Театр • 20 Ақпан, 2018

Мен ол актерді «жек көремін»!

501 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

...Өмірдің не, өнердің не екенін айыра алмайтын тұста тұңғыш бастан-аяқ көрген көркем туын­дым «Қыз Жібек» болды. Тө­ле­генді Бекежан өлтіргенде қия­наттан қыстығып жылап, бала көңіліме осы бір озбырлық өшпес­тей із қалдырды. Апам­ның айналып-толғанып, бұл тек кино екенін, ешкімді ешкім өлтір­мегенін айтып өбектегенін де тың­дамай, денем оттай жанып, жылай бергенім есімде. Одан кейін де «Төлегенді» өлтірген Асанәлі Әшімовті есім кіргенше жақсы көре алмадым. Бұл актер шеберлігінің жемісі екендігін ұғуға, ол кісінің өнердегі құдіретін құрметтеуге жылдар керек болды.  

Мен ол актерді  «жек көремін»!

Бала кезден санамның қалта­рысында қалып қойған сол оқи­ғаны ұмыта да бастағандай екен­мін. Кейінгі жылдары Респуб­ликалық музыкалық корей театры Дулат Исабековтің драма­тур­гия­лық шығармасының желісімен «Мұрагерлерді» сахналап жүр.

Драматургиясы төрт ая­ғы­нан тең тұрған Исабековтің қай пьеса­сы да осал болып көрген емес. Бірақ өзегі мықты материал­ды ойнатуға, қағаздағы дүниені қан-сөлімен тірілтуге актердің шеберлігі, режиссер сұңғылалығы ауа­дай қажет. Біреуі ақсаса ұжым­дық еңбек зая кетті, көрерменіне жетпеді деп есептей беріңіз. Әрине бұл белгілі қағидат қой. Дегенмен мен «жек көретін актерімді» тағы да тапқан сияқтымын.

Осы «Мұрагерлерде» театр сын­шылары мен көрермендер үшін қызу пікірталас тудырған Сыз­ғановты сомдаған Роман Цой­дың ойыны болды. «Ой­наған» демей, сомдаған деп отыр­ғанымыз Мәдениет қай­раткері Роман Цой расында да оңбаған, арсыз жанның бейнесін соншалықты сендіріп суреттегеннен болар, кейбір көрер­мен спектакль соңында актерға келіп: «Сізді өлердей жек көріп отырдық» дегенін естідік. Ак­терді қарапайым көрермен ғана емес, мүйізі қарағайдай қазақ­тың атақты жазушылары да соншалықты «жек көріпті». Пьесаның премьерасынан кейін өнертанушылар басты рөлдерді ойнаған актрисаларды емес, жалғызілікті кемпірдің үйін әйелімен қосылып тартып алған жолсеріктің ойынын көпке дейін айтып, көпке дейін талқылаумен болды. Шеберліктің шыңы осы, адамға емес қағазға сенетін қоғам­да кейуананы зар еңіретіп, өмір бойы тұрған, әрбір кірпішін өзі қалаған қара шаңырағынан айы­руға, обал мен сауапты тәрк етіп, қара басын таптауға шынында да оңбағанның оңбағаны барады емес пе?! Роман Цойдың ойынын алғаш көргенде белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Роман, сен әлі де «добрыйсың». Мұнан да қатігез болу керек. Ондай қадам­ға баратын адамның бетінде бір түйір де кісілік болмау керек» деп кеңес берген екен. Актер осы ескертпеден кейін, екінші ойы­нында-ақ тамаша қоры­тынды шыға­рып, жұрттың «жа­ғасын ұстатқаны» есте.

Енді бүгінгінің көрермені қазір қандай актерларды «жек көреді»?

Айнаш ЕСАЛИ,
​​​​​​​«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