Кино • 02 Наурыз, 2018

«Қазақфильм» Азия-Тынық мұхит аймағындағы киноөндірушілер федерациясының мүшесі атанды

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ТМД елдері арасынан бірінші болып Азия-Тынық мұхит аймағындағы киноөндірушілер федерациясының мүшесі атанды. Киностудияның федерация құрамына кіретіні туралы шешім басқарма мүшелерінің Бейжіңде өткен «Азия-Тынық мұхит аймағындағы елдердің кино саласындағы бірлескен ынтымақтастығы – 2018» атты Х съезінде айтылды. 

«Қазақфильм» Азия-Тынық мұхит аймағындағы киноөндірушілер федерациясының мүшесі атанды

Азия-Тынық мұхит аймағы киноөндірушілер федерациясын 1954 жылы Гонконгтың танымал кинематографисі, меценат, медиамагнат, Қытай кино­өндірісінің бастауында тұрған Шау Ифу құрған. Феде­рацияның негізгі бағыты – киноөндірісті дамытудағы ық­палдастық, Азия-Тынық мұхит аймағындағы елдер кино­герлері арасында достық қарым-қатынасты нығайту, сонымен қатар, Азиядағы ең ірі кинофестивальді дәс­түр­лі түрде өткізіп тұру. Кине­матографиясы дамыған, әлем мойындаған Жапония, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Кореямен қатар, федерация құрамына, ки­ноөнері қарқынды дамып келе жатқан Аустралия, Жа­ңа Зеландия, Малайзия, Таи­ланд, Вьетнам, Индонезия, Сингапур, Филиппин, Иран, Пәкістан секілді 24 мемлекет мүшелікке енген. Қазақстан кинематографистері үшін бұл жаңаша даму, жаңа бағыт. Бұл киноөндірістегі жаңа технологияларды игеру үшін және федерация мүшелігіндегі елдермен бірлескен жобаларды іске асыру арқылы сол елдің кинонарығына ену үшін таптырмас мүмкіндік. 

Айта кетелік, соңғы жылдары халықаралық ынтымақтастық бағытында киностудия бірнеше жобаны орайлы жүзеге асы­ра бастады. 2017 жылы «Қа­зақфильм» үндістандық кинематографистермен бірлескен жобаны іске асырған болатын. «Қазақфильмнің» қатысуымен еліміздің көрікті жерлері көрініс тапқан режиссер Сачиндра Шарманың «Love you family» атты туындысы алғаш рет тек қа­зақ тіліне тәржімаланып, «Ту­ған үйім – тірегім» атты атау­мен отандық кинопрокатқа жібе­ріл­ді. 

Сондай-ақ киностудияның өндірісінде Азия-Тынық мұхит елдері киноөндірушілері федерациясына тағы бір мүше мемлекет – Қытаймен жобасы бар. «Композитор» фильмі Екінші дүниежүзілік соғыста Алматыда өмір сүрген қытайлық композитор Си Син Хай мен қазақтың ұлы композиторы Бақытжан Бай­қадамовтың достығы туралы баяндайтын көркем туынды. 

Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің киноөндірушілер федерациясына мүше болу «Қазақ­фильмге» бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл киностудияның басым­дық беріп отырған бағыт­тарының бірі. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