Білім • 20 Ақпан, 2018

Білім беру жүйесіндегі жаңа мүмкіндіктер

601 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауымен таныса отырып, оның мемлекеттің стратегиялық даму жолына бағытталған ауқымы кең бағдарлама екендігіне көз жеткіздік. Елбасы өз Жолдауы арқылы елдің даму жоспарын әлемдік бағыт-бағдарлармен қатар алып жүрудің жолын көрсеткен.

Білім беру жүйесіндегі жаңа мүмкіндіктер

Жалпы, Жолдауда үстіміздегі жылы жүзеге асырылуы тиісті нақ­ты он бағыт белгіленген. Енді оларды тиянақты орындау әрбір қазақ­стандықтың міндеті болып саналады.

Елдің болашағын сенімді қол­ға тапсыру үшін жоғары оқу орын­дарының алдында білікті маман даярлау бойынша зор міндет тұр. Елбасы Жолдауының жетінші бағыты білім саласында еңбек етіп жүрген мамандарды толғандырары анық. «Адами капитал – жаңғыру негізі» аталатын бағыт елдің даму стратегиясында маңызды орын алады. Президент бізге білім сапасының жаңа қадамына өтуді, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту екендігін жеткізді. Осы бағытта біздің университетте бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Біріншіден, біз кәсіби стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын жасауды қолға алдық. Ол үшін өткен оқу жылында мамандар даярлаудың барлық бағыттары бойынша Ака­демиялық комитеттер құрылды. Ака­де­миялық комитеттердің мақсаты – кәсіби стандарттар, салалық білік­тілік шеңберлері, еңбек нарқы, ғылым, технологиялар мен өндіріс дамуының заманауи деңгейі талаптарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жасау болып табылады. 2017 жылы Академиялық комитеттер бакалавриат, магистратура және докторантураның 99 білім беру бағдарламасын жасаса, оның ішінде бакалавриат деңгейі бо­йынша 21, ғылыми-педагогикалық және бейіндік магистратура бойынша 4 бағдарлама кәсіби стандарттар негізінде құрастырылды.

Екіншіден, кәсіби стандарттар енгізілмеген секторлар бойынша білім беру бағдарламаларын жасауға жұмыс берушілер тартылды. Жұмыс берушілер бағдарламаларды құрастыруға да, оларға сараптама жасауға да қатыса отырып, жа­ңа, өзекті оқу пәндерін енгізу бойын­ша ұсыныстарын береді. Мәсе­лен, үстіміздегі оқу жылы жұмыс бе­ру­ші­лердің ұсынысымен тәжірибелік маңызға ие 96 жаңа элективтік пән енгізілді.

Үшіншіден, университеттің бар­лық білім беру бағдарламалары «Цифрл­ы Қазақстан» жағдайында жұмыс жасауға бейімді мамандар даярлауға бағытталатын болады.

Төртіншіден, М.Қозыбаев атын­дағы СҚМУ білім алушыларды нә­тижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргі­зуде. Студенттердің кәсіпкерлік дағ­ды­ларын дамытуды есепке ала отырып, білім беру бағдарламаларын жетілдіру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің ай­мақтық кеңесі мүшелерінің ұсы­нысы бойынша бакалавриаттың бағдарламаларының барлығына осы дағдыларды қалыптастыруға бағыт­талған «Кәсіпкерлік негіздері», «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Экономика және бизнес» элективті пәндері енгізілді.

Елбасы Жолдауында ғылымға да ерекше назар аударылған. Бұл ретте сөз қозғар болсақ, университетте 64 студенттік ғылыми бірлестік бел­сенді жұмыс істейді. Ғылыми-тәжі­ри­белік конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Университетте мұнай-газ химиясы, АӨК, био және IT технологиялар бо­йын­ша студенттердің зерттеу жұмыс­тарын жүргізуге басымдық береді.

«Ауыл шаруашылығы» кафедрасында «Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғы­лы­ми-зерттеу институты» ЖШС-нің ғалымдарымен бірге Солтүстік Қазақ­стан орманды-дала аймағында пайда­ланудан шығарылған алқаптар­ды тиімді пайдалана отырып, құнар­лылығы төмен (селдір) аймақтард­а жоғары өнімді шөп шабатын жа­йылымдық жер алу жобасы әзірленуде. «Шағала-Агро» компаниясы әріптес әрі инвестор ретінде өз көмегін ұсын­ды. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2018-2020 жылдарды қам­тиды. Бұл мақсатты бағдарлама бел­сен­ді ауыл шаруашылығы айналымы­на 900 гектар құнарлылығы төмен жер­лерді айналымға енгізуге мүмкін­дік береді, өнімділігі жоғары шабын­дықтар құруға және жайылымнан алынатын жем мен мал шаруашылығы өні­мінің сапасын жақсартуға, топы­рақ құнарлылығын сақтау және молық­тыруға мүмкіндік туғызады.

БҒМ Ғылым комитеті кон­кур­сының қорытындысы бойынша, СҚМУ-да ашылған, университеттің ғылыми-зерттеулерінің нәтижелерін коммерцияландыру кеңсесі «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы бойынша 116 млн теңге сомасында грант ұтса, екі жобамыз ғылыми және ғылыми-техникалық іс-әрекет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша 443 млн теңге сомасында қаржыландырылып отыр.

Жетекші шетелдік университеттер және зерттеу орталықтарымен, ірі кәсіпорындар және ТНК-мен бір­лескен жобаларды қолға алып, тиім­ді жүзеге асыру жұмыстарын жалғас­тыруды өзімізге міндет етіп отыр­мыз. Бүгінге дейін СҚМУ шетел­дік ұйымдармен және университеттер­мен 135 келісімшарт жасады. Сон­дай-ақ «Эразмус+» бағдарламасы шең­берінде халықаралық жоба жүзеге асы­рылуда. Жоғары оқу орнымызда идео­логиялық жұмыстарды дамыта отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарла­масының «Туған жер» бағыты бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жобалық офис ашылды және ғылыми-педагогикалық әлеуеті бар сарапшылар тобы құрылған.

Елбасы Жолдауы қазіргі заманғы қоғамның барлық басым салаларын дамытуды көздейді. Біздің міндетіміз – өз саламызда, яғни жоғары оқу орнында Жолдауды іске асыру және одан ұтымды нәтиже шығару болып табылады.

Серік ӨМIРБАЕВ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры