Қазақстан • 21 Ақпан, 2018

Ерік Асқаровтың жары: Ерікпен өткізген өмірімді көктемге балаймын

1263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Айтыс десе ішер асын жерге қоятын қауым көнеден келе жатқан өнеріміздің жандануына Ерік Асқаровтың айрықша үлес қосқанын жақсы біледі. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары алмас қылыштай жарқылдап, мірдің оғындай өткір сөздерімен, батыл ойларымен Алматыдағы Республика сарайына жиналған дүйім көрерменді риза етіп, орындарынан сан мәрте тұрғызғаны аңызға бергісіз ақиқат. Бізге ақынның жан жары Нәсіпжан апаймен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Ерік Асқаровтың жары: Ерікпен өткізген өмірімді көктемге балаймын

– Сіз қазақтың аяулы пер­зентімен, айтыс дүлдүлімен бір шаңырақ астында 17 жыл түтін түтетіп, 6 баланың анасы атан­дыңыз. Ағамыз өмірде, отбасында қандай еді?

– Мен Ерікпен бірге өткізген өмірімнің әр күнін көктемге балай­мын. Қысқа ғұмырында талай сәтсіздіктерге тап болып, қанша қиналып жүрсе де, үйге күліп келетін, көңіліндегі кірбіңді сездірмеуге тырысатын. Өте балажан болды. Ұл-қыз­дарын қабақпен тәрбиеледі. Той-жиындарда ортаны қыран-топан күлкіге кенелтетін. «Ерік айтыпты» деген әзіл, қа­ғыт­па әңгімелер ел арасында көп. Ұсақ-түйек шаруаларға аралас­пайтын. Мені «асыл жарым, үш жүзден таңдап алған Нәсіпжаным» деп еркелететін. Ол дүние қумады, нағыз бақыт­ты байлықпен өлшемеді. Кө­мекке мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге, қамқорлық жа­сауға әркез дайын тұратын.

Оның қайырымдылығын ұмыт­па­ғандар әлі күнге дейін алғыс­тарын білдіріп жатады. Мына бір оқиға есімнен кет­пейді. Көк­шетау қаласында тұра­тын­быз. Осындағы төрт бөлмелі пәте­рімізді асырауында екі баласы бар ауған соғысына қатысқан жауынгерге тегін бере салды. «Айтыстың ақберені» оншақты кө­лік ұтып алып, біразын туыс­тарына, таныстарына сыйлады. Бірде «Volvo» маркалы машинасын 15 мың долларға сатпақшы болды. Алушының 11 мың ғана доллары бар екен. Саудаласқан жоқ. «Темір тұлпарыңды» жуар­сың», деп 100 долларын қайтарып берді.

Қарғадайынан қасына ерткен інісі Бекболат Тілеухан – бүгінде ел ағасы. Ағасының өнегесін аузынан тастамайды. Еріктің азаматтық, адамгершілік, мәрт мінез­дері туралы өзгелерден есті­­генде жаным сергіп, марқа­йып қаламын. «Жақсының аты өлмейді» деген осы да.

– Ағамыз жауһардай жазба жырларымен де қалың қазаққа танылып, артына өшпес мұра қалдырды. Әлі жарияланбаған туындылары бар ма?

– «Ақын Қасым Аманжо­ловтан кейін баспана тауқыметін тартқан – менмін», деп айтып отыратын. Алматыда қанша жыл тұрса да көзі тірісінде бір бас­пана бұйырмады. Содан кейін Көкшетау өңіріне қоныс ауда­руға тура келіп, жеті жыл тұр­дық. Осы уақыт аралығында то­ғыз әкім ауысқан қаланың тұр­мысы, тұрғындарының жағдайы айтпаса да түсінікті еді. «Бай­бөрінің боздауы», «Күрсіне бер­ді Көкшенің бұлты арылмай», «Көкшетауға Абылайдай хан керек», «Жолаушының жолы жарты» секілді кесек шығармалары майшамның жарығымен жазылды. Астананың Ақмолаға ауысқанын естіп балаша қуанды. Ойланбастан елордаға аттанды, қызметке орналасты. Көп ұзамай төрт бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Сол кездегі қуанышын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. «Нәсен, енді мені мазалама, Алла жазса, елу жасқа дейін елу томдық кітап шығаруым керек», дейтін. Жазу үстелінің үстінде баспаға әзірлеген бір томдық кітабы, одан өзге «Аэропорттан әрі – аспан» пьесасы және «Абыл атаның әулеті» романы, көптеген естеліктері қалды. 

«Кірлеме менің жүре­гім», «Күз­гі элегия», «Құлын­шақ­та­рым» өлеңдеріне белгілі сазгер Еркеш Шәкеев ән жазды. 

– Туған жері – Мағжан еліне жиі келетін бе еді?

– Кіндік кесіп, балалық шақ өткен қасиетті мекенді жанын­дай сүйетін. Төртінші сыныпта оқып жүргенде «Туған жер» деген өлең шығарыпты. «Мен ертең Қызылжарға тағы аттанам», «Қызылжар», «Қыс болса Қы­зылжарға кеткім келер», «Барады ағып ерке Есіл», «Көргің келсе қар бұрқаған боранды», «Қы­зылжарда биыл тіпті қар қалың» тағы басқа көптеген жырларында перзенттік махаббаты айқын көрініс тапқан. 

Мағжан атамыздың 110 жыл­дық мерейтойына қатысуға аттанар алдында «Нәсен, мен бір жақсы түс көрдім. Мағжан екеуіміз аспанда ұшып жүр екен­біз» деген. Жақсылыққа жорып қойғанмын. Тағдырдың жазуын қарашы, туған жер төсінде мәң­гілік сапарға аттанып кете барды. 

Артында қалың іздеушісі, жоқтаушысы бар, соған шүкір­шілік етемін. «Ерім» дейтін Қызыл­­жардай елі ұмытпапты. Осы жолы арнайы келіп, бір ша­раға қатыстым. М.Жұмабаев ауда­нындағы № 4 қазақ мектебіне атын беру туралы ұсыныс түсіпті. Астана мен Петропавлдың бір-бір көшесі де оның есімімен аталып жатса, көптік етпес еді. 

– Айтпақшы, сіздер қалай таныстыңыздар?

– Мен Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылының тумасымын. Алматыдағы рес­пуб­ликалық эстрада және цирк өнері студиясын домбырамен ән салу мамандығы бойынша бітіріп, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған ансамбльде жұмыс істеп жүргенмін. 1986 жылы айтыс өнері жаңғырып, дүбірлі додаға аудан атынан мені үкілеп қосты. Алматы телеарнасынан таланттыларды іріктеу үшін Жүрсін Ерман аға мен Ерік келіпті. Қиялымдағы жігітті кездестіре алмай жүрген ару едім. «Көр­дім де сені, кеттім мен оқыс оянып» деп Ерік жырлағандай бір көргеннен ғашық болып қалғанымды қайтіп жасырайын?

Қыздарымыз Айдана мен Айсана тұрмыста. Үлкен ұлымыз Сы­рым театрда режиссер. Бекзат – мемлекеттік қызметші. Абы­лайхан – музыкалық редактор. Кенжеміз Еркөкше – тарихшы. Бәрі де өнерге жақын. Өлең де шығарады. Бірақ ешқайсысы әке жолын қумады. Өз таңдауларын жасады.
Бір жағынан, әкелері сияқты сыздаған жараның бетінде жүрулерін қаламағаным рас.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Нұргүл ОҚАШЕВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Солтүстік Қазақстан облысы