Аймақтар • 26 Ақпан, 2018

Спорт мектептері колледжге айналады

619 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жыл­ғы 5 ақпандағы нөмірінің «Парламент» бе­тінде Мәжіліс депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің Мәдениет және спорт министрі­не жолдаған сауалы жа­рияланған еді. Онда депутат Қара­ғандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы облыстық  спортқа бейім балаларға арналған мектеп-интернаттың мәселелерін көтерген. Осы спорт мектебін бітірген түлектердің көбі аз қамтылған отбасылардан шыққандықтан ЖОО-ға түсе алмайды, ал спорттық шебер­ліктерін кейінгі жастарға үйретейін десе, дипломдары жоқ. Сондықтан спорттан орнын таба алмай, басқа салаларға кетіп жатыр. Осы мәселені шешу үшін спорт­тық мектепті колледжге айналдыру керек, сонда оқу орнын бітірген балалар әрі қарай оқымаса да спорттан қол үзбей жат­тықтырушы, нұсқаушы сияқты қызметтерге тұра алар еді. Серік Сә­пиев өзінің сауалында осындай мәселе көте­ріп, бұл ұсынысты Мәжілістегі тағы бір Олим­пиада чемпионы Ольга Шишигина да қолдаған.

Спорт мектептері колледжге айналады

Міне, осы сауалға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан жуырда төмендегідей жауап келді:

«Мәдениет және спорт министрлігі сіздердің әр облыста мектеп-интернат-колледж ашу туралы сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлайды. Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың 2018 жылғы 3 қаңтардағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған интернат-колледж­дерінің үлгісі бойынша облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарды қайта құруды ұйымдастыру және Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, Астана қаласында аталған білім беру ұйымдарын ашу туралы тапсырмасын орындау және ортаңғы буындағы жаттықтырушылар кадрларын тиімді пайдалану мақсатында министрлік 2018 жылғы 16 қаңтардағы бұйрығымен оларды қайта ұйымдастыру жөнінде комиссия құрды.

Қазір Ақтөбе облысы әкімдігінің Есет батыр атындағы спорт мектеп-интернатын «Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» деп өзгерту туралы қаулысы бекітілді. Бүгінгі күні онда «жаттықтырушы – оқытушы» мамандығын даярлау бойынша бір топ жасақталып, студенттер білім алып жатыр.

Қызылорда облысында әкімдіктің қау­лысына сәйкес, Жалаңтөс Баһадүр атын­дағы облыстық спорт мектеп-интернатын олимпиадалық резервтің облыстық маман­дан­дырылған мектеп-интернат-колледжі ретінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Павлодар, Ақмола  облыстары мен Алматы қаласында да осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақ­стан облыстарында бұл жұмыстар енді қол­ға алынуда. Ал Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақ­стан об­лыс­тары бұл істі алдағы уақытта қарас­ты­­ра­тындығын хабарлайды» делінген жауапта.

Сөйтіп, Ә.Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернаты енді спорттық кол­ледж болып қайта құрылып, бітірген түлектеріне орта деңгейдегі маман куәлігін қоса тап­сыратын болады. Бұл алыс аудандардан келіп, оқып жатқан аз қамтылған отбасы­лар балаларының ауылдарына барып спорт­тық нұсқаушы, жаттықтырушы болуына ың­ғайлы жағдай туғызары сөзсіз. Сол игілікті іске Мәжіліс депутаттары да елеулі үлес қос­қаны көрініп тұр.

Дайындаған

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар