Көнеден жеткен құнды сөз

Қазақ халқы мен оның құрамындағы ру-тайпалардың тарихы мен мәдениетінің бастаулары халық әдебиетінен тыс түркі халықтарының арасында мирас болып қалған жазба ескерткіштер, сондай-ақ Орталық Азияны, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінде дүниеге келген көркем, діни, философиялық, ғұмырнамалық, эпистолярлық, тарихи-жылнамалық, этнографиялық, деректік еңбектер арқылы жетті. Солардың бірі – ХVІІІ ғасырда өмір сүрген тарихшы Қожамқұли-бек Баһадүр Балхи Имамқұли құшбегі ұлының «Тарих-и Қыпшақи» атты кітабы. 

Егемен Қазақстан
23.02.2018 2818

Оның өмірі мен қызметіне қа­тыс­ты нақты деректер тым мардымсыз. Де­ген­мен Иранның Хорезм уни­вер­си­те­ті­нің оқытушысы Исмаил Чан­гизи Ар­дакани мәліметтерінде Қожамқұли-бек­тің түптегі Қыпшақ тайпасынан шық­қан ата-бабалары Герат аймағының Түлек қамалына келіп қоныстанған екен. Кейін Орталық Азиядағы Ұлы Моғол империясы, Мәуреннахр мен Иран сефидтерінің арасындағы соғыс-жан­жалдарға байланысты Бабыр әулетінің қызметіне келеді. Нәдір-Мұхаммед хан 1641 жылы қалың әскер­мен Балхты жаулауға келгенде Қыпшақ хан (Сұбханқұли хан – тарих­шы­ның атасы) шахзада Арангзибке қо­сылып бекіністі қорғауға қатысады. Ұлы Моғолдардың билеушісі Шаһ Жаһан уақытша қиындықтарға байланысты 1647 жылғы келісім бойынша Балхты Нәдір-Мұхаммед ханға тап­сырды. Қанһар қаласы да беріліп, оның әмірі Дәулет хан Үндістанға жан сау­ға­лайды. Сөйтіп Сұбханқұли хан Иран се­фидтерінің қолына түседі. Оны отбасымен тұтқын ретінде Мешхед қаласына алып келгендіктен, 1648 жылға дейін сол қалада тұрып қалады. Қожамқұли-бек­тің әкесі сол қалада туып, Имам Риза­ның (Пайғамбар немерелерінің бірі) құр­ме­ті­не орай оның есімін «Имам Құли» деп атайды. Кейін ол (әкесі) туған жеріне қай­тып оралып, Балх аумағының Дерагез уалая­тының билеушісі болып, құшбегі ман­сабын иеленеді. 

ХVІІ ғасырдың аяғында Балхтың айналасындағы көрші елдерде жат пиғылдағы күштер топтасып, аймақ соғыс жағдайында болады. Атап айтқанда, 1693 жылы Үргенш әмірі Арал хан мен Балх әмірі Махмұт Аталық арасында сұрапыл соғыс Бұхарадан 42 шақырым жерде өтіп, алдыңғы хан қаза табады. Бұл шайқас Балх, Бадахшан, Құндыз бен басқа да жақын аймақтардағы ахуалды ушықтырып жібереді. Балхқа қарасты Дерагез уәлаятын билейтін Имамқұли құшбегі аумақ әмірі Махмұт би аталықпен келі­сім­ге келе алмай туған жер, атамекен­нен кетуге мәжбүр болады. Ол отбасымен 1695 жылдың аяғы мен 1696 жылдың басында Бехимаре өзенінің бойында Хеидарабатты бағындырып, же­ңіспен келе жатқан шахзада Аран­гзибтің қосындарына келіп қосы­ла­ды. Оның ұсынысымен Шаһ Жаһан патша әкелі-балалы Қожамқұли мен Иманқұлиды әскери мансаптарға бекітіп, «Қыпшақ хан» деген жанама атау береді. Иманқұли құшбегі Моғол патшасының сарай уәзірі Әмір ханның қызметінде болып, 1116 жылы дүние салады. 

Мұхаммад Азам Шаһ 1707 жылы билікке келгеннен соң Қыпшақ хан­ның жағдайы жақсара түсіп, әскери ман­сабы өсіп, ұлы сардарлардың қата­рындағы Мұхаммад Амин сынды әскербасыларымен жақын араласады. Баһадүр шах І қайтыс болған 1707 жылдан кейін оның ұлдары Жаһандар Шах пен Әзім-үш-Шах тақ таласына түсіп, екі жікке бөлінгенде Қыпшақ хан Дұғлат Кашқари ханмен бірге Жаһан Шаһ жағына қосылды.

Бақталастықтың аяғы соғысқа әкеліп соғып, нәтижесінде Әзім-үш-Шах жеңіліп қаза табады. Оның ұлы Фарох Сиярмен өткен шайқаста Қыпшақ ханның жақтасы Жаһандар Шаһтың ұлы сардары Золфақар хан шейіт болады. Жаһандар Абдассамад ханды Сик қауымының басшысы Грудың жасаған бүлігін басуға жібергенде Қыпшақ хан Абдассамадты қолдап, соның қармағында жорыққа аттанады. Қожамқұли-бек қолбасшылардың сапында қатысқан бұл соғыс ұзаққа созылып, 1714 жылғы бір ұрыста оның мойнынан оқ тиіп (мылтықтан) жарақат алады. Лухкаредегі шайқаста сиктерден басым түсіп, Закария хан есімді сардармен бірге Сахрандағы әмір Мир Жумлеге жеңістің сүйінші хатын алып барды. Аса маңызды жеңістің хабары да, оны алып келген жаралы қолбасшы да әмірдің назарына ілігіп, оның ұсынысымен патша Қыпшақ ханның әскери шенін өсіріп, бағалы сыйлықтар береді. 

«Тарих-и Қыпшақи» Ұлы Моғол империясын Рошан Ахтар БаҺадүр билеген (1719-1748) кезеңде басталып, араға 6 жыл салып толық аяқталды. Сиктермен соғыста ерлігімен танылған Абдассамад Баһадүр-хан патшаға жақындығын пайдаланып тарихшы шығармасының алғашқы нұсқасын бітіріп, толықтырып, екінші нұсқасын жазып жатқан кезінде «Баһадүр» деген атақ берілуіне ықпал етеді. Қожамқұли-бек Балқи Баһадүрдің бұдан кейінгі өмірі мен шығармашылығы көмескіленіп барып, жоғалып кетеді. 

«Тарих-и Қыпшақидың» Санкт-Петербургтағы (Ленинградтағы) Салтыков-Щедрин атындағы қоғамдық кітап­хананың сирек қорындағы нұс­қасын қарастырып, Орта Азия мен Қазақстан тарихына қатысты V бабы­ның соңғы бөлігін аударып, түсі­нік­­терін жазып, алғаш ғылыми пікір білдірген шығыстанушы-тарихшы В.П.Юдин болды. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары өзбек тарихшысы Э.У.Хоршут Қожамқұли-бек Балхидың осы шығармасына қызығушылық танытып, ағылшын нұсқасынан үзінділер аударып, іргелі түрде зерттеулер жүргізді. Ол бұл еңбекті Орта Азия халық­та­рының тарихын жазуда айғақты дерек­кө­зі ретінде қарастырып, Орталық Азия­ға қатысты «Тарих-и Кипчак-хани» – важный источник по истории Сред­ней Азии и Северного Афганистана XVI-XVII вв.» атты іргелі еңбек жазды. Ел тәуелсіздігінен кейінгі жылдары про­фессор Ж.Төлебаева мен тарихшы ға­лым Н.Атығаев осы тақырыпқа қалам тар­тып (В.Юдин аудармасы бойынша), осы­нау тарихи еңбекті отандық ғылыми айналымға енгізді.

