Медицина • 02 Наурыз, 2018

Қазақ әжемнің қойнында өскен қыз едім

1213 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біздің әке-шешелеріміз, аталарымыз көрген тақсіретті күндерді басынан өткермеген адам біле де, түсіне де бермейді. Ол да бір өткен дәуір. 

Қазақ әжемнің қойнында өскен қыз едім

Сонау Қиыр Шығыстан 1937 жылы 100 мыңдай корей халқы Қазақ же­ріне әкелініп, тақыр далаға қой­дай тоғы­тылып тасталынды ғой. Өз жерін­де өз таршылық көріп отырған ха­лық­қа біздің мұңымыз қосылды. Қазақ пен корей тағдырлас болды. Бар­лық қиындықты да, қызықты да, аш­тықты да, тоқтықты да бірге көріп келеміз.

Өткен жылы біздің Қазақстанға қоныс аударғанымызға 80 жыл толды. Осындағы ақсақалдарымыз бастап­қыда бұл жылды қалай атап өтеміз деп ойласқан. «Бұл сексен жыл­дық біз үшін қайғылы дата ма, әлде қуанышты күн бе?» деген сауалдардың болғаны рас. Сосын жөн білетіндеріміз «Осы елде өстік-өндік. Балалы-шаға­лы бол­дық. Үйлі-күйлі, бақуатты өмір сүріп жатырмыз ғой» деген ұйға­рым­ға келіп, оны бірнеше күнге созылған ауқымды республикалық мерекеге айналдырдық. 

Бұл аралықта қазақ халқының өзі де талай қиындықты еңсерді. Егемен ел болды, еңселі мемлекетке айналды. Шүкір!

Биыл осымен үшінші рет аталып отырған Алғыс айту күнінің біз үшін маңызы айрықша. Біз өзіміз өсіп-өніп отырған елімізге рахметті басқаша сезіммен айтамыз. Тебіреніп айтамыз. Шүкіршілікпен айтамыз. Басқа қандастарымыз сияқты емес, дәл Қазақ жеріне тап болғанымызға қуанып айтамыз. Қазақстанға күш­теп қоныс аудырылған корейлер түге­лі­мен дерлік аман. Тілін де, ділін де, мә­дениетін де жоғалтқан жоқ. Жер­гі­лікті дәстүрлерді бойымызға сіңірдік. 

Біздер жаңа мереке – Алғыс айту күнінің қадірін білетін ұрпақ­пыз. Сондықтан бұл мейрамды Алма­ты­дағы мәдени орталықтардың өкілдері, көшбасшылары бірлесе атап өтеміз. Қазақтан жұққан қонақжай­лығымызды көрсетеміз. Бізді ауыр жылдардан алып шыққан қазақтың осы қасиеті. 
Тәуелсіздік келген кезде де Қазақ­станды басқаруға Құдай жақсы адамды берді. Елімізді басқарып отырған Президентке біз сенеміз. Неге? Айна­ладағы елдердің барлығында болдым. Жағдайларын көріп жүрміз. Әрине, бұл ол елдерде жаман адамдар жиналған, жақсылардың бар­лығы Қазақстанда тұрады деген сөз емес. Халық – барлық жерде халық, барлық жерде бірдей. Біз сияқты адамдар. Бірақ бәрі адамның ниетіне бай­ланыс­ты. Қазақтар айтқандай, Құдай­дың көрсеткен жолымен жүріп келе жатырмыз. 

Орайы келіп тұрғанда, ылғи да қазіргі жастарға, өз бала-шағама айтып отыратын естеліктерді тірілт­кім келеді. Сонау Қиыр Шығыстан 1937 жылы бүкіл корейлер көшіріл­ген. Ар жағында Жапония жатыр... Корейлерді түрі жапондарға ұқса­ған соң сенімсіз халық ретінде депорта­циялаған. Бір күн, бір түннің ішінде ұлардай шулатып, тауар таситын пойыздарға халықты тиеп, көшіріп жіберген. Қазақстанға 100 мыңдай корей әкелінген. Өзбекстанға екі есе көп қандастарымыз кеткен. Әке-шешем ол кезде жап-жас екен. Мен сол пойызда Қызылорда облысының Шиелі ауданына жетпей туыппын. Шешемнің айтуынша, вагонда біреу нәрестені ора деп жейдесін шешіп беріп, біреу шүберегімен бөлісіп, дүниеге келген көрінемін. Вагон ортасында пеш болған, соның жанына жас босанған шешемді отырғызып қояды екен. 

Пойыз үш ай дегенде Қызылорда өңіріне жетеді. Алғашқыда біздің үлкендер адам тұрмайтын жерге келдік пе деп ойлайды. Бұларды 5-6 үлкен кісі атпен келіп, алыстан бажайлап тұрады. Біздің ақсақалдар барып сөйлеседі. Анам бертінде 97 жасында қайтыс болды. Бірақ өле-өлгенше сол кезде қазақ пен корейдің шалдары қалай түсіністі екен деп таң қалып кетті. Олар корей тілін, біздің аталарымыз қазақша білмейді. 

