Қазақстан • 27 Ақпан, 2018

Астанада «Зәйтүн бұтағы» операциясы туралы жиын өтті

538 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык Африндегі «Зәйтүн бұтағы» операциясы және аймақтағы ахуал туралы баспасөз жиынын өткізді.

Астанада «Зәйтүн бұтағы» операциясы туралы жиын өтті

Жиын барысында елші Сириядағы іс-қимылдар жөнінде әңгімелеп, елдегі мәселені шешудегі Астана процесінің маңызын атап көрсетті. Ең әуелі Н.Уянык Африндегі әскери операцияның мақсатын түсіндіріп өтті.

«Түркия қарулы күштері шекаралық аймақтарда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Сирияның солтүстік-батысында орналасқан Африн аймағында «Зәйтүн бұтағы» әскери операциясын бастады. Оның мақсаты – ДАИШ (ИЛИМ), YPG, PYD секілді бірқатар террористік топтарға тосқауыл қойып, достас әрі бауырлас елдің халқын содырлардың қысымынан құтқару. Осы операция БҰҰ жарғысының 51-бабына сай «Өзін-өзі қорғау құқығы» шеңберінде және Қауіпсіздік Кеңесінің терроризммен күреске қатысты қарарларына сай жүргізілді», деді Н.Уянык.

 Елшінің сөзіне қарағанда, осы іс-қимылдардан кейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Африндегі жағдайға қатысты жалған ақпараттар қаптап кеткен. Осыған байланысты елшілік тарапы мәселенің мән-жайын ашып түсіндіруді жөн деп тауыпты.

Дипломат Сирия дағдарысы басталғаннан бері Түркияның ұстанымынан айнымай, елге көмек қолын созып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда елдегі жағдайы реттеу үшін Женева келіссөздеріне, Астана процесіне кепіл-мемлекет ретінде қатысып отырғанына да тоқталды. Сириядан босқан 3,5 миллион халық Түркияда бас сауғалап жүргенін де сөз етті. Елшінің айтуынша, «Зәйтүн бұтағы» операциясы кезінде бейбіт тұрғындар мен діни орындар, мәдени нысандар, тарихи және археологиялық ескерткіштерге зақым келтірмеу үшін сақтық шаралары қарастырылған.

«Операция басталғаннан бері Түркия әуе күштері террористік ұйымдарға тиесілі 782 нысан жойылған. Бұдан бөлек екі мыңнан астам лаңкестің көзі құртылды. Қақтығыс барысында қарулы күштеріміздің 32 сарбазы мерт болып, 183 жауынгері жараланды. Іс-қимылдар кезінде халықаралық қоғамдастық тыйым салған оқ-дәрілер қолданылмайды. Мұндай қарулар Түркия арсеналында жоқ», деген елші «Зәйтүн бұтағы» операциясының маңызын түсіндірді.

Н.Уянык Африндегі әскери іс-қимылдардан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жалған ақпараттың тез тарап жатқанына қынжылыс білдірді. Осыған қатысты елшілік тарапы арнайы презентация әзірлеген екен. Брифингте бұл мәліметтер де журналистерге көрсетілді. Елшінің сөзіне сай, террористік ұйымдардың өкілдері әлеуметтік желіні белсенді қолданып, жалған жаңалықтарды жиі-жиі жариялайды.

Осы орайда, елші Сириядағы дағдарысты реттеудегі Астана процесінің нәтижелерін ерекше атап көрсетті. Оның пікірінше, жанжалдасқан тараптар тұңғыш рет Астанада келіссөздері кезінде бір үстел басына жиналуы – Қазақстанның бастамаларының маңыздылығын көрсетеді. Сирияда деэскалация аймақтарын құру жөніндегі шешім де елдегі ахуалды қалпына келтіруге айтарлықтай үлес қосатынына да сенім білдірді. Сондай-ақ Н.Уянык кепіл мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кездесу алдағы наурызда Астанада өтуі мүмкін екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, Н.Уянык Түркияда демалыс маусымы кезінде туристерге қатаң тексеру жүргізілмейтінін хабарлады. Оның айтуынша, кейінгі екі жылда ел аумағында ешқандай террористік шабуыл болған жоқ.

«Түркия туристер үшін ең қауіпсіз аймақ саналады. Қазіргі таңда терроризммен күрес шекаралық аймақтарда ғана емес, бүкіл елде жүргізіліп жатыр. Сондықтан жағдай тұрақты екеніне бәс тіге аламын. Қазақстандық туристерді елімізге қонаққа келуге шақырамыз», деді Н.Уянык.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»