Аймақтар • 26 Ақпан, 2018

Мұнайлы ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық балы өтті

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұнайлы ауданындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беру орта мектебінде тәрбие жұмысының жылдық жоспарына сәйкес мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қайырымдылық балы өткізілді. Қайырымдылық балы қоғамда шапағат, адамгершілік және риясыз өзара жәрдем құндылықтарын бекітуге, тұрақтылықтың, қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірліктің маңызды факторлары ретінде Қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы жағдайына қамқорлық көрсетуді күшейтуге бағытталған.

Мұнайлы ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық балы өтті

Ауданда алғаш рет ұйымдастырылған шараға Мұнайлы аудандық әкімдігі мен Мұнайлы аудандық жастар  ресурстық орталығы қолдау көрсетсе,   «Өркен» аула клубы,  «СRISTALS BRIDAL» қалыңдық салоны, «Дәстүр» мейрамханасы,  құс фермасы, «Маңғыстау Ағайын Жарнама» жарнамалық-өндірістік компаниясы, «PROMAX» фотостудиясы демеушілік танытты.

Мерекелік шараның басты қонақтары ретінде Маңғыстау ауылынан – 43, Басқұдық ауылынан – 21, облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатынан – 16, барлығы   90 бала шақырылды.

Қайырымдылық балына түскен 462352 теңге көлеміндегі қаржыға  әрбір балаға «аққу жүнінен жасалған көрпе» сыйға берілді, сондай-ақ келген бүлдіршіндерге «Дәстүр» мейрамханасы  ақ дастархан жайды.

Шарада мүмкіндігі шектеулі балалардың арманын орындауға талап жасалды. Мысалы, өз аяғымен жүре алмайтын Аристанов Дінмұхаммедтің болашақта футболист болғысы келетіндігі жөнінде бейнеүзік көрсетіліп, оған «Қайрат» футбол командасының белді ойыншысы өзімен аттас Дінмұхаммед Сүлейменов ағасынан бейнесәлемдеме мен футболшылар киімі, добы тосын сый ретінде табысталды. Ал, облыстық мүмкіндігі шектеулі балалар мектеп интернатының оқушысы, болашақта мұнай саласының қызметкері болуды армандайтын Аманов Айбектің  бала арманы орындалсын деген ниетпен «Маңғыстау түбегі және ондағы қазба байлықтар» жайлы кітап сыйға беріліп, одан ары осы оқушының орындауында ым-ишарамен «Вальс» әні шырқалды.

Қазақстанда тұратын әрбір бала қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті, қала берді өнерімен сусындап өсуі тиіс. Осы орайда облыстық мүмкіндігі шектеулі балалар мектеп-интернатының бүлдіршіндері «Жайлау», «Қызғалдақ» билерін көрермен назарына ұсынды.

№5 орта мектептің 8-сынып оқушысы Алжан Мирас болашақта құс фермасын ашуды армандайтындығын бейнеролик арқылы жеткізген болатын. Мирастың осы арманын орындағысы келген жеке кәсіпкер ағасы Есен Боранбайұлы оған екі экзотикалық құсты сыйға тартып, болашақ кәсібінің негізін қалап бергендей болды. 

Аталған шара бұдан әрі туылғанынан жарық әлемді көре алмай жүрген кішкентай Исаева Әдемінің болашақта үлкен сахнада өнер көрсетіп, әнші болғысы келетіндігі және елімізге танымал «Сәт» триосындағы әнші ағаларымен суретке түсуді қалайтындығы жөніндегі бейнеүзікпен жалғасын тапты. Бала арманы сол сахнада шынайы орындалды десек те болады. Яғни, Әдемінің орындауында «Әке-ана» әні тыңдалды және «Сәт» триосындағы Сапар ағасы осы қайырымдылық балына арнайы қонақ ретінде шақырылып, балақаймен естелік суретке түсті, сонымен қатар, өнерпаз ағасы келген балаларға ақ тілегін білдіріп, әннен шашу шашты.

Мұнайлы аудандық мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс бөлімшесі мен облыстық мектеп-интернатының педагогтары оқушылар жасаған қолөнер бұйымдарынан көрме жасады, соның ішіндегі 5 үздік бұйым аукционға салынып, одан түскен қаржы көпшілік алдында қолөнер иелеріне табысталды. Аукционға салынған қолөнер бұйымының ең жоғары бағасы 7000 теңгені құрады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

 Маңғыстау облысы