Сол кезде қазақтарға «адам жегіш­тер» көшіп келді деген сөз жетіпті. Содан қазақтар аттарымен бұрылып кетіп қалады да, біраз уақыт өткен соң көбірек болып қайтып келеді. Соңдарынан бала-шаға ере келген. Пойызда сартап болып келген корей балалары қазақ балаларымен бірден қуаласып ойнап, күле бастайды. 

Қайтып келген қазақтар нан, тос­тағанға салынған сүзбе, шүберекке түйілген тары, біреу жалғыз жұмырт­қа алып келеді. 1937 жыл. Ол кезде кім бай дейсің? Үйлерінде барын бала­ларының аузынан жырып әкелген. Біздің адамдардың біреуі жалғыз жұмыртқа әкелген қазаққа күлсе керек. Сол кезде біздің ақсақалдар: «Тауығының бүгін тапқаны жалғыз жұмыртқа шығар? Неге күлесіңдер? Мұндай адамдарға басымды имейміз бе?» деп тыйып тастайды.

Содан бір қазақ жаңа босанған менің шешемді үйіне алып кетеді. «Бай екен ғой», деп менің ата-анам сол қазақтың соңынан ереді. Келсе жапырайған там. Даладан бірден үйге кіресің. Бұрыштағы шымылдықтың ар жағында жаңа үйленген келін-баласы, одан бері үлкендері жатады екен. Менің шешемді пештің түбіне орналастырады... 

Көрмеген жер, білмейтін ой-шұңқырда босқан корейлер қалай күн көріп кеткен десеңізші. Шиелі жақта қамыс көп өседі. Қиыр Шығыста да күн ызғарлы. Корейлер сондай жартылай жертөле сияқты «қанны» қазып, астынан ирелек жылу өтетін жүйе жасайды. Соны қамыспен жылытып, аман қалған. Әйтпесе, көр­пе-жастық мүлде жоқ қой. Күріш егеді, сор жерлерді өңдейді. Әкем – Александр Хан, шешем – Ким Марияның қазақ жеріндегі өмірі осы­лай басталады. Аталарымыздың да сүйегі Қазақстанда қалды. Менен кейін әке-шешем 5 ұлды болған. 

Ұлы Отан соғысы жылдарында кеудеге дейін су кешіп, күріштің масағын тердік, күрмек жұлдық. Ол кезде 5 жастағы баланы жұмыс істе деп ешкім қинамайды. Бірақ еңбек­ке араласқан адамдардың бар­лы­ғына тегін тамақ беретін. Бәріміз­ге оңай болған жоқ. Қазір Ұлы Отан соғысының теңестірілген ардагерімін.

Құдайға шүкір! Өзім Алматыдағы бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетінің дипломын алдым. Біраз қызметтер атқардық. Бауырларым да аман-есен, жоғары білімді. Әкем қазақ мектебінде орыс тілі пәнінен мұғалім болды. Өмір деген қызық. Әкемнің 16 құрсақтан жалғыз аман қалған Әбжәми Байшақов деген досы болды. Әке-шешесі менің әкемді «Құдай бізге тағы бір бала берді» деп қатты жақсы көріпті. Содан әкеміз Әбжәми әкеміздің ауылынан бір-ақ шығады. Мен мектепке барғанша сол Әбжәми әкенің ата-анасының қолында өскенмін. Ол кісілер мені қатты жақсы көруші еді. Орталарына алып жатады. Әжемнің мойнынан құшақтап жатсам, атам маған қарап жатшы деп жалынады. Атама қарап жатайын десем, мұрты тікенектей, иіскесе бетіме батады. Әжем: «Атаңа қарап жата тұр, ұйықтаған соң, маған қарап жатасың» деп құлағыма сыбырлайтын. Мұрын жарған таба нанның иісінен оянатын едім. Сүт піскенде, қаймағын жеймін. Өзімнің ағаш табақ, ағаш қасығым бар. Осылай өстік. Біздің үлкен кісілердің барлығы өле-өлгенше басқа елге кетпей, Қазақ­станда қалғандарына қуанып өтті.

Бұл – қазақтың қанға сіңген, құрсағында пайда болған қасиеті. Меніңше, дұрыс. Сондықтан қазақ халқы­на осындай ел берді, жер берді. Бәрі­мізді бір шаңырақтың астында татулас­тырып отырған Президент берді. 

Сон­дықтан амандықпен атқан әрбір таңымыз, тату күндеріміз, дос-жаран­­дарымыз үшін өсіп-өніп отыр­ған елімізге неге Алғыс айтпасқа?!    

Клара ХАН, 
«Қазақстан-Корея» достық 
коғамының президенті

АЛМАТЫ