Білім • 28 Ақпан, 2018

Технологиялық дамуға жол ашады

338 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кешегі кеңестік кезеңде ақпараттық технология бойынша білім алған ең алғашқы мамандардың бірі ретінде жаңа бетбұрыс кезеңіне бастай­тын қа­дамды қуанышпен қабыл­да­дым. Бүкіл техника саласын­да еңбек етіп жүрген маман­дар­дың, инженерлер қауымы­ның бұл қадамды қуаттай­ты­нына еш күмәнім жоқ. Жаһан­дану дәуірінде өмір­дің қажет­ті­лігінен туын­дап отырған бұл мәселе Пре­зидент Н.На­зар­баев­тың соңғы Жолдауына өзек болған «төр­тінші өнеркә­сіп­тік революция» талаптары­мен, Қазақстан үшін жаңа цифр­лан­дыру кезеңі­нің басталуы­мен де қабы­сып, толықтай үй­лесімін тауып отыр. Ақпа­рат­тық техноло­гия­­лар дәуіріне қа­рышты қа­дам жа­саған Қазақ­стан­ның жа­ңа жа­һан­дық болмысты қабыл­дауы­на, әлемде бо­лып жат­қан өзгеріс­терден тыс­­қары қал­мауына латын гра­фи­касының да тигізетін кө­ме­гі мен пайдасы аз болмақ емес.

Технологиялық дамуға жол ашады

Қоғамда латынға көшу туралы қозғалыс басталғалы бері ұсынылған ондаған жобалардан бастап, кешегі 19 ақпан күні Елбасы Жарлығымен бекітілген нұсқаға дейінгі барлық жобаларды мүмкіндігінше қадағалап, танысып отыруға тырыстым. 32 дыбысты таңбалаған 32 әріп жалпы алғанда, көңілімнен шықты. Ең алғашқы ұлттық әліп­биіміздің авторы Ахмет Бай­тұр­сынұлының төте жазуға не­гізделген әліпбиімен жас кү­німнен жақсы таныс едім. Тіл білгірі түзген 29 әріп пен төл дыбыстарымызды ай­қындайтын дәйекше бәрімізге бел­гілі. Сондағы «ә», «ө» секіл­ді төл дыбыстарымызды кес­кін­деген дәйекше менің көңіліме алабөтен жақын еді және жо­ба­ларды талқылау жүріп жат­қан кезде «шіркін-ай, сол дәйек­шелерді неге қолданысқа ен­гізіп, қабылдамасқа» деген пікі­рімді әр жерде айтып та жүрдім. Соңғы бекітілген өзгерісте ең алдымен сол дәйекшелер көзіме оттай басылды. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі қолайлы көрінді, сонысымен бәрімізге ұнады және осы нұсқаны толық қолдаймын. Бірақ әлемдік қоғамдастықта жеке-дара емес, өзге шет мемлекеттермен де өте тығыз бай­ланысып, өмір сүріп жатқан­дық­­т­ан, бұл әліпбиді әлі де жетіл­­діре түсу керек деп ойлай­мын. Мысалы, «бір дыбыс – бір таң­ба» жүйесі бойынша бар­лық әріптер бір таңба­мен, дәйек­шелердің көмегімен таң­ба­ланып келеді де, «ш» мен «ч»-ға келгенде бұл қағидат бұзы­лып, екі әріпті диграфтық тәсіл­мен қосақтап қойғаны көңілім­нен шықпады. Бұл шешімнің негізгі дыбысты жеткізуде дәл, нақты емес екені өз алдына, жұртты шатастыруға алып баратыны анық. Сондықтан бұл түпкілікті шешім болмауы тиіс, әлі де білікті тіл мамандарының кә­сіби ұсыныстарына құлақ асып, мемлекетшілдік мүдде тұр­ғы­сынан қарап, кең ауқымда ке­ңе­сіп, ойластыруды қажет етеді.

Ең бастысы, бұл әліпби жа­ңа технологиялардың тілін мең­геру жолында жұмыс іс­тейтін техника саласындағы ма­ман­дардың келешегіне даңғыл жол ашып беретін болады. Техникаға байланысты ғылыми еңбектер, мақалалар, күнделікті ақпараттар латын графикасы арқылы тарайды. Кириллицада жүрген кездің өзінде-ақ өзге саладағы әріп­тес­теріндей емес, техника жағын­да жүрген мамандарға латын қарпімен тікелей бетпе-бет ке­ліп, жұмыс істеуге тура келе­тін жағдай жиі туындайтын. Қажет­тілік бұрыннан бар еді, бірақ ол кезде мүмкіндік болмады. Сол себепті бұл қадам бізге көп же­ңілдіктер туғызып отыр. Бұл барша қазақстандықтардың әлемдік ақпараттық кеңістікте емін-еркін жүзіп, жұмысының сапасы жақсаруына, жаңа технологияға тәңірідей табынып отырған өркениет көшінен қалмауға кең-мол мүмкіндік туғызған маңызды қадам болуымен қуантады.

Ұлықпан СЫДЫҚОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

АЛМАТЫ