22 Ақпан, 2018

Экология жылы қоршаған ортаны қорғауға көмектесе ме?

658 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жалпы, өңірдегі экологиялық ахуал сауалнама жүргізбей-ақ бесенеден белгілі. Аймақта өндіріс орындары, кеніштер көп, ашық-шашық үйіліп жатқан өндіріс қалдықтары аз емес. Таяуда облыс әкімі Болат Бақауовтың тұрғындармен есепті кездесуінде осы мәселе сөз болды. 

Экология жылы қоршаған ортаны қорғауға көмектесе ме?

Фото: Валерий БУГАЕВ

Әкімнің тұрғындармен кез­десуі кезінде жергілікті «Эком» қоғам­дық бірлестігінің жетекшісі Све­тлана Могилюк тұрғындардың ден­сау­лығы мен экологиялық жағдай­дың ара­сындағы байланысты зерт­теуді назарға алуды сұрады. Оның айтуынша, бұрнағы жылдармен салыстырсақ, қазір өңірдегі кәсіп­орындардан шыға­рылатын қалдық көлемі 20 пайызға азайған. Соған қарамастан, Павло­дар өңірі жүрек-қан тамырлары, онкология аурулары бойынша респуб­ликада 1-ші орында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл аурулар­ды қоршаған ортамен байланыстырады. Жиында экологтардың өтініші бойынша Болат Бақауов орынбаса­ры Мейрам Бегентаевқа 10 күннің ішін­де үкіме­ттік емес ұйымдармен жиын өткізуді тапсыратындығын айтты.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс­тары басқармасының мәліметінше, аймақта 11 кәсіпорын аумағындағы атмо­сфера құрамы тексеріледі. Кәсіп­орын­дардың сегізі облыс орта­лы­ғында, біреуі Екібастұзда, екеуі Ақсу­да орналасқан. Олардың қорша­ған ортаға залалы күндізгі және түн­гі уақыт­тарда тексеріліп, 11 элемент бо­йынша 7520 сынама алынады. Түсті және қара металлургия, электр, жылу энергиясын өндіру, мұ­най өңдеу өндірісі және басқалары эколо­гия­лық жағдайға кері әсерін тигізу­де. Елімізде қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың төрттен бір бө­лігі облыстың үш қаласына – Пав­лодар, Ақсу және Екібастұз қала­лары­ның үлесінде екенін айта кетейік. Сондықтан атмосфераның ластануы маңызды мәселе.

Басқарма тарапынан өнеркәсіптік аумақтағы ауаның сапасын баға­лау жұмыстары соңғы үш жыл бойы жүргізіледі. Тұрғындардың шағымы кешкі және түнгі уақытта жиілейді. Сына­маларды алу бағдарламасына жыл сайын өзгерістер енгізіліп келе­ді. Сондықтан Б.Бақауов облыс жұрт­­шылығы ауаның тазалығына алаң­­даулы екендігін айтып, барлық ірі кәсіп­орындармен экологиялық жағ­дай­ды жақсарту және ауаға тарайтын қалдықтардың мөлшерін азайту бо­­йын­ша жұмыс жүргізілетінін атап өтті.

Осы жылдан бастап кәсіпорын­дарды жаңғыртудан өткізу кезінде эколо­гиялық жүктемені азайту мәсе­лесі басты орында болады, деді Болат Бақауов. Облыстың 7 ірі кәсіп­оры­ны­мен қоршаған ортаны қорғау сала­сын­дағы ынтымақтастық туралы мемо­­рандумға қол қойылса, алдағы уа­қыт­та тағы да 8 меморандумға қол қойылады. Барлық экологиялық проблемаларды бір жылда шешу мүмкін емес. Бірақ алдағы жылға нақты іс-қимылдар жоспары жасалады. Эко­логия, қоршаған ортаны қорғау үшін бұл бағыттағы бірінші қадам жасал­ды. Облыс орталығының төрт бөлігін­де орнатылған LED-дисп­лейлерден қала тұрғындары ауаның ағым­дағы жағдайы туралы ақпаратты көре алады.

Облыс әкімі есепті кездесу барысында биылғы жылды «Экология жылы» деп жариялады. Ендігі мәселе осы атаулы жылды атына сай атқа­рып, қордалаған мәселелерді нақты іске асыруға тіреледі. Кез кел­ген өндірістің экологияға тиер зарда­бын бәріміз де жақсы білеміз. Өңірдегі бір­неше кәсіпорынға қор­шаған ортаға келтірген залалдары үшін айыппұл да салынды.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, Ертіс өзенінің жай-күйіне қатысты. Облыс орталығы, көптеген аудан орталықтары мен ауылдар осы өзен бойында орналасқан. Ертістің ластануы, жайылымдағы шабындықтарға көктемде жайылған судың қара күзге дейін тартылмауы, жағалаудағы ди­қан­­дардың су тапшылығына ұшы­рауы секілді түйткілдердің түйіні тар­қаған емес. Бұл өзендегі қалыпты жағ­­дай­дың бұзылуы болашақта табиғ­и апатқа әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.

Әрине облыс орталығындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны, тау-тау болып үйіліп жатқан қоқыстың экологияға тигізетін зардабы да аз емес. Осыған байланысты Б.Бақауов бұл үшін алдымен халықты қоршаған ортаны қорғауға бірігіп ат­са­лысуға шақырады.

Жергілікті мәслихат депутат­тары­ның, қоғамдық ұйымдардың, эколог мамандардың бірлескен жұмысы енді қыза түспек. Ең бастысы, «Экология жылы» жалаң дақпырт, пайдасыз жиын­дармен емес, нақты пайдасы бар, жос­пар­ланған жобалармен жүзеге асса игі.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы