21 Ақпан, 2018

Халық тәжірибесі – құндылық

653 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елшіл қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы «Сәрсенбек» атты романында (1922) бас қаһармандарының аузынан «Қазақ неше жылда нағыз Жапониядай болады», «Қазақ Жапония секілді болу үшін өзінің елдігі өзінде болу керек», «Мыңдаған, миллиондаған қазақтар жұмысшы болып істесе, өз жерінің байлығының рахатын көрген емей немене?! Бұл дегенің адам айтқысыз жаңару болар еді» дейтін пікірлер айтқызады. Ел келешегінің мүбәрак жолын меңзеген нұсқа сөз деп қабылдаған дұрыс.

Халық тәжірибесі – құндылық

Ата кәсіппен шұғылданған ел қыран құстай түлейді. Жеріміз кең, кенге бай болғандықтан, керек-жарақтың баршасы өз елімізде өндірілгені дұрыс. Бір қисынсыз нәрсе – еден жуатын материалды Қырғызстаннан сатып әкеледі екенбіз. Бір кездері соғыс жылдарында ашылған Ақмола жіп иіру-тоқыма комбинаты 1993 жылға дейін жұмыс істеген. 6 негізгі цехы болған, 1989 жылдың өзінде 2900 тонна өнім шығарған. Және мұның балабақшасы, жас отбасылар мен жұмысшыларға арналған 4 жатақханасы, 2 асханасы және кулинарлық дүкені болған. 

Тарихи-мәдени өрлеуімізге көз салсақ, 1917 жылдың 17 қаңтар күнгі «Сарыарқа» газетінде (№27) Хайролла Ибраһимов «Алаш дуанындағы оқытушылар ұйымы атынан» дейтін хабарламасында бастауыш мектептегі оқу бағдарламасына ана тілі, жаратылыс, жағрапия пәндерімен қатар, ұлт тарихы мен қол істері пәндері енгізілгенін айтады. «Ұсталы ел озады – ұстасыз ел тозады» деген ғажап ғибрат бар. Бұрынғы шеберлер белгілі бір іске кірісерде: «Я, Алла, сәтті ете гөр, бұл менің қолым емес,Ұста бабамның алтын қолы!» деп, жеті кәміл пірге сыйынады екен-ау! Атам қазақ кәсібің – нәсібің де, қарекет-берекетің де, қол еңбегімен, қол өнерімен деп ұғынып-түсініп, небір ғажайып шаруашылық пен тұрмысқа қажет көңіл сүйсінерлік зат-мүліктер жасаған. Мұның баршасының тұрмысқа қажеттілігімен қатар көркемдік сұлулығы да тамсанарлық.

Мәселен, ою-өрнек салушы, тас қашаушы, безендіруші, көзі мерген бәдізшілер, сақина-білезік соғатын зергерлер, өрімшілер, оймашылар, сынықшылар (сынған сүйектердің орнына ботаның жілік, жауырын, қабырға, жамбас сүйектерінен пішіп алып, егеп жамаған, кінәратсыз біткен) тоқымашылар, үйшілер, пешшілер, балташылар, қалайышылар, етікшілер, ершілер, тері илеушілер, қобыз бен домбыра, сырмақ пен текемет, кілем мен алаша жасаушылар. 

«Ою ойғанның ойы ұшқыр» дегендей, жүзікке қас қондыратын шеберлер сүйектен, мүйізден (ожау, қамшының сабы, ұршық, піспек, оқтау, табақ, құты, сауыт, шақша), тұяқтан, металдан, ағаштан, жүннен, қыштан, тастан, шиден, қоғадан алуан түрлі бұйымдар өндірген, бүйеннен май сақтайтын ыдыс, жылқы терісінен саба мен торсық, малдың кептірген жіліншік сіңірлерінің талшықтарын ширатып, етікті тігетін берік-бекем жіп-тарамыс, иленген бұзау терісінен шөншік дейтін ыдыс, түйенің аяқ сүйегінен қымыз құятын тостағандар, өгіздің қуық сүйегінен жіңішке мойынды құтылар, құмыралар, табақшалар, кеселер жасаған.

Жеткіншек шағымда әжелеріміздің сүйек майын қалай жасайтынын көріп, қызықтағаным бар. Қыс бойы соғымның әбден мүжілген, тап-таза сүйегін ұқыптап сақтап, жаз айында әбден қайнатып, майын қалқып алатын еді. Бұрынғы уақытта сияны былай жасаушы еді. Бидайды күйдіресің, сонан соң суға саласың, нәтижесінде сия болады. Ал сабын қайнату тәсілі былай: алаботаны өртейсің, күлін суға салып қайнатасың, сүйектің майын қоссаң, төтенше сапаға ие болады. Мұндай іс істегенде бөтен көз болмаған дұрыс. Өйткені ол айнығыш, көз тигіш. «Сабындай бұзылып» деген тіркес осыдан шыққан. Сонан соң кертіп, сыйлас кісілерге үлестіруге болады. Мұны «бұзаушық» деп атайды.

 «Бір күнде мына жусан басып жатқан Қарақорымның ұсталары алдаспан қылышты Ақ патшаның ұсталарынан анағұрлым артық соғатын болған» деп жазған-ды Мағжан Жұмабаев. Халықтың тәжірибесі – телегей. Халықтың таным-түсініктерін, даналық дәрістерін, ой-сарындарын түбегейлі меңгерген зерек білгірлер ауа райын да жүйріктікпен болжаған. «Айдың мүйізі үшкір болса, ауа райы жақсы болады, ал мүйіздері шалқақ болса, ауа райы бұзылады», «Ақпанда жұлдыз жиі көрінсе қыс ұзаққа созылады. Жұлдыздар жымыңдаса боран соғады, жарқыраса аяз болады», «Тышқандар ініне құрғақ шөп тасыса, қыс суық болады», «Қарлығаштар жер бауырлай ұшса – жел соғып, күн бұзылады, биіктеп ұшса – күн ашық, жылы», «Құмырсқалар илеуінен шықпай қойса, жаңбыр жауады. Егер құмырсқалар илеуін биік жерге салса, су деңгейі көтеріледі», «Егер бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады, шетінен ыдыраса, жылынады».

Замана, тарих, халық талқысынан өткен тамыры терең таңдаулы ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтар мен бірегей рухани игіліктер жүйесін ісімізде қолдану абзал. Елбасы «өзгелердің тәжірибесін», «ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігін» айрықша атап, «Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың үлгісі» дейді. Біле білсек, қазақтың өз ата кәсібін, халықтық тәжірибені де кәдеге жаратқан абзал. 

Серік НЕГИМОВ, филология 
ғылымдарының докторы, профессор