«Тарих-и Қыпшақиды» зерттеген ғалымдардың барлығы дерлік еңбектің 7 нұсқасын, яғни Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы РҒА Шығыс­та­ну институты бөлімшесінің қорын­да екі нұсқасы (тіркелу №№ С.433 жә­не С.1864), біреуі Санкт-Петербург мем­лекеттік университетінің қорында (№964), тағы бірі осындағы Салтыков-Щед­рин атындағы мемлекеттік қоғам­дық кітапхананың қорында, бесін­шісі – Өзбекстан ҒА Шығыстану инс­ти­ту­т­ының қорында (№ 4468), алтыншы­сы – Францияның Париж ұлттық кітап­ха­на­сында (№348), соңғысы жоғарыда атал­ған Ұлыбританияның Бодлеан кітап­ха­на­сында (№117) сақтал­ған­дығы туралы ай­тылып, олар ғылыми нысанаға алынып келеді. 

Осы күнге дейін «Тарих-и Қыпша­қиға» қызығушылық танытқан жеке адамдардың, болмаса аудармашы-зерт­теу­шілердің дені осы аталған 7 нұсқаны қарастырып, нысана ретінде пайдаланып, ғылыми ой-тұжырымдар білдіріп келді. Алайда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­ту­тының Қол­жазба және текстология бөлі­мінің мең­герушісі Т.Әлбеков пен ғылыми қыз­меткері Ю.Пилтанның Душанбе қа­ла­сына барған ғылыми іссапары кезін­де Тәжікстанның Ғылым академиясы­нан шығарманың тағы бір нұсқасын анық­тап, көп қиындықтармен электронды көшірмесін елге алып келді.

Ең алдымен, бұл нұсқаның басты ерекшелігін көлемінен көруге болады. Оның көшіруші қойған реттік саны 1006 бетті көрсетсе, кейбір қосарланып, беттелмей кеткен парақтарды есептегенде, жалпы мөлшері 1036 бет. Сол себептен өзге үлгілерге қарағанда осы қол­жазбаға түскен мәтін толық әрі та­рих­шының өзінен бұрын жазылған еңбектерден алынған, естіген, көзімен көрген оқиғалары кең көлемде, мол дерек­тер арқылы жеткізген алғашқы нұс­қаларының бірі деуге негіз бар. Қол­жаз­баның соңында араб тілінде жазыл­ған көшірушінің: «...Осы сөздерді жазушы – Қыпшақ хан (оны Алла Тағала апаттан сақтап, мәңгілік ғұмыр берсін). Осы тарихты жаңа айдың басында асығыс болса да аяқтау ойда болды. Бұл пәленше ұлы пәленше пәленше ұлының хаттағаны [көшіргені]» – деген сөздеріне қарағанда да бұл шығарманың бір ғана көшірме нұсқасы болып табылады. Сондай-ақ шығармамен танысу барысында Қожамқұли-бектің тек жазушы ғана емес, тарихты зерттеуші екендігінен де хабардар боламыз. Бұған автордың шығарманы жазу кезінде өзінен бұрынғы қыруар әдебиеттерді пайдаланып, оларды бір-бірімен салыстырып, айтқан өзіндік ой-пікірлері айғақты дәлел болады. 

Ортағасырлық кітаптардың көп­ші­лігі патшалардың, уәзірлердің, яки жоғары мансаптағы билеушілердің тапсырысымен жазылып, солардың көмегімен жарық көріп, жария болып отырғаны мәлім. Ал дәл осы шығарманың жазылу барысында автор өзіне бағыт-бағдар көрсетіп, кітаптың ішкі құрылымының, мазмұндық жүйесінің сапалы шығуына ақыл-кеңесін беретін, қаржылай көмек бере­тін бірде-бір адам таппағанын өкініш­пен еске алып отырады. Кітапты жазуға өтініш жасап, оған көмек қолын созған адам Пенжаб аймағының билеу­ші­сі Абдассамад хан Баһадүр ғана бола­ды. Сол себепті Қожамқұли-бек алдымен тарихи кітаптарды оқып, оларды өза­ра салыстыра саралап, оған көзімен көр­ген оқиғаларды қосып, кітапты 1720 жылы бастап, 1722 жылдың жамид-әл-әууәл айының 2-сі бейсенбі күні алғашқы нұсқасын аяқтап шыққан. 

