Аймақтар • 23 Ақпан, 2018

Жамбылда атқарылатын жұмыс көп

361 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің халыққа есеп беру кездесуі өтті. 

 

Жамбылда атқарылатын жұмыс көп

Өткен жылы облыстың өнеркәсіп кәсіп­орындары 367,9 миллиард теңге­нің өнімін өндірген. Кен өндіру өнер­кәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемдерінің 12,6 пайызға, өңдеу өнер­кәсібінде 1,6 пайызға, электрмен жаб­дықтау, газ, бу беру және ауаны баптау­да 0,8 пайызға, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда 0,7 пайызға өсуі байқалады. 

2017 жылы негізгі капиталға салын­ған инвестициялардың жалпы көлемі 234,5 миллиард теңгені құрап отыр. Сонымен қатар есепті кездесуде әкім өткен жылы жалпы сомасы 13,0 мил­лиард теңгеге 10 инвестициялық жо­ба­ның іске асырылып, онда 716 жаңа жұ­мыс орны ашылғанын да айтып өтті. 

Сонымен бірге өткен жылдың кей­бір көрсеткіштерінде өндіріс көлемінің төмендегені байқалады. Мысалы, қант өндірісі 22 пайызға, соның салдары­нан тамақ өнімдерінің өндірісі 17 па­йызға азайған. «Амангелді газ» өң­деу зауытында нақты көлем индексі 52 пайызды құраған. Бұған себеп – ірі өндіріс орындарында жоспарлы жөн­деу жұмыстарының жүруі, шикі­затты өңдеуге тапсырыстың болмауы. Осын­дай жағдайлардың алдын алу үшін экономиканың барлық секторында тұ­рақты бақылау-талдау жүргізілуі тиіс. Ол үшін тиісті басқармалар, әкімдер мен кәсіпорындар арасында әріптестік байланысты бір жүйеге салғанымыз дұрыс. Екіншіден, кәсіпорындардың жұмысын тұрақтандыру қажет, ол үшін мәселелер зерделенуі тиіс. Кәсіпорындарды қай­та жаңғыртып, олардың қуаты мен жүк­темесін көтеру бойынша нақты межеленген жоспарлар қабылдау қажет. Жоспар қатаң бақылауда болуы керек. Сол үшін, мамандарды тарта отырып, өнеркәсіп саласының аймақтық картасын әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Оған тұрып қалған, жаңғыртуға жататын кәсіп­орын­дар енуі тиіс.

Карта өндіріс орындарының пас­портын қалыптастыру нәтижесі бойынша әр ауданның экономикалық және ресурстық әлеуетіне негізделген жобаларды қолдауға бағытталатын болады. Мәліметтерге сүйенсек, жыл басында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіп­керлік субъектілерінің саны 58 мың бірлікті құрап отыр. Олардың жалпы саны 9 пайызға артқан. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 285 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 0,7 пайызды құраған, деді әкім өз сөзінде. 

Сонымен қатар А.Мырзахметов аг­­­рар­­лық саладағы еңбек өнімділі­гін арт­­­тыруға және экспортты ұлғайтуға үлкен мүмкіндік бар екенін, өткен жы­лы ауыл шаруашылығында 255 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 5,5 пайызды құрағанын, сондай-ақ сала­ға 24,7 миллиард теңге инвестиция тар­тылғанын да айтты. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 11,8 миллиард теңге субсидия бөлінген. Пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу ар­қылы ауылшаруашылық дақылдары ор­на­ластырылған алқаптар 6,2 пайызға ар­тып, 630 мың гектарға жеткізілген. 

Есепті жылы мал шаруашылығының барлық санаттарында ет өндіру, сүт, жұмыртқа, жүн өндіру көлемі ұлғайған. Барлық мал саны көбейген. Алайда облыста қолайлы жағдайларға қарамастан, жеміс-көкөніс, алма, жидек өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың тап­шылығы байқалады. Осы мәселеге назар аударуымыз тиіс. Соның ішінде агро­индустриялық аймақ құру мәселесін қолға алу қажет деп санаймыз. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары 2-4 есе артығымен орындалған. Осы орай­­да, тірі салмақтағы ет өнімдерін өнді­ру­ді 127 мың тоннаға дейін, сүтті 311 мың тон­наға дейін, экспорттық ет өнім­дерін 2,4 мың тоннаға дейін жеткізу қажет.

