Қазақстан • 01 Наурыз, 2018

Қазақстан кәсіподақтары федерациясының өкілдері зауыт қызметімен танысты

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудағы үлгілі кәсіпорындардың бірі – Астана қаласында орналасқан Локомотив құрастыру зауыты. Кәсіпорын қызметімен танысқан Қазақстан кәсіподақтары федерациясының өкілдері осы тұрғыдағы зауыт тәжірибесін басқа да кәсіпорындарға тарату қажеттігін айтады.

Қазақстан кәсіподақтары федерациясының өкілдері зауыт қызметімен танысты

Өйткені еліміздегі еңбек қауіпсіздігіне жасалған талдау бойынша жыл сайын 2 мыңға жуық адам өндірістік жарақат алып, 200-ден астам адам қаза болады. Осы орайда Қазақстан Кәсіподақтар федерциясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым өндірістік кеңестердің жұмысын бақылау күшейтіліп жатқанын атап өтті. 2016 жылы бекітілген жаңа Еңбек кодексінде еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатындағы құрал ретінде алғаш рет Еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер енгізілді. Бұл заңнама бойынша өңдірістік кеңестің шешімі жұмыс берушілер үшін міндетті және оны орындамаған жұмыс берушілер жауапқа тартылады. Біз өндірістік кеңестерге жаңа қарқын беруіміз тиіс. Сондықтан бүгінде жергілікті бастауыш және салалық кәсіподақтарға көп көңіл бөлініп отыр, деді Б.Әбдірайым.

«Локомотив құрастыру зауыты» бүгінге дейін 300-ден аса тепловоз жасап, Қазақстан мен ТМД елдеріндегі локомотив парктерінің жаңаруына үлкен үлес қосты. Зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағасы Нұрлыбек Жұмаштың айтуынша, кәсіпорындағы өндірістік кеңес екі жылдан бері жұмыс істейді және іс жүзінде еңбек қауіпсіздігін бақылаудың кепіліне айналды. Кәсіпорын Елбасының қатысуымен 2009 жылдың шілде айында ашылғаннан бері кәсіподақ ұйымы да жұмысшылар мүддесін қорғап келеді. Зауытта еңбек ететін 600 адамның 99 пайызы кәсіподақ ұйымына мүше. Жуырда 2018-2020 жылдарға арналған ұжымдық шартқа зауыт басшылығы мен салалық кәсіподақ ұйымы арасында қол қойылды. 2015 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Ең үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша марапатталған кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымының мүшелері сол деңгейден төмендемеу басты мақсат екенін айтады.

Қазіргі кезде Қазақстанда 12 мың өндіріс кеңес құрылса, оның ішінде 581 өндіріс кеңес қана шынайы сектордағы кәсіпорындарда қызмет ететінін айта кеткен ләзім.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»