Аймақтар • 23 Ақпан, 2018

Мәдина Әбілқасымова жұмыс сапарымен СҚО-да болды

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова облыста жұмыс сапарымен болып, бірқатар кездесулер өткізді.

Мәдина Әбілқасымова жұмыс сапарымен СҚО-да болды

Ведомство басшысы жергілікті жерлерде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясын­да атқарылып жатқан іс-шаралармен, жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті жүзеге асырудың тиімді тетіктерімен танысты. Аудан әкім­дерінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жетекшілерінің қатысуымен өткен алқалы басқосуда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресім­деу бойынша жол картасын орындау барысы кеңінен әңгімеленді. 

 Министр кіріспе сөзінде Үкі­меттің кеңейтілген отырысында Елбасы Н. Назарбаев өзін-өзі жұ­мыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастырып, ресми түрде тіркеуге тапсырма бергенін айта келіп, бұл бағытта қыруар шаруалар атқарылып жатқанын жеткізді. Былтыр міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру жүйесін енгі­зуге дайындық кезінде тұрғын­дар­дың мәртебесі деректер база­сында тексерілген болатын. Нәти­жесінде 13,2 миллион адамның әлеуметтік мәртебесі анықталды. Үй-үйді аралау кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 3 миллион адам ресімделсе, 130 мыңдайы – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Салалық ведомство жетекшісі жиналғандардың назарын мәселенің ең өзекті тұстарына аударып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды екі санатқа бөлу керектігін атап көрсетті. Бірін­ші топ – бейресми жұмыспен қамтылғандар, яғни ешқандай еңбек келісімшартынсыз тіркелмеген жеке кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмысшылар. Қызылжар өңірінде олардың саны 39 мыңнан асып жығылады. Бұл санатағыларды ресімдеу орталық деңгейде жүргізілсе, жеңілдетілген салық пен тіркеу, шағын несие беру тетіктерін ке­ңейту қамтамасыз етіледі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған екін­ші топ үшін жергілікті деңгей­де жұ­мысқа орналасуға жәрдем­де­суге нақты шаралар қабылдау қа­жет. Бұлардың саны облыста 36 мың адамға жедеғабыл. Осы рет­те биыл 27,5 мың өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтушы және жұмыссыз жүр­гендерді нәтижелі жұмысқа тартуды қадап тапсырды.

 Облыс әкімінің орынбасары Асхат Сақыпкереев адамдар­ды жұмыспен қамтамасыз етудің мемлекеттік саясатының орындалуы жайлы баяндады. Былтыр 30714 адам жұмысқа орналасқан. Жаңадан құрылған жұмыс орындарына 13492 адам тартылған. Ең­бек нарығында оң ахуал қалып­тас­тыру, көші-қон үдерісін реттеу мақсатымен жол картасы түзіліп, 13,3 мың жұмыссыз бен 14,2 мың өзін-өзі қамтушыны еңбекке тарту қарастырылған.

Министр халық тығыз орна­ласқан, жұмыс күші көп ай­мақ­тардан көшіп келген отбасы­ларды орналастыру, әлеумет­тік көмектер беру шараларын кешенді түрде жүргізуді міндет­теді. Күнгей жақтардан қоныс аудар­ғандарды жұмысқа орналастыру жеткіліксіз деңгейде. 2017 жылы еңбекке қабілетті адам­­дардың жартысы ғана жұмыс­пен қамтылған, деді М.Әбіл­қасымова. Осыған байланысты жұмыспен қамту және еңбек ағын­дарын рет­теуді тиісті дәре­жеде жүргізуді атап көрсетті.

Өмір Есқали,

"Егемен Қазақстан" 

Солтүстік Қазақстан облысы