Себебі өнеркәсіптегі кәсіпорындар сияқты ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін де кәсіпорындардың жүктемесі төмен. Соның бірі мемлекеттік бағдар­ламаның көмегімен 2,5 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған, тәулігіне 40 тонна ет өнімдерін шығара алатын «Оңтүстік-халал тағамдары» шикізаттың жетіспеуінен толық түгіл, жартылай қуатына шыға алмай тұр.

Өндіріс орындары мен шикізат дайын­дайтын, әсіресе ұсақ шаруашылықтарды өзара байланыстыратын жұмыстарды ұйым­дастыру қажет. Жер мәселесіне келсек, облыс аумағының 72 пайызын тауар­лы ауылшаруашылық өндірісін дамы­туға қолайлы жерлер алып жатыр. Аграр­лық салаға инвестициялар тарту мақ­сатында 295 мың гектар жер әлеуеті анықталған. Осы жерлерді, аймақ­тың климаттық ерекшелігін ескере отырып, қажет деген жобаларға ғана беру қажет. Бүгінгі күнге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 828 гектар жер бөлінген. Жайылымдық инфра­құрылым объектілерін дамыту және қай­та жаңғырту мақсатында өткен жылы 223 дана ұңғыма пайдалануға бері­ліп, жоспар артығымен орындалған. Бар­лық жоспарланған шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облыс­тың өңірлік жалпы өніміндегі ауыл­шаруа­шылық өндірісінің үлес салмағын 25 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, – деді Асқар Исабекұлы. 

Әкім есепті кездесуде денсаулық, білім, әлеуметтік салалардағы жетістік­тер­ді де саралап, нәтижесін жариялады. Бұдан кейін облыс тұрғындары әкімге көкейде жүрген сауалдарын жолдап, лайықты жауаптарын алды. Бүгінгі таң­да облыстық тарихи-өлкетану музейі ғи­ма­ратының сын көтермейтіні, жалпы, Жамбыл өңіріндегі мәдени нысандардың жай-күйі жиі айтылады. Осы мәселені Қазақстанның құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет көтерді. Осы орайда А.Мырзахметов расында да өңірге жаңа музейдің қажет екенін, енді оны қалай, қай жерден салу мәселесін ойлас­тырып жатқанын жеткізді.

Бүгінде Сарысу ауданындағы ең өзек­ті мәселенің бірі көгілдір отын. Облыс орталығынан шалғай жатқан аудан­ға осы уақытқа дейін мүлде газ бар­маған. Аудандық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Құдайберді Әбілов 45 мың тұрғынның уәжін облыс басшысына жеткізді. Өз сөзінде әкім тиісті министрілікке бұл мәселе бойынша өтінім берілгенін, Сарысу ауданына газ кіргізу жұмыстары биыл басталып кетуі мүмкін екенін айтты. Ал Тараз қаласының тұрғыны Алпысбай Смайлов көне шаһарда ешқандай демалатын орынның жоқ екенін, сонымен қатар Жамбыл темір жол вокзалы алдын­дағы сквердің де тозығы жетіп тұр­ғанын, енді осы мәселелердің қашан рет­­ке келетінін айтып, сұрақ қойды. Бұл орай­да Асқар Мырзахметов Тараз қала­сын­­дағы Бауыржан Момышұлы сая­бағы­­нан Даңқ мемориалын салуды, қала ішін­­дегі саябақтарды қалпына келтіруді, тіпті болашақта мәдени кешен құруды жос­­пар­лағанын айтты. Ал об­лыс­тық мәс­­ли­хаттың депутаты Гүлжан Тілеу­бер­диева «Меркі-Шу» тасжолының тозығы же­тіп, бүгінде сын көтермейтінін облыс басшысының назарына ұсынды. Өз сө­зінде Асқар Исабекұлы Шу ауданына бар­ған сапарында осы мәселені арнайы зер­де­легенін, енді ағымдағы жылы ол жол­дар­дың жөнделетінін айтып, жауап берді.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы