26 Ақпан, 2018

Емле, ережелер сапалы жасалуы тиіс

588 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әліпбидің тағдырына ешкім бейжай қарай алмайды. Оны зерттеу де бүгін басталған жоқ. Тамыры терең тарих беттерін парақтасақ, бұрын латын қарпі қолданылғанын айқын аңғаруға болады. Егемендік алып, етек-жеңімізді жиғаннан бері осынау маңызды мәселе біраз айтылып келеді. Оған көшкен көршілес, түркілес елдердің тәжірибесі зерделенді. 

Емле, ережелер сапалы жасалуы тиіс

Жақында латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің нұсқасы ресми түрде бекітілді. Бұған дейін бұл мәселе мамандар мен жұртшылық арасында бірнеше мәрте талқыға түсті. Әрине бастапқыда халық тарапынан диграфтарға қатысты сын-пікірлер көптеп айтылды. Өйткені қандай әліпби болса да, әуелі дыбыстық жүйемізге сай келуі тиіс. Содан кейін ноқатпен берілген нұсқа да көп талқыланды. Әлеуметтік желілерде де қоғам ашық түрде өз пікірін білдіріп, кейбір кемшіліктерге қатысты орамды ойларын дәлелдеді. Ал Елбасы Жарлығымен бекі­тіл­ген латын қаріптері едәуір жөнге кел­­ті­­ріліп, қолданысқа ыңғайлан­ға­нын атап айтқан жөн.

Рас, мұны да қатып қалған қағида деуге болмайды. «Көш жүре бара түзеледі» демекші, алда­­ғы уақытта тікелей қолданып, сынақ­­тан өткен кезде де біздің өл­шем­ге қаншалықты шақ ке­ле­тіндігі анықталады.

Ендігі мақсат – емле, орфо­гра­фиялық, орфоэпиялық ереже­лері­мізді өте сауатты, әрі сапалы етіп жасау. Сондай-ақ басқа тілден енген кірме сөздерді, терминдерді де икемдеп жазу міндеті тұр. Әлем халқының қолданысындағы кей­бір сөздерді бар дыбыстармен жа­зып үйренуіміз керек. Демек, әлі де жасалатын жұмыстар көп. Өткен ға­сырдың сарқыншағы, яғни, тілі­мізге үстемдікке жол беріл­меуі қажет. Біз қазақ әліпбиінің бо­ла­шағы жарқын екеніне сенімдіміз.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

терминолог ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор