайды жақсарту – негізгі міндет

inform.kz

Осы сала басшылығына жаңадан тағайындалған М.Әбілқасымова бұдан бірнеше күн бұрын ведомствоның жұ­мыс жоспарлары туралы жиын өткізуі мұң екен, журналистер оны қазақша біл­­мей­ді деп айыптаған болатын. Бұдан қоры­тынды шығарды ма, министр алқа отыры­сын тек қазақша жү­ргі­зіп, баян­дама­сының жартысын да мем­лекеттік тілде оқыды.

Сонымен әуелі министрліктің өткен жылы атқарған шаруаларына тоқтал­ған М.Әбілқасымова былтыр еңбек нарығындағы көрсеткіштер толығымен жақсарғанын, жұмыссыз тұрғындардың саны соңғы он жыл ішінде 180 мыңға азайғанын атап өтті. Бүгінде еліміздегі жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайызды құрап отыр. Министрдің айтуын­ша, бұл тәуелсіздік алған жылдар ішін­­дегі ең төменгі көрсеткіш екен. Ал әйел­дер мен жастар арасындағы жұ­мыс­сыз­­дық деңгейі 5,4 пайызды құраса, жұ­мыс күшінің саны 8 980 адам­ға жет­кен. Қазіргі таңда жұмыс істейтін­дер­дің қатары 1,8 пайызға өссе, өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдардың қатары 4,5 пайызға азайған.

Бір жұмыскердің орташа айлық жал­­ақысы 147 988 теңгеге жетіп, 3,6 па­йыз­ға артқан. 2017 жылдың 11 айын­дағы бағалау бойынша тұрғындардың жан басына шаққандағы номиналды та­бы­сы 6 пайызға өсіп, 79 727 теңгені құрап­­ты. Осылайша мемлекет былтыр әлеу­­меттік міндеттемелердің бәрін оры­н­­­даған көрінеді. Осы мақсаттарға респуб­­ли­калық бюджеттен 2,1 трлн теңге бөлінген.

Бұдан кейін министр биыл қолға алы­натын жұмыстарға тоқталды. Ми­нистрлік алдында тұрған міндеттерді жүзе­ге асыру барысында Елбасының Жол­дауында айтылған тапсырмаларды басым бағыт ретінде ұстанатынын айтқан М.Әбілқасымова ең бірінші халықты нәтижелі жұмыспен қамту­ға көбірек көңіл бөлінетінін жеткіз­ді. Осы орайда негізгі тетік ретінде «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама­сы» басшылыққа алынбақ. Аталған бағда­р­лама биыл 571 мың адамды қам­тып, соның ішінде жұмыссыз жүрген, өздігінен күн көріп жүрген 300 мың­нан астам азаматты тұрақты жұмысқа орналастыруды көз­деп отыр. Әсіресе кәсібін ашқысы кел­ген жандарға қолдау көрсетілмек. Жо­ба­мен биыл 7,5 мың азаматқа шағын несие­лер беріліп, 3 мыңына қайтарымсыз грант ұсыныл­мақ. Бұған қоса 15 мың қазақ­стан­дық «Атамекен» ҰКП жобалары бойынша биз­нес негіздеріне оқытылатын болады.

Жұмыстың екінші бағыты – еңбек қатынастарын реттеп, мемлекет, жұ­мыс беруші мен жұмысшы арасында әлеу­меттік диалог құруды нығайту. Ми­нистр­дің айтуынша, былтыр жалақы қары­зы 3 млрд теңгені құраған. Еңбек инс­пек­торларының араласуымен 25 мың еңбек­кердің айлық жалақысы оңынан шеші­лген. Ал бүгінде жалақы қарызы 2,2 млрд теңгені құрап отыр.

Үшінші бағыт – әлеуметтік қамсыз­дандыру мен әлеуметтік көмек екенін атап айтқан министр биыл 1 шілдеден бас­тап, І топ мүгедектерін бала кезден қарап отырған тұлғаларға жаңа жәрдемақы түрі берілетінін жеткізді. Болжам бойынша, жәрдемақының бұл түрін 14 мыңдай отбасы алатын болады. Бүгінде заңдағы бұл өзгерістер Пар­ламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Төртіншісі – әлеуметтік қызметтер жү­йесін дамыту және бұл қызметтер тү­рін цифрландыруға сәйкес электронды фор­матқа көшіру. Ол үшін бірың­ғай ақ­па­рат­тық жүйе құрылмақ. Қазір­дің өзін­де елі­міздің төрт өңірінде элек­трон­ды ең­бек бир­жасы жұмыс істеп, оған жұмыспен қам­туға қатысты 200 қыз­мет қосыл­ған. Енді электронды еңбек келі­сім­­­дерін есеп­ке алатын, еңбек кітап­ша­сын элек­­трон­ды нұсқаға көшіретін «e-HR» жү­йесі қанатқақты жоба ретінде енгізілмек.

Баяндамасын түйіндеген министр өздерінің барлық қызметі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталатынын атап өтті. Сондай-ақ Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды тиімді, сапалы және өз уақытында орындауға бар күш-жігерін салатынына уәде етті.

Алқа отырысы өңірлерге онлайн-трансляция арқылы көрсетілді және оған Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»