Қазақстан • 23 Ақпан, 2018

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті

332 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қуаныш Сұлтановтың төрағалық етуімен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. 

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті

Онда есірткінің заңсыз айналымы мен есірткіге тәуелділікке қарсы күрес, нашақорлықтың алдын алуға және азаматтардың денсаулығын сақтау құқығын қамтамасыз ету, саламатты өмір салтын қалыптастыру мәсе­ле­лері кеңінен қаралды. Сондай-ақ халық­тың денсау­лығын сақ­тау және наша­қор­лықтың алдын алу, са­ламат­ты өмір салтын қа­лып­тас­ты­румен қатар, есірткі биз­несі мен на­шақорлыққа қарсы іс-қи­мыл­дың жай-жап­сары талқыланды.

Осы өзекті мә­селелерге байланысты Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Ден­саулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева баяндама жасады. Соңғы кездері арзан есірткі түрлерін сату амалдары тіркеліп отыр. Оны дайындау да, сату да жеңіл көрінеді. Бірақ оны пай­даланған адам бірден ауыр психикалық дертке ұшырайды екен. Ал «Есірткі заттары туралы» заңға байланысты заңда тіркелген есірткілер ғана есірткі заттары болып танылады. Сондықтан жоға­рыда айтылған синтетикалық есірт­кілер тізімде жоқ. 

Баяндамада айтылған мәселе­лерді талқылауға қатысқан сарапшылар нашақорлықтың алдын алу мен емдеу ісі елдің денсаулық сақ­тау саласын дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі болып қа­ла беруге тиіс екенін атап өтті. Осы­ған орай комиссия мүшелері нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу мен оған қарсы шараларды үйлестіру мәселелері жөніндегі комиссияның, облыс­тар, Астана және Алматы қа­ла­­лары әкімдіктері жанындағы нашақорлықпен және есірткі бизне­сімен күрес жөніндегі өңір­лік комиссиялардың на­ша­қор­лық­тың алдын алу, есірт­кіге тәуел­ді адамдарды меди­ци­на­лық және әлеуметтік оңалту қыз­метін жан­дандыру қажеттігін тілге тиек етті.

Шығып сөйлеушілер аталған мәселелерге қатысты алдын алу жұмысы аясында барлық деңгей­дегі әкімдердің, білім беру, денсау­лық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарының назарын балалар­дың, жасөспірімдер мен жастар­дың бос уақытын дұрыс ұйым­дастыруға айрықша бөлу керек­тігін айтты. Сондай-ақ спорт түр­лерімен тегін шұғылдану клуб­­тары желісін, туризммен, дене шынықтырумен және спортпен ай­налысуға арналған секция­ларды дамыта беру қажеттігі ескерілді. Оған қоса он екі жасқа толмаған, аз қамтылған және тұр­мы­сы нашар отбасылардан шық­қан балаларға арналған жазғы де­м­алыс лагерлерін дамыту ұсы­нылды. 

Комиссия отыры­сына заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының өкілдері, ха­лықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, емдеу мекемелердің, адвокатураның және т.б. салалар өкілдері қатысты. Олар жоғарыда айтылған негізгі екі мәселемен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабында көзделген меншіктің конс­титуциялық кепілдіктерін қамта­масыз етудің өзекті мә­селелерін де талқыға салды. Ал комиссияның отырысында тұжырымдалған ұсынымдар Мемлекет басшы­сының, Парламент пен Үкіметтің назарына жолданбақ.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»