Қазақстан • 28 Ақпан, 2018

Әр сабақтың өз орны бар

571 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірер ай бұрын ұжымды мектеп басшысы мынадай жаңа­лық­пен таныстырды. Алдағы оқу жылы­нан бастап, бірқатар пән­дер­дің сағат саны қысқаратын бо­лыпты.

Әр сабақтың өз орны бар

Соның ішінде биология, химия, физика, математика, тарих, география, қазақ, орыс, ағыл­шын тілдері сияқты негізгі пәнд­ер де бар. Алайда мектепте оқытылатын әр сабақтың өз орны бар. Туған елінің әдебиеті мен тарихын, географиясын білмеген жастың қалай болатынын көріп жүрміз. Ендігі жерде еліміздің географиясы оқытылмаса не болады? Жер шарындағы кез келген шөлді білгенмен, өз еліндегі көлді білмейтін ұрпақтан не күтуге болады? «Туған жерінің қара тасын мақтан етпеген жан, өзге елдің алтын тасын мақтан етіп жарытпайды», деген-ді Қаныш Сәтбаев.

 Жақында аудандық басылым­нан мектеп мұғалімдеріне жария­ланған конкурсты оқыдым. Ауда­нымыздағы 5 мектепке химик, 3 мектепке географ, 2 мектеп­ке биолог, 1 мектепке физик керек екен. Бұлардың дені – негізгі мектептер. Негізгі мектеп­те биологтың жүктемесі – 8, географтікі – 10, химиктікі – 5 сағат. Орта мектептегі химиктің жүктемесі – 9, физиктікі – 12 сағат. Сол жүктеме 2-3 сағаттан азайса, кім мұғалім болады? Бола қалғанда, жалақысы қандай болады? Жарайды, бірер сағатты факультативі мен кабинетіне деп қосар. Қалай десек те, айлығы мар­­дымсыз ғой. Қазірдің өзінде мұ­­ғалім жетіспейтін жерлерде амал­­сыздан басқа пәннің маманы сабақ беріп жүр. Бұдан кейін білімнің сапасы бола ма? Оңтүстік Қазақстанның мектептерінде көп мұ­ғалім аз ғана жүктемемен жұмыс істеп жүр деген дерек бар. Басқа өңірде де мұндай жайт жоқ дей алмаспыз. Ертең мұғалімдеріміз жұмыссыз қалмай ма? Министрлік мұны қалай шешеді? Жалақыны көбейткенмен, сағатты азайтса, не өзгеретінін түсіне алмай отырмын. Бәрібір негізгі мектепте 5 сағаттық жүктемемен жүрген жас маманның алатын ақысы аз.

Былтырдан бері мұғалімдердің апталық жүктемесі 16 сағат болады деген сөз шықты. Бұрын бір сабаққа бір бет жоспар жаз­сақ, енді екі-үш есе артты. Сон­дық­­тан қиындығы еселенген жа­ңа фор­матқа соның өзі де көп секіл­ді. Негізі, 12 сағат жеткілікті болар еді. Біріншіден, оқудың сапа­сы артады. Екіншіден, кейбір сабақ­та­р­дың сағат саны қысқарса, мұ­ғалімдер зардап шекпейді. Яғ­ни, сабақтың сағаты азайса да, жа­лақы азаймайды. Артылған сағаттардың есебінен шығатын бос жұмыс орындары болады.

Әрине, білім саласындағы кем­ші­ліктер басылымдарда кеңінен жа­зылып жатыр. Екпін түсіріп айтар жайт, жаңаруға ешкім де қарсы емес. Ұстаздар тек жаңалықтардың жағ­дайға сай жүргізілмегеніне қын­жылады. Өркениетті елдер­де, ең жоғары жалақы мұға­лім­дер­ге төленеді. Біздің мек­теп­тің де, университеттің де оқы­ту­шы­ларының жүктемесі шетел­ден үш-төрт есе көп. Ал мате­ри­­алдық базасы көш кейін. Екі жыл бұрын еліміздің шалғай ауыл­дарындағы барлық мектеп ғаламторға қосылады деген еді. Әлі күнге мектебімізде дирек­тор­дың қабылдау бөлмесіндегі интер­неттің өзі арасында тоқтап қа­лады. Аристотель хәкім: «Қоғам­дық пікір мемлекет саясатын ай­қын­­дауы тиіс» деген екен. Білім жә­не ғылым саласының басшылары ұстаздардың тілегін ескерсе дейміз.

Серік ЗИЯТОВ,

 Бұлан орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы,

Сырым ауданы