«Тарих-и Қыпшақида» оқырман­дар­д­ың барлығына да ортақ жалпылама тарих қарастырылады. Нақтылап айтқанда, адамзаттың жаратылысынан, пайғамбарлардың шежіресінен бас­тап, 1725 жылға дейінгі тарихты қам­тиды. Зерттеушілер ескерткендей еңбек: бата сөзден (фатихадан), бас­тамадан, бес баптан, аяқтама мен қосымшадан тұратын болса, ал баптар өз ішінде бөліктерден, тайпалардан, топтардан, әулеттерден құралады. Бата сөзде Аллаға мінәжат етіп, бастамада автор мен кітапқа байланысты қысқаша мәліметтер келтіріліп, жазылатын кітаптың жүйесі мен мазмұндық құ­ры­лымы беріледі. Алғашқы бапта Исламға дейінгі Мурсал және Ұлы пайғамбарлар мен олардың ізбасарлары, ежелгі дін тарихы, екінші бапта Ислам­ның алдындағы патшалардың жылнамасы, үшінші бапта Исламнан бұрынғы Ажам сұлтандары мен оларға замандас патшалардың шежіресі, төртінші бапта Мұхаммед пайғамбар мен хали­фат­тық билік құрған халифалар туралы, бесінші бапта Ислам дәуірінде салтанат құрған патшалар жөнінде баяндалады. Аяқтамада кітаптың жазылуы, кемшіліктері, кедергі болған қиыншылықтар, көшірушінің түйін сөзі көрсетіледі. 
Қожамқұли-бектің тарихшылық, жазушылық ұстанымдары мен өзіндік амал-тәсілдеріне тоқталар болсақ, ең алдымен, ол өзінен бұрын жазылған еңбек­тер­мен мүмкіндігінше танысып, оларды бір-бірімен салғастырып, қажетті, ақылға сыйымды жерлерін пайдаланып, өзіне ұнамаған жерлеріне жеке көзқарастарын білдіреді. Олардың арасында «Тарих-и Табари», «Тарих-и Санде», «Таж-әл Мааср», «Тарих-и Фируз Шаһи», «Рузат әл-Сафа», «Тарих-и Банакати», «Тарих-и Вассаф», «Тарих-и Хумаюни», «Тазук Темури», «Хабиб ус-сияр», «Тарих-и Рашиди», «Абдулла-наме», «Тарих-е Гозиде», т.б. тарихи жазба жәдігерлер кездеседі. 

Оның екінші дереккөзі – ауызша айтушылардың мәліметтері, яғни мифтік, әпсаналық, хикаяттық, аңыз­дық, ауызекі әңгіме, шежіре ре­тін­де жад арқылы жеткен халық әде­би­­еті. Еңбектің үшінші нысанасы – тарих­шының көзімен көріп, бас­тан өткізген оқиғалары, кездескен, әскери жорықтарды, соғыстарды, сапарларды бірге өткізген тұлғалардың, билеушілердің, әскербасылардың іс-әрекеттерді сақтаған өзінің жады мен сапарнама жазбалары мен күнделіктері сияқты жеке мұрағаты.

Ал шығарманың Душанбе нұсқасы­ның көшірмесі институттың жоспарлы жұмыстарының қатарында елге жет­кі­зі­ліп, ғалымдардың талқысына салы­нып, бұл қолжазба жәдігердің тек Орталық Азия елдерінің ғана емес, қазақ халқының тарихына қатысты тұстары да аса мол екендігі сөз болды. Сондықтан бүгінгі күнге дейін әлемнің ешбір тіліне толық тәржімаланбаған, тіпті түпнұсқа тілінде де басылым көрмеген бұл жәдігерді тікелей қазақ ті­ліне аударып, отандық руханияттың қа­тарына алу туралы ұсыныстар түсті. Нә­тижесінде, арнайы жоба жасалып, ол 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми-зерт­теулерді гранттық қаржыландыру кон­курсына қатысып, жеңіске жетті. 

