Әлем • 05 Наурыз, 2018

Ресейдің ішкі және сыртқы тіршілігінде қандай бағыттарға басымдық берілмек?

953 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің басты стратегиялық серіктестерінің бірі, солтүстіктегі көршіміз Ресейде болып жатқан саяси оқиғаларға әрдайым жіті назар аударып жүруіміз маңыз­ды. Сондықтан бүгін біз Ресей басшысының өткен аптада өз халқына арнаған жолдауына аз-кем шолу жасауды жөн көрдік. Сонымен Ресей президенті өз жолдауында не деді? Елдің ішкі және сыртқы тіршілігінде нендей бағыттарға басымдық берілмек?

Ресейдің ішкі және сыртқы тіршілігінде қандай бағыттарға басымдық берілмек?

В.Путин өз сөзінде мемлекеттің ал­дын­да тұрған маңызды міндет ретін­де халықтың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуды атап көрсетті. Алдағы бірнеше жылдың ел болашағы үшін маңызды болатынын жеткізген Ресей президентінің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда елге келетін басты қауіп – түрлі салаларда артта қалу. Ел экономикасының тұрақтылыққа бет алғанын айта отырып, В.Путин осы сәтті даму үшін тиімді қолдануға шақырды.

Мәселен, биылғы 1 мамырдан бастап Ресейде ең төменгі жалақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейіне теңестіру көз­делген. В.Путиннің айтуынша, бұл төрт миллионға жуық тұрғынның жағ­дайын жақсартуға көмектеседі.

Сондай-ақ ол әлеуметтік көмек жүйесін қайта қарастырып, елдегі жұмыс күшін көбейтуді қолға алу керек екеніне тоқталды. «Былтыр еңбек жасындағы халықтың саны миллионға азайды. Алдағы жылдарда мұндай тенденция сақталып қала береді. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге кедергі келтіреді. Сондықтан Ресей халқының табиғи өсімін жолға қою керек», деді В.Путин.

Әлеуметтік саланы дамыту үшін Ресей президенті балабақшамен қам­та-ма­сыз етуді тапсырды. Оның айтуын­ша, а­лдағы үш жыл ішінде елде 270 мың орын ашылуы керек. Осыған байла­ныс­ты өңір­лерге қазынадан 50 мил­лиард рубль бөлін­бекші. Бұдан бөлек ол қариялардың әлеуметтік жағдайына алаңдаушылық білдірді.

Сондай-ақ В.Путин халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету төңірегінде де әңгімеледі. Оның келтірген деректеріне қарағанда, 2017 жылы үш миллион адам жаңа баспанаға қол жеткізген. Осыған байланысты Ресей басшысы жыл сайын бес миллион тұрғынды үймен қамтамасыз ету қажеттігін мәлімдеді. Бұдан бөлек, қолжетімді баспананың деңгейін жоғарылату үшін маңызды үш мәселені атап көрсетті. Олар: халықтың табысын көбейту, ипотекалық несие берудің пайызын азайту және тұрғын үй нарығын кеңейту.

«Қазіргі таңда Ресейде жылына 80 миллион шаршы метр үй салынады. Ендігі жерде құрылыс көлемін арттырып, оны жылына 120 миллион шаршы метр­ге дейін жеткізу қажет. Бұл оңай шаруа емес, бірақ заманауи технологиялар мен  құрылыс компанияларымыздың қары­мын ескерсек, мұны еңсеруге мүмкін­дік бар. 2024 жылы бүкіл ел аумағын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтама­сыз етеміз. Халық саны 250-ден аса­тын елді мекендер арасындағы  талшықты-оп­тикалық байланыс желісінің құрылысы аяқталады. Солтүстіктегі, Сібірдегі және Қиыр Шығыстағы ауылдарға ресей­лік жер серігі арқылы интернет жеткізіледі», деді ол.

Алдағы басты басымдықтар ретінде В.Путин сапалы медицина қызметін дамытуды атап көрсетіп: «2019-2024 жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту үшін ІЖӨ көлемінің төрт пайыздан астамын бөлуге тура келеді. Бірақ біз ол соманы 5 пайызға дейін жеткізуді көздейміз», деді РФ Президенті.

В.Путин елдегі инфрақұрылымды кеңейтіп, қайта жаңғыртудың басты міндеттердің бірі екенін мәлімдеді. Оның сөзіне сүйенсек, Ресей әлемдегі көлік тасымалының үздігіне айналуы тиіс. Осыған байланысты ол өңір­лер мен қала басшыларына жол құры­лысының сапасын жақсартып, жаңа технологияларды қолдануға тапсырма берді. Бұл мақсатты орындау үшін ел қазынасынан 11 триллион рубль қарастырылады.

«Еуразиялық жүк тасымалының тамырына айналуымыз қажет. Қазір­дің өзінде «Еуропа – Тынық мұхиты аймағы» дәлізінің басты бөлігіне айналатын автокөлік жолы салынып жатыр. Қытай мен Қазақстандағы әріптестеріміз өз жұмысын толық аяқтады. Ондағы бөлік пайдалануға берілді. Біз жеделдетуіміз қажет», деді В.Путин.

В.Путиннің айтуынша, Ресей қазір­гі таңда халықаралық ұйымдар­дың жұмысына белсене араласып келеді. Мәселен, ЭЫДҰ, БҰҰ, Шанхай ынты­мақ­­тастық ұйымдармен әріптес­тік аясы кеңейген. Сонымен қатар АҚШ және Еуропалық одақпен өзара ықпалдастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Тіпті кей мәселелерде көзқарастары сай келмесе де, әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілік үшін жұмыс істейтін серіктес болып қала беретінін де мәлімдеді.

«Еуразиялық экономикалық одақ­тағы әріптестерімізбен бірге ұйым­ды бәсекеге қабілетті етуді көздейміз. Күн тәртібінде ортақ электр энергиясын, мұнай мен мұнай өнімдері, газ нарығын құрып, кедендік қызметті жақсарту тұр. Еуразиялық үлкен әріптестік орнату бойынша жұмысымызды жалғастыра береміз», деді В.Путин.

Сонымен қатар ол қорғаныс сала­сындағы жетістіктерге де тоқталды. Мәселен, америкалық зымыраннан қорғаныс жүйесінің күшейтілгеніне байланысты ресейлік баллистикалық зымырандар оны айналып өтетін жүйемен жабдықталатынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, қанатты зымырандар және сүңгуір қайықтар платформасында әрекет ететін баллистикалық емес ядролық кешендердің жаса­лып жатқанын, олардың таяу уақытта қарулы күштер сапына қосылатынын жеткізді.

Сонымен қатар Ресей президенті кәсіпкерлікті дамыту мәдени-ағарту­шылық бағдарламалар, білім салалары, экономикалық саясат және жаңа технологиялар жөніндегі ахуалды баяндап, жоспарымен бөлісті.

Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жыл­­дарында Қазақстанның барлық бастама­ларын қызу қолдап, саяси-эконо­ми­­калық салада сенімді әріп­тесі болып келе жатқан, екіжақты ынтымақ­тас­тық­тың дамуына барынша мүдделі, халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде елімізбен ауызбіршілігі жарас­қан Ресейдің алдағы уақыттағы іс-қимылының жобасы В.Путиннің жолдауында осылайша көрініс тапты.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»