Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

Жекешелендірудің түйткілді тұсы көп

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда жекешелендірудің екін­ші кезеңінің жүргізіліп жатқанына төрт жыл болды. Осы кезде 600-ден артық нысан сатылды. Мұның эконо­микалық тиімділігі қаншалықты болды? Біз – «Халықтық коммунистер партиясының» өкілдері сайлаушылармен кездескенде осы мәселеге қатысты бірқатар түйткілдің бар екенін көрдік.

Жекешелендірудің түйткілді тұсы көп

poltava.today

Біріншіден, барлық сатылған нысан­ның бағасы 256 млрд теңге болған. Бұл 2014-2017 жылдарға арнал­ған рес­публикалық бюджет кірісінің 1 пайызына да жетпейді. Оның үстіне бұл сомадан жекешелендіру шығындарын алып тастасақ, сатудан түскен табыстың мәз емес екені көрініп тұр.

Екіншіден, сатылған нысандардың 54 пайызы әлеуметтік бағыттағы нысандар (денсаулық сақтау, білім және т.с.с.). Бұлар жекеменшік сектордан экономикалық тиімділік түсірмейді, тек өздерінің шығындарын жабу және пайда табу үшін олар қызметтерінің тарифтерін көтеріп жіберері хақ. Сон­дай-ақ мемлекеттік органдар мен ұлт­тық компаниялардың қызмет көрсету нысандары да көп сатылған. Бұл да бәсекелестік ортаны жандандыра алмайды, тек өздері ғана қызмет көрсетеді, тарифтерін түсіре қоюы екіталай.

Үшіншіден, мемлекеттің эконо­микаға араласу рөлін азайту міндетінің де қаншалықты шешімін тапқаны белгісіз... Керісінше, тек былтыр ғана «Қазақинвест» пен Қазақтуризм» деген аса ірі екі ұлттық компа­ния құрыл­ды. Олардың іс-әрекетінің ауқы­мы жекешелендірілген барлық коммуналдық нысандар әрекетінен асып түсті. Сөйтіп, іс жүзінде экономикаға мемлекеттің ықпалын азайтудың орнынан көбейтіп отырмыз.

Төртіншіден, жекешелендіру қор нарығын арттыруға да пайда тигізген жоқ, өйткені сатылған 114 холдингтің 29-ның ғана құны аукционда алғашқы бағасынан аса алған. Қалған 75 пайы­зы (85 нысан) алғашқы бағасы­нан төмендетіліп, әлдеқайда арзанға сатылды.

Бесіншіден, жекешелендіруге шыға­рылған барлық нысанды сату­­дың қажеттілігі ескерілмей, кейі­нірек 321 нысанның, яғни әрбір үшінші­сінің сатылуы тоқтатылды. Бұл жеке­шелендіруге дайындықтың төмен болғанын көрсетті.

Алтыншыдан, жекешелендіріл­ген кәсіпорындарға инвестициялар ағылып, экономикалық белсенділік­тің артқаны байқалмайды. Бүгінгі таңда жекешелендіру процесі баяу жүргізілуде, ең бастысы оларды сат­қаннан қандай мақсатқа жету көзделгені анықталмаған. Белгіленген критерийлер болмаған соң сататын нысандардың тізімдері үнемі өзгеріп отырады.

Мәжілістегі «Халықтық коммунис­тер» партиясының фракциясы 4 жыл бойы жүргізілген жекешелендіруден елге экономикалық тиімділіктің анық байқалмағанын көріп, коммуналдық меншік нысандарын одан әрі сатуды тоқтатып, оның есесіне мемлекеттік активтерді басқарудың сапасын арттыру керек деп санайды. Осы мәселені айтып біз – «халықтық коммунистер партиясының» өкілдері Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадық.

Айқын ҚОҢЫРОВ,

Мәжіліс депутаты