Қаржы жетімсіздігі аударманың жос­пар­ланған көлеміне де өзіндік әсерін ти­гіз­бей қалмады. Жоспарланған ау­дарманың есімдер, географиялық, этно­нимдік, т.б. көрсеткіштерінің көлемін шектеп, аса қажетті делінген кітаптың V бабының «Түрік, Моғол, Татар, Түркістан хандары мен Шыңғыс ханның дүниеге келуі туралы» 5-бөлігінен бастап енгізуге ұйғарым жасалды. Сол себепті жоба тек Ю.Пилтан, Т.Әлбеков, Н.Елесбай, А.Оралбек сияқты институт қызметкерлерінің күшімен ғана жүзеге асырылып, қолжазба мұраның тікелей аудармасы қалың оқырмандардың назарына ұсынылып отыр.

Еңбекті аудару, баспаға дайындау барысында көрініс берген біршама қиын­дықтарды ескере отырып, ау­дармашылар тарапынан кеткен кей­бір кемшіліктерге оқырмандар тү­сініс­тікпен қарайды деген үмітеміз. Шы­ғармада кездесетін есімдердің көп­шілігі (моңғол, үнді, түріктен өзге) араб атаулары болғандықтан, олардың парсы тілінің заңдылықтарына бағынып, түпнұсқада өзгеше дыбысталып кететін жерлері аз емес. Сондай-ақ ортағасырлардағы билеуші тұлғалар бірнеше жанама, лақап есімдер иеленгендіктен, бір бетте бір адам бірнеше атаумен көрсетіледі. Мұны аңдамаған оқырман оларды бірнеше кейіпкер деп түсінуі әбден мүмкін. Жоғарыда аталғандай Қожамқұли-бек Балхидың тегі түріктектес халықтан шық­қанымен, ширек ғасырға жуық Үндіс­танда тұрғандықтан, оның кейбір атау­ларды, ұғымдарды парсы-үнді немесе таза үнді тілінде жеткізуі де заңды. 

Қолжазбаны тәржімалау кезінде бет­тердің шетіне көшірушінің қосымша жаз­ған ескертпелері сондағы мәтінмен сәйкес келмеуі, беттердің ауысып кетуі, реттік нөмірдің қойылмай қалуы сияқты жайттар жиі қайталанады. Көбінесе мәтін арасында кездесетін өлең жолдарының мазмұндары түсініксіз болып келеді және көрсетілмейді. Аудар­мада өлең мәтіндерінің сөзбе-сөз ау­дар­масы берілді. Сонымен бірге тарихи оқиғаларға, тұл­ға­ларға қатысты деректер нақты дерек­терге сәй­кес келмейтіні де жиі бай­­қалады. Тағы бір қолбайлау болған ке­­дергі, қол­жаз­баның өте көнелігіне, кө­­ші­­рушінің жа­нама түсірген жазуларына, өшіруіне байланысты жекелген сөй­лемдердің, сөздер мен тіркестердің дұ­рыс оқылмай түрлі қиындықтар туғыз­ға­нынан да оқырмандарды құлағдар еткіміз келеді. 

«Тарих-и Қыпшақи» еңбегін аяқ­тар­да Қожамқұли-бек Балхи: «Жазу­шы жағдайының жоқтығынан, қара­жат­­тың кемшіндігінен, қабілет-қары­мы­ның аздығынан, жол азабынан, жалғыздықтың салдарынан шынайы сөзді үлкендердің құлағына жеткізе алмады. [Бұл жазыл­ған­дар] дұрыс па, жоқ әлде дұрыс емес пе, Құдай Тағаланың көмегімен 3 жылда жаңа үлгіде хатқа түсірді. Егер баян­дау кезінде кейбір оқи­ғалар ұмы­ты­лып қалған болса, «Адамның өзі қателіктерден жаратылды», – деп ағынан жарылған екен. Арада үш ғасыр өтсе де тарихшының осы пікіріне біздің де толық қосылғымыз келеді. Алдағы уақыттарда шығарманың барлық нұсқаларын бір жерге топтастырып, бір-бірімен салыс­ты­рып, әдеби-текстологиялық зерттеулер жүргізу арқ­ылы түпнұсқаға жақын нұсқасын анықтап, ғылыми басылымын жарыққа шығару қажет деген ойдамыз. Осы жәдігер ұлт руханиятының бір кем жерін толтырып жатса, мақсатымыздың орындалғаны. 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы

