Қазақстан • 22 Ақпан, 2018

Қазақстан – БҰҰ: өзара әріптестіктің серпінді жолы

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда БҰҰ-ның еліміздегі алғашқы өкілдігі ашылуының 25 жылдығы атап өтілді. Тәуелсіздік Туын жаңадан көтеріп, өз алдына дербес мемлекет атанған жас Қазақстан Республикасы үшін ол күндердің сағымдай, көрген түстей болып қалғаны рас. Экономикасы құлдырап, азып-тозып тараған Кеңестер Одағының аса ірі әкімшілік-аймақтық бір бөлігі өз бетінше талпынып іс-қимыл жасады. Салтанатты жиын барысында елеске толы 90-шы жылдардағы уақыт кезеңі туралы Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Қазақстан Республикасының сол кездегі тұрақты үйлестірушісі Найджел Рингроуз мырзаның әңгімесі өте қызықты да нанымды шықты.

Қазақстан – БҰҰ: өзара әріптестіктің серпінді жолы

– Біз үшін де, жас Қазақстан мемлекеті үшін де ол жылдар санадан өшпестей із қалдырған, еш ұмытылмас тарихи кезең­дер болып саналады. Әлі есімде, шағын ғана офисте менің бір көмекшім және барлығын қосқанда 5-ақ адам отырушы едік, – деген Найджел Рингроуз тәуел­сіздік шапағымен нұрланған қазақ хал­қы­ның қуанышын көре жүріп, бірге қуа­нып, қуаттай отырып, өздерінің де қа­жырлы істер атқарғанын айтып берді. – Өйткені біздің БҰҰ талаптары­на сәйкес алға қойған мақсатымыз зор болды. Қазақстан Үкіметі бізді жатсын­бай, көмек қолын созды. Ең алдымен бізді қолдап Алматыға ЮНИСЕФ ұйы­мы келді. Содан соң әлемдік банк өз фи­лиалын ашты. Бүгінгі Қазақстан дәл сол бір жылдардағы кездескен алғашқы қиындықтарды мүлдем басынан өткермегендей, тіпті, айналып өткендей көрінеді маған. Бүгін біз осында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір қадамын ерекше атап, жемісті болашақты көздегенінің бірден-бір куәсі болып отырмыз.

Ол кездегі Алматыдағы бірден-бір көрікті ғимарат «Қазақстан» қонақүйі бол­ғаны да ақиқат. Қазақстандағы ең биік мей­манханада ашылған БҰҰ офисінің қыз­меті мен елмен ынтымақтастық жо­лын­­дағы игілікті ісі сол кезеңнен бас­тап тоқ­таусыз жалғасты. Бүгінгі 25 жыл­дық­­қа орай өткен салтанатты жиынның «Қа­зақстан – БҰҰ: тәжірибе, жетістіктер мен ынтымақтастықтың келешегі» аталуы да сондықтан. Салтанатты жиынға арнайы қатысқан Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Біріккен Ұлттар Ұйымына қосылған кезден бас­тап Қазақстан ұйымның белсенді мүшесі әрі сенімді серігі болғанын атап өтті.

– БҰҰ органдары мен бағдарламалары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, бұл дәстүрді күні бүгін одан әрі жалғастыруда. Соны­мен бірге БҰҰ біздің елімізге бұрынғы Семей ядролық полигонын сауықтыру, Арал теңізін қалпына келтіру секілді ма­ңыз­­ды жобалар аясында техникалық және қар­жы­лық көмек көрсетті, – деді министр.

Қазақстанда БҰҰ-ның алғашқы офисі ашылуының 25 жылдығымен құт­тық­­тау­шылар тәуелсіздік бесігі атан­ған Алматы қаласының бүгінде айрықша мәртебе­ге қол жеткізгені туралы айтып өтуді де ұмыт­пады. Өткен жылы Алматының 1000 жылдығы ЮНЕСКО-ның айтулы оқиғалар күнтізбесіне енді, мегаполис осы ұйымның креативті қалалар жүйесіне қосылды.

Құт­т­ық­тау­шылар лебізін жалғаған Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Бай­бек өз сөзінде ЭЫДҰ стандарттарына сай ша­һарда «Алматы-2020» даму бағ­дар­ла­масы­ның белсенді түрде қолға алын­ға­нын, сонымен қатар батыстық стан­дарт бо­­йынша ашық, жайлы әрі қолайлы ке­ңіс­­тік қалыптастыру барысында жүйе­лі оң өз­ге­рістердің жүріп жатқанын атап өтті.

– Бизнесті жеңіл жүргізу мен инвести­ция тарту үшін қаламызда барлық жағ­дайлар жасалуда. БҰҰ-ның даму бағ­дар­ламасымен бірге «Тұрақты көлік» жобасы Алматыда ойдағыдай жүзеге асуда, бүгінгі Алматыда еліміздегі біріккен кәсіпорындардың 40 пайызы жұмыс істейді және халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың 60-тан астам офисі ашылған. Ұйымның Қазақстандағы қызметінің 25 жылдығы барысында БҰҰ-ның өңірлік хабын күзде ашудың жоспарлануы Қазақстанмен серіктестіктің жаңа тарихи жеңісі бола­тындығы сөзсіз, – деді қала әкімі.

Айтулы шараға Қазақстан БҰҰ жанындағы алғашқы тұрақты өкілі, бұ­рынғы Қазақстан Сыртқы істер министрі, арнайы мақсаттағы елші, про­­фессор Ақмарал Арыстанбекова қа­тысып сөз сөйледі. «Қазақстан БҰҰ-мен ынтымақтастықта жоғары деңгейге қол жеткізді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың антитеррорлық коалиция құру бастамасы әлем үшін өте маңызды, өйткені Қазақстанда терроризмге орын жоқ. Қазақстанның қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жөніндегі әлемдегі рөлі өте жоғары. Бейбітшілікті қалайтын барлық әлем жұртшылығы үшін маңыздысы – Қазақстанның осынау бейбіт қадамы», деді Ақмарал Арыстанбекова.

Салтанатты жиынға БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша бас хатшысы­ның арнайы өкілі Наталья Герман, БҰҰ-ның үй­лестіруші-резиденті Норимаса Шимо­мура, БҰҰ-ның өкілдері, Алма­тыдағы ҚХР, АҚШ, Ресей және Франция елдерінің консулдары, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, студенттер қатысты.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