Аймақтар • 22 Ақпан, 2018

Халық өз Баян сұлуын іздейді

473 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы түсірілген Баян сұлу туралы картина қалың көрерменнің көңілінен шықпағаны кеше. Көркем туынды болуға таласқан ұлттық арнадағы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телехикаясы қызу пікірталас тудырғанын білеміз. Жаңа фильмге қатысты сыни пікірлер, әсіресе басты кейіпкер Баян сұлудың бейнесіне бағытталды. Қалың көрермен өз қалауындағы шынайы, жырдағы бейнемен ұштасатын қазақ аруын көре алмағаны анық.

Халық өз Баян сұлуын іздейді

Мұның барлығы Баян сұлу деген ардақты атты алып жүрген қостанайлық кон­­­ди­тер фабрикасының да өкіл­дерін ойлантқан көрі­неді. Нәтижесінде, Алматыда бас­пасөз мәслихаты ұйымдас­тырылып, халықтық дауыс беру арқылы ең үздік Баян сұлу бейнесін таңдау шарасы басталғаны мәлім болды. «BAYAN SULU-2018» ха­лық­­тық бейне – халық таң­дауы» атты бас­таманың қоры­тын­дысы 15 сәуірде, яғни Ұлт­тық ға­шық­тар күнінде белгілі болмақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жағдай – қазақ халқының осы тұста өз ойын білдіргісі келгендігінің айқын мысалы және халықтың сүйікті кейіпкерін таңдауға қатысуға ниетті екенін анық аңғартады.

– Біз өзіміздің төл мереке – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» Ғашықтар күні­нің кең насихатталуын қол­даймыз. Сондықтан ашық дауыс беру орынды. Әрі бұл – өткен дәстүріміз бен ұлт­тық негізімізді ұлықтау, – деді «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.

Қостанайлық «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасының өкілі және ұйымдастыру коми­­тетінің төрағасы Мар­лен Абыл­ғазинов: «Біз қоға­мы­мызда шынайы Баян сұлу бей­несін дәріптейтін түсінікті то­лық қа­лыптастыруға үлес қос­сақ дейміз», дейді.

Сонымен сайысқа қаты­су үшін 18 және 35 жас ара­лығындағы қыз-келін­шектер www.halykbayansulu.kz сай­тын­дағы анкетаны тол­ты­рып, өз фотосы және бейне-ақ­па­ратты жүктеуі керек екен. Бей­нетаспадағы бикеш Баян сұлу келбетін және осы бейнені сом­дауға неге өзі лайықты екен­дігін баяндауы тиіс. Сайыс биыл 15 ақпан мен 31 наурыз ара­лығында өтеді. Осы кезеңде интернет қолданушылар өз дауыстарын бере алады.

Халықтың дауыс беру нәти­жесінің негізінде ақтық сынға 5 ару өткізілмек. Әділқазылар алқасының шешімімен бес қатысушының арасынан бір жеңімпаз анықталып, Бас жүл­деге тігілген көліктің кілтіне ие болмақ.

Сайыстағы әділқазылар алқа­сы құрамын қоғам қайрат­керлері, мәдениет және БАҚ өкілдері, сондай-ақ танымал блогерлер мен медиа-тұлғалар құрайды.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