Тоқтар ӘЛБЕКОВ,
филология ғылымдарының кандидаты

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.06.2018

Семейде қала әкімі полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

23.06.2018

Бүгін - Мемлекеттік қызметші күні

23.06.2018

Қызылжарда Мағжан Жұмабаевқа ескерткіш орнатылды

23.06.2018

Семейде суға кеткен Бобровка тұрғындарының үйлері жөнделіп жатыр

23.06.2018

Дипломаттар халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады

22.06.2018

«Нұр Отан» Маңғыстау облыстық филиалы мемлекеттік және полиция қызметкерлерін марапаттады

22.06.2018

Қазақстан мен Ресейдің парламентаралық ынтымақтастығы нығая түспек

22.06.2018

Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы 2020 жылы Азия чемпионатын өткізуге ниет білдіргенін растады

22.06.2018

Маңғыстау облысында «Нұрлы жер» және «Қолжетімді баспана» бойынша отырыс өтті

22.06.2018

Астанада медиабілімнің даму мәселелері талқыланды 

22.06.2018

Солтүстік Қазақстанда бұршақ жаууы мүмкін

22.06.2018

Астана қаласы маңындағы орман көлемі 100 мың га дейін кеңейтіледі

22.06.2018

«Ақтау Теңіз Порты» АЭА мен DP World инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақ

22.06.2018

Қызылорда облысында «Жасыл» технологияларды енгізу бойынша меморандумға қол қойылды

22.06.2018

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Польшадағы Елшісінің брифингі өтті

22.06.2018

Кіші Аралда желкенді кемелер жүзе бастады

22.06.2018

Шымкентте «Миграциялық ХҚО» ашылды

22.06.2018

Астраханьда Астананың 20-жылдығына арналған фотокөрме өтті

22.06.2018

Қызылорда облысында жыл басынан бері 66 млрд теңге инвестиция тартылды

22.06.2018

Мамин Павлодар және ШҚО-ның инфрақұрылымдық жобаларын тексерді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Бас ауырып, балтыр сыздағанда...

Халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау ісі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені дау тудырмайды. Дегенмен қолға алынған әлеуметтік шаралардың ойдағыдай жүзеге асуына кейбір келеңсіз жағдаяттардың кедергі келтіріп, тұрғындардың көңіл-күйіне кері әсерін тигізіп жататыны жасырын емес.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Ақты ақ, қараны қара деген ұтады -Александр ТАСБОЛАТ

Сотқа жүгінбейтін адам жоқ. Бірақ солардың дені «Мен сүттен ақ, судан тазамын» дейді. Яғни «Мен кінәлімін, мен ұры­мын, мен парақормын» деп ешкім айта қоймайды. Және тараптардың қай-қай­сының да сотта келтірген уәждері сенім­ді көрі­неді. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Астық шығымы неге артпайды?

Кейінгі жылдары еліміздің егін шаруашылығы саласына келіп жатқан жаңа технологиялардың нәтижесінде мұндағы еңбек өнімділігінің өсе бас­тағаны белгілі. 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан»

Түркістан – тамырластық тұғыры

Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой, Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңірі берген несібі ғой!

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Әр қазаққа қажет ұстаным

Қазіргі өмір барысына ой жіберіп қараған кезде ақыл-ойымыздың тереңдігіне малданып, сезімтал аңғарғыштығымызды артықшылыққа балайтын жөніміз бар ма? Аға ұрпақ санатына қосылған ендігінің ақсақалы біздер қазақ сөзіне әкелген жаңалығымыз, яғни бейнелі тіркес­теріміз кәне дегенге кесімді жауап беру қиын-ау. Ұлғайыңқы тартқан осынау шағымызда қазақ қарияларының сөз саптау мәдениетін жиі-жиі еске алып, жадыда жаңғыртуға тырысатын дертке шалдықтық. